- Айна
- 29 Қараша, 2023
Республикада қызылшаның 17 мыңнан астам жағдайы тіркелген - Ажар Ғиният

Республикада қызылшаның 17 мыңнан астам жағдайы тіркелген. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлім етті, - деп хабарлайды kazgazeta.kz.
«Қызылшамен сырқаттанушылықтың өсуі байқалды. Бүгінгі таңда қызылша ауруы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз. Республикада қызылшаның 17 мыңнан астам жағдайы тіркелген, 82 пайыздан астамы балаларға тиесілі. Оның ішінде, 83 пайызы – екпе алмаған балалар. Бұл ретте, балалардың 60 пайызы бас тартуға байланысты, қалған балалар егу жасына жетпеуіне байланысты және медициналық көрсетілімдер бойынша вакцинация алмаған», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Министрдің дерегінше, қызылша ауруы барлық өңірде тіркелген. Ал, Шымкент, Алматы қалаларында, Жамбыл, Алматы, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Атырау облыстарында ауру өршіп тұр.
«Сырқаттанушылықтың күрт өсуі осы жылдың қыркүйегінен бастап ұйымдасқан ұжымдарда, яғни оқу жылында балалардың жиналуына байланысты байқалады. Нәтижесінде сырқаттанушылық деңгейі екі есе өсті. Бүгінгі таңда елімізде қызылшамен ауырған науқастар үшін инфекциялық ауруханаларда 3,5 мыңнан астам төсек-орын ашылды. Стационарлық емделуде 2 375 бала жатыр. Төсек-орынмен қамту 59,5 пайызды құрайды. Резервте 1 мыңнан астам орын бар», - деді Ажар Ғиният.
Фото: primeminister.kz

537 рет
көрсетілді0
пікір