- Таным
- 28 Қараша, 2023
«Абай» баспасынан шыққан 35 кітаптың тұсаукесері өтті
Бүгін Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада «Абай» баспасынан жарық көрген 35 кітаптың тұсаукесері өтті.
Салтанатты шараға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өз құттықтауын жолдап, ізгі ниетін білдірді. Министрдің құттықтауын Кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов жеткізді.
«Қазақтың бас ақыны ұлы Абайдан басталып, Дулат, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп, М.Әуезовтермен жалғасып, кешегі классик ақын-жазушылар мен тәуелсіз Қазақстанның жас авторларының шығармаларын қамтыған жаңа кітаптар ұлт әдебиеті жауһарларының бірегей сериясы деп білеміз.
Бұл кітаптар арасында Алашорда қайраткерлерінің іргелі туындыларымен қатар, құнды академиялық зерттеу еңбектері де бар.
Заманауи үлгіде, минимализм дизайнда көркемделген кітаптардың өзіндік ерекшелігін де атап өткіміз келеді.
Ұлт мәдениетінің алтын қазынасын, рухани мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа аман жеткізу, оны насихат ету – баршамызға ортақ міндет. Осы орайда, «Абай» баспасының игілікті бастамасы көпшілік сұранысын қанағаттандырып, оқырман тарапынан жоғары бағаланады деп сенеміз», - делінген министрдің құттықтауында.
Оқырмандар назарына ұсынылған бірегей топатама қатарына әр кезеңнің классик қаламгерлерінің туындылары кірген.
Ақберен Елгезек, «Абай» баспасының директоры:
Бүгін 35 кітаптың тұсаукесерін өткізіп жатырмыз. Өзіміз оны «қазақ әдебиетінің алтын коллекциясы» деп атаймыз. Әр кітап 1000 данадан, жалпы тиражы 35000. Жаңа кітаптарды нарыққа ұсынып жатырмыз. Сол арқылы авторларға, қаламгерлердің мұрагерлеріне қаламақы төлеу мәселесін шешкіміз келеді. Бұл кітаптарды біз алты ай бойы дайындадық. Бұл ешқандай мемлекеттік бюджет ақшасынан жасалған жоқ, баспаның қаражатымен жүзеге асқан шаруа. Бұл кітаптар сериясын болашақта жүз томдыққа дейін жеткізіп шығарғымыз келеді.
Тұсаукесер рәсіміндегі кітаптардың қатарында жазушы, Түркі дүниесі әдеби сыйлығының лауреаты Смағұл Елубайдың «Балалық шақ баяны» атты еңбегі бар. Жазушының туған елінен тыс жерде өткен балалық шағы жайлы жазылған туындысы алғаш рет баспадан шықты.
Смағұл Елубай, жазушы, Түркі дүниесі әдеби сыйлығының лауреаты:
Бүгін аспаннан кітап жауған күн деуге болады. Соған біздің де бір кітабіміз қосылып жатыр. Осыдан екі жыл бұрын Бердібек Соқпақбаев пен Сайын Мұратбековтен кейін балаларға арналған проза мәз болмай кетті деген әңгіме тараған соң ұран тастағанбыз. Әрбір прозаик өзінің балалық шағы туралы кітап жазса деген. Соны өзімізден бастайық деп, «Балалық шақ баяны» деген шығарманы жазып шыққан едім.
Шараға зиялы қауым өкілдері, белгілі ақын-жазушылар, атап айтсақ, Темірхан Медетбек, Ұлықбек Есдәулет, Гүлнар Салықбай, Ерлан Жүніс, сондай-ақ, М.Мақатаевтың, Сырбай Мәуленовтың, Ж.Әбдірашовтың, Т. Молдағалиевтың, Т.Досымовтың ұрпақтары қатысты.
Рүстем Әбдіраш, режиссер:
Біз кітаптың арасында өстік, әкеміздің кітапханасында түрлі баспалардың кітаптары коллекция болып жиналып тұратын. Кезінде ақын-жазушылар, кітапқұмар оқырмандар солай құнды кітаптарды жинайтын еді. Бұл жолғы «Абай» баспасынан шыққан кітаптар да сондай бір ерекше топтама болады деп сенемін.
Бақытгүл Айдарова ақын Мұқағали Мақатаевтың келіні:
«Абай» баспасы бүгін кітаптар топтамасын шығарып, ұлы бастаманы қолға алып жатыр. Өте қуаныштымыз. Кітаптар заманауи үлгіде адамның жүрегіне жақын, ерекше жасалған. Осыған дейін қаншама баспадан атамыздың кітаптары жарық көрді, бірақ бұл жолғы басылымның ерекшелігі, Ақберен баспагер ретінде кітаптың дизайнын, тақырыбын, яғни әр деталін бізбен ақылдаса отырып жасағаны көңілімізден шықты.
Гауһар ТҮСТІКБАЕВА,
"Қазақ газеттері"
1036 рет
көрсетілді0
пікір