- Таным
- 01 Желтоқсан, 2023
Келер жылдың жұлдызы
Әдебиет – алағай да бұлағай бүгінгі әлемнің ізгілік нұрын шашқан шамшырағы емес пе? Ендеше, сол әдебиеттің бары мен жоғы қалай түгенделіп, көркем сөз қалай жазылып, оқырманға қалай жетіп жатыр? Жазушы, қаламгер, «Жұлдыз» журналы бас редакторының орынбасары Қали Сәрсенбайдан жедел сұқбат алып, «Жұлдыз» журналындағы әдеби тақырыптар, оқырман мен жазылым мәселесі туралы да сұрап көрген едік.
– Әдебиеттің тың туындылары жарияланар басылымның бірі «Жұлдыз» журналы ғой. Басылым оқырманын қандай тың дүниелермен қуантады?
– Дұрыс айтасыз, ғасырдан аса тарихы бар, еліміздегі ең байырғы бас әдеби басылым – «Жұлдыз» журналы жариялайтын рухани олжа молынан. Алдағы 2024 жылы да журнал өзінің бай мазмұны, көркемдік қуатымен ел мұраты, халық тілегі деңгейінде көрінбек. Бұл орайда, ең әуелі, әйгілі жазушымыз Мұхтар Мағауиннің жақында ғана аяқтаған «Алтын Орда» тарихи романы тұңғыш рет журналымызда жарияланатынын құлағдар етіп, оқырман қауымды қуанышты хабармен сүйіншілегіміз келеді. Түркі жұртының мың жылдық шежіресін тиянақтаған «Шыңғыс хан» тетралогиясының жалғасы іспетті бұл танымдық тарихын Мұхаң эксклюзивті түрде тек «Жұлдызда» ғана жариялауға келісімін беріп отыр. Бұған жалғас қазақ жазушыларының уақыт талабына сай жазылған толымды жаңа туындылары да жарық көрмек. Атап айтқанда, Т.Сәукетаевтың «Өлгендер қайтып келеді» роман-фэнтезиі, талантты жас қаламгер А.Аймағамбетовтің биыл «Кемел қаламгер» бәйгесінде Бас жүлде алған «Бұрылысқа жарты қадам қалғанда» дейтін детектив романы, Қ.Түменбайдың «Ел хикаялары» топтамасы, А.Кемелбаеваның «Интуиция» хикаяты, академик Ғ.Есімнің «Толстойдың мұңы» толғау-эссесі, С.Елубайдың «Қоңыр дәптерге қонған ой» атты трактаттық толғаныстарының жалғасы, С.Абдрахмановтың О.Таңсықбаев туралы зерттеу кітабы, сондай-ақ, Б.Нұржекеұлы, Т.Әбдік, К.Сегізбаев, М.Мәжитов, Н.Ақыш, Н.Қапалбеков, Қ.Жиенбаев, С.Байхонов, Ж.Қорғасбек, А.Алтай, Н.Қуантайұлы, Ж.Әбдішова, 3.Жұманова, К.Әлпейісова, Д.Мамырбаева, Н.Ораз, Н.Қами, Қ.Сәрсенбай, Д.Қуат, Ж.Шамұратова т.б. көрнекті қаламгерлердің әнгіме-хикаяттары; ақиық ақындарымыз Н.Оразалин, Т.Медетбек, И.Сапарбаев, Иран-Ғайып, С.Ақсұңқарұлы, Ғ.Жайлыбай, А.Бөкен, Е.Ашықбай, Ш.Әбдікәрімов, Қ.Аманжол, Ә.Қайран, Ә.Дәулетбаева, М.Райымбекұлы, Е.Жүніс т.б. жыр-дастандарымен оқып танысасыздар.
– Әлем әдебиеті, бауырлас түрік халықтарының әдебиетімен таныстыру мәселесін де қолға алған боларсыздар?
– Әрине. «Әлем әдебиеті» айдарымен Мопассан, Флобер, Томас Манн, Сартр, Камю, Борхес, Акутагава тәрізді жазушылардың үздік туындыларымен қатар, қазіргі ең танымал фантастикалык, детективтік шығармалардың тандаулы үлгілері жарық көрмек.
Туысқан түрік халықарық әдебиетінен жаңа тәржімалар да оқырманды қуантады деп ойлаймыз.
– Танымдық мақалалар, эсселер тақырыбын да айтып өтсеңіз?
– Қазіргі оқырман танымдық мақалалар, көсемсөз, эсселерді де қызыға оқитынын ескеріп, басылымға арнайы айдарлар аясында осы тақырыптардың да орнын толтырамыз деп шештік. Мәселен, «Дін-ислам дәрістері» айдары аясында пайғамбарлар мен әулие-әмбиелердің өміріне қатысты ғибраты мол аңыз-әфсаналар ұсынбақпыз. Оған қоса ұлы адамдар өмірі, табиғат тылсымы туралы қызықты хикаялар да беріледі. Ғылым мен техниканың қиял жетпес ғажайыптарына арналған танымдық материалдар да бар. «Тарихтан тәбәрік», «Алаштану дәрістері» айдарларында арғы-бергі тарихымыз, төл мәдениетіміздің келелі мәселелері, жеке тұлғалар туралы тың зерттеу, тұжырымдары зерделенеді. Бүгіннің өзекжарды мәселелерін байыппен зерделеген батыл пайымдар да жасалады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Э.Әзіржанова
846 рет
көрсетілді0
пікір