Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Безбен
  • 21 Қараша, 2023

Әлихан Смайылов Николя Бланшемен кездесті

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен ХВҚ-ның республикадағы миссиясының басшысы Николя Бланше Қазақстан мен Халықаралық валюта қоры арасындағы таяу және орта мерзімді перспективаға арналған ынтымақтастық жоспарларын талқылады.

Кездесу барысында Үкімет Халықаралық валюта қорымен серіктестікке үлкен мән беретіні және оның Қазақстан экономикасын дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалайтыны аталып өтілді.

Биылғы маңызды оқиғалар – Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристалина Георгиеваның Қазақстанға сапары және Алматыда Кавказ, Орталық Азия елдері және Моңғолия үшін әлеуетті дамыту жөніндегі өңірлік орталықтың ашылуы болды.

Әлихан Смайылов атап өткендей, бүгінде ел экономикасы жаңа жағдайларға бейімделіп, тұрақты өсім көрсетуде.

Атап айтқанда, 10 айдың қорытындысы бойынша ЖІӨ өсімі 4,9%-ды құрады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 12,6%-ға өсті.

Бұл алдағы уақытта, атап айтқанда, 2024 жылы оң динамика үшін қажетті шарт болып табылады.

Сонымен қатар Үкімет пен Ұлттық банктің бірлескен шараларын жүзеге асыру нәтижесінде инфляцияның айтарлықтай баяулауы байқалады.

Үкімет басшысы халықаралық рейтингтік агенттіктердің Қазақстанның тәуелсіз несиелік рейтингін инвестициялық деңгейде растағанын айтты.

Сондай-ақ қазан айында Moody's агенттігі рейтинг бойынша болжамын «тұрақтыдан» «позитивке» дейін жақсартты.

Премьер-Министрдің сөзінше, қазіргі уақытта Қазақстанда салық-бюджет саясатын жетілдіру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

Бюджеттік процестерді оңтайландыруға, бюджетаралық қатынастарды жақсартуға және жалпы мемлекеттік қаржыны басқару сапасын арттыруға бағытталған жаңа Бюджет кодексі әзірленуде.

Бұдан бөлек, жаңа Салық кодексі жасалып жатыр.

«Біздің басты міндетіміз – макроэкономикалық тұрақтылықты және тұрақты экономикалық өсуді әрі қарай қамтамасыз ету. Осы тұрғыда Халықаралық валюта қорына тұрақты қолдау көрсеткені үшін ризашылығымызды білдіреміз», — деді Әлихан Смайылов.

Өз кезегінде Николя Бланше Қазақстанның болашақта ауқымды экономикалық өсуге қол жеткізуі үшін қуаты мен мүмкіндіктері жеткілікті екенін атап өтті.

«Біз республиканың қарқынды өсу жолындағы амбициясын көріп отырмыз және қол жеткізген жетістіктерін ескереміз. Прогресс көптеген салада байқалады. Бұл өсімге қандай жолмен қол жеткізілетіні өте маңызды. Біз кеңестеріміз бен ұсыныстарымызда дәл осы жолдарды көрсетеміз. Біздің ойымызша, жеке сектор мемлекеттің қолдауымен жетекші рөл атқаруы керек», — деді ХВҚ-ның Қазақстандағы миссиясының басшысы.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстанның қаржы секторын одан әрі жетілдіру және дамыту үшін өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екендіктерін растады.

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

208 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз