Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 27 Қараша, 2023

Атырау, Арқа, Алатау, Алтайдай жер қайда?!.

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ,

«Ana tili»

Біле білсек, туризм көл-көсір табыс көзі. Бірақ бұл сала Қазақстанда қаншалықты өркен жайды? Біз туризмнен қаншалықты пайда тауып отырмыз? Әрине аталған сала енді дамып келе жатыр. Бір ғана мысал...
 

2022 жылы Түркия туризм саласы бойынша әлемде үшінші орын алған. Дерекке жүгінсек, 2020 жылы елге 51,4 миллион турист келген. Бұл рекордты көрсеткіш. Рас, 2019-2021 жылдар аралығында әлемді жайлаған індеттің салдары туризм саласына да кері әсер етті. Дегенмен бұл сала бойынша Түркияда ілгерілеушілік бар. Ел билігі болашақта 90 миллион туристің келуіне мүмкіндік жасап, кірісті  2028 жылға қарай 100 миллиард долларға жеткізуді жоспарлап отыр.  Ашығын айтсақ,  Түркия туризм мәселесін 1980 жылдардан кейін қолға алған. Қазір туристердің келу көрсеткіші жөнінен түріктер  Франция, Испаниядан кейін үшінші орында. Ал Орталық Азия елдерінің ішінен Түркияға Қазақстаннан келушілер көп. Жыл сайын түрік еліне 750-800 мың қазақстандық барып, демалып қайтады. 
Әрине, шетелге барып, қыдырып, ем алып, демалып қайтқан жақсы. Бірақ Қазақстанда туризм саласына қаншалықты назар аударылып, мән беріліп жатыр?  Жылына біздің елге қанша турист келеді? Әрине өзімізді түріктермен салыстыра алмаймыз. Десек те, туризм саласына Қазақстанда жеткілікті дәрежеде инвес­тиция тартылып жатыр. Атап айтқанда қандай? 
Министрліктің дерегіне сенсек, 2020 жылдан 2022 жылға дейін Қазақстанның туризм саласына 4 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды. Сонымен қатар, аталған кезеңде елімізде 400-ден астам туристік нысан салынды. Биыл 288 миллиард сомаға 115 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып жатыр, олар 14 мыңнан астам төсек-_орын және 1,5 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындарын құрайды.
2023 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстандағы туристік қызметтен түсетін салық түсімдерінің көлемі шамамен 208 млрд теңгені құрады. Бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстыр­ғанда 10,4 пайызға артық. 
Сондай-ақ 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында еліміздің қонақ үйлері туристерге 98,7 млрд теңгеге қызмет көрсетті. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 45 пайызға артық. Ал осы жылдың алғашқы 6 айында орналастыру қызметін пайдаланған ішкі туристер саны 3,1 млн адамға жетті. Бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстыр­ғанда 400 мың адамға көп. Экотуристер саны 2 миллионға дейін өсті. Орта есеппен алғанда алыс шетелден келген бір қонақ Қазақстанға 1500 доллар табыс әкеледі.
Әрине, мұның барлығы кешенді түрде жасалып жатқан жобалардың нәтижесі. Қазір  елімізде туризм саласындағы кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдаудың 7 шарасы жүзеге асырылып жатыр.
Олар – әрбір шетелдік турист үшін туроператорлардың шығындарын субсидиялау, балалар үшін Қазақстан бойынша авиабилеттердің құнын субсидиялау (Kids Go Free бағдарламасы), кәсіпкерлерге тау шаңғысы жабдықтарын, көлік құралдарын сатып алуға (25%), жол бойындағы сервис, туристік нысандарды салуға және реконструкциялауға шығындардың бір бөлігін (10%) өтеу, сондай-ақ субсидиялар, санитарлық-гигиеналық тораптарды ұстауға (айына 83 300 теңге) арналған шаралар. Сондай-ақ қазір туристік кэшбек тетігі әзірлену үстінде, соның арқасында Қазақстан азаматтары ел ішінде саяхаттау кезінде тур құнының бір бөлігін қайтара алады.
Ал еліміздің қай қаласына туристер көбірек келеді? Бұл орайда Алматы қаласы көш бастап тұр. Биылғы бірінші жартыжылдықта Алматыға келген туристердің жалпы саны 972 157 адамға жеткен. Оның ішінде шетелдік туристердің саны — 261 571 адам. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 72,6 пайыз көп. Ал ішкі туристер саны 710 586 болып, 14 пайызға өсті. Келушілердің ең көбі Ресейден — 39,2%, Қытайдан — 9,2%, Үндістаннан — 7%, Түркиядан — 6,6%, АҚШ — 3,4%, Оңтүстік Кореядан — 3,2%, Өзбекстаннан — 2,9%, Қырғызстаннан — 2,8%, Германиядан — 2,5%. 
Бұдан шығатын тұжырым не? Бізде сырттан келетін қонақтан гөрі, ішкі туризм жете дамып отыр. Бұл дұрыс та шығар. Ақиқатын айтсақ, Атырау, Арқа, Алатау, Алтайдай жер қайда?! Оған ешнәрсе жетпес. Табиғаты көркем, ну орман, таулы, сулы жер қазақта көп қой. Тек қадірін білуіміз керек. Ал бізде туризм саласын дамытып, табыс тауып отырған ауылдар да бар.
Бір ғана мысал, жуырда UNWTO Дүние­жүзілік туристік ұйымы Алматы облысындағы Саты ауылын «үздік туристік ауыл» деп таныды. Саты ауылы – «Көлсай көлдері» ұлттық саябағында орналасқан, онда туристік нысандар және Қайыңды көлі бар. Қазіргі уақытта Саты ауылы қонақүй саны бойынша көшбасшы. 2023 жылғы есеп бойынша Сатыда 90 қонақүй мен 30 жатын орны жұмыс істейді. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда екі есе өскен. Жергілікті тұрғындардың көпшілігі туристік бизнеспен айналысады.
Алдағы уақытта Қазақстан билігі туризмді дамыту үшін 2027 жылға дейін 100 миллиард теңге инвес­тиция тартуды көздеп отыр. Соның нәтижесінде, 700-ден астам жұмыс орны құрылмақ.
Қазақтың жері бай, көркем, табиғаты сұлу ғой. Шекара асып, сыртқы елді көрген жақсы, бірақ өз жеріңнің ауа­сын жұтып, демал­ған­ның да жөні бө­лек.
 

 

777 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз