Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 01 Желтоқсан, 2023

Заида Елғондинованың «Ай және Мен» атты жаңа таңдамалы жыр жинағы шықты

Ұлттық кітапханада қазақтың классик ақыны, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Заида Елғондинованың классик ақын Қасымхан Бегмановтың «Дәстүр» баспасынан мемлекеттік тапсырыспен жарыққа шыққан «Ай және Мен» атты жаңа таңдамалы жыр жинағының тұсаукесер рәсімі өтті.

Тұсаукесерді ақтаңгер, классик ақын, ұлт тұлғасы, ұлт жанашыры Қасымхан Бегманов жүргізіп отырды.

Ақын Заида Елғондинованың «Ай және Мен» деген жыр жинағы сюрреалистік және декаденттік бағыттағы соны, жаңашыл жырлардан тұрады. Махаббат лирикасының астарында ақынның күллі жан-дүниесін серпілткен теңіздің телегей толқындарындай терең тебіреністі ғажап ойлар тұнып тұр. Қазақ поэзиясына құбылыс болып келіп, жаңа жыр жинағымен оқырманына серпіліс әккелген ақын Заида Елғондинова тұсаукесерде үш түрлі тамаша өлең оқып, оқырман қауымды жасын жырларымен қанаттандыра түсті. Ақынның алғашқы өлеңі белгілі жазушы Василий Шукшиннің «Праздник нужен душе! Праздник! Я его долго жду» деген ғажап қанатты сөзімен басталды.
 
Еһ! Өмір кештім қиялыма сүйеніп,
Анда-санда армандармен табысып.
Көз жасымнан шарап жасап, киелім,
Түнім суып, таң ысып.
Еһ! Өмір сүрдім. Жылап. Күліп,
Күндерімді лақтырып,
Желдің көлеңкесінде.
Көңілімді күз ғып көктем.
Сырымды айттым,
Түнді оятып, мызғып кеткен.
Таусылма,
Бір жылылық бар ғой сенің даусыңда.
Бір мереке керек боп тұр маусымда!
 
«Қиялына сүйеніп өмір кешкен» ару ақын «көз жасынан шарап жасап, асау күндерін лақтырып, желдің көлеңкесінде мызғып кеткен түнді оятып, сырын айтады». Әлем әдебиетінде ақын әйелдердің тағдырлас келетіні баяғыдан белгілі. Ақын Заида Елғондинова ешкімге ашпайтын сырын орыс әдебиетінің классигі, ақын  Белла Ахмадулинаға (1937-2010)  ашады. Сөйтіп, ақын өзінің “Еһ, Белла, Белла” деген өлеңін ерекше назды ырғақпен оқиды. 

Еһ, Белла, Белла...
Жүрсің бе бір әлемде?!
Ғашық боп...Маxаббатпен, күнәмен де...
Сыя алмай кең дүниеге күрсінемін,
Жыр жазып ертелі-кеш мына мен де.
Кім еді ақын әйел, 
Періште ме, пері ме еді?!
Тарқатар бір өзіңе шерім еді.
Ақын әйел таңертең періште боп,
Ал түнде көк аспаннан
       жұлдыз боп көрінеді.

   XX ғасырдың басында бүкіл Еуропада  сюрреалистік, декаденттік жаңашыл бағыт басталады. Ақын Заида Елғондинованың сол сюрреалистік бағыттың ең жаңашыл өкілдерінің бірі, испанның ұлы ақыны Федерико Гарсиа Лоркаға (1898-1936) арналған өлеңінің толық мәтінін беріп отырмыз. 

МӘҢГІЛІК КӨКТЕМГЕ САПАР...
                            
(Испанның ұлы ақыны Федерико Гарсиа Лоркаға)

Сен Отаныңа бар махаббатыңды
бердің,
Жан шырағың бұлт астында
қалды.
Аспан мен жердің тартылысын
көрдің,
Жұлдыздар күлкі астында
қалды.
Сол күні мұхиттар Айға шапшыды,
Зілмауыр толқыннан шыға алмай,
жыр тасқында қалды.
Ғаламшар толды дана гүлдерге,
Хош иісінен айырылған.
Жүрегіңнің қанымен жыр жазған,
парағың жерде,
Жаралы құс болды,қанатынан
қайырылған.
Сен Отаныңа өміріңді бердің,
Сұлуды емес,Отаныңды сүйдің.
Жібек құстардың қанаты 
желдің,
Ойыншығына айналды,күйдің.
Жібек аспанда жұлдыздар
жамырағанда,
Періштелер 
садағын оқтады.
Перілер бесатарын тақағанда, 
аңыз адамға,
Бірер сәтке,Күннің де жүрегі
тоқтады...
Сенің ерніңде сәбидің күлкісі
шетінеп,
Бір оққа байланды жүрек кеп.
Ақынның тағдырын жетімек,
Құзғындар күлісті иектеп...
Сен Отаныңды сүйдің,жоқ еді
басқа Отан,
Жасынның күшімен жасқа тән.
О, Лорка,сен кеттің, жұлдызға
айналып,
Жырыңды ежіктеп қасқа таң.
Жібек көйлек киген жұлдыздар
өксіді,
Жендетің жерледі қас қақпай.
Мейірімсіз көк аспан, көк шыны,
Кеудесін көтерді асқақтай!
О, Лорка!
Қоштастың осылай Испанмен,
О, Андалузия!
Жыр қалды жыртылған парақтың 
шетінде.
Қоштастың қанатты құстармен,
Кекілің желбіреп, мұхиттан соққан жел өтінде...
Қарадың ағашқа айналған
тәніңе,
Жапырақ жүрегің желкілдеп.
Есірген есер жел әніне,
Жас тамды,
 шараптай мөлтілдеп...
Шайырдың ап-ащы көз жасы.

   Испанияның диктаторы Франсиско Франко өзінің қанқұйлы диктаторлық баспалдақтарын ең алдымен еркін ойлы ақын-жазушыларды жазалаумен бастады. Солардың алғашқыларының бірі болып, XX ғасырдағы жаңашыл бағыт  сюрреалистік поэзияның ірі өкілдерінің бірі, 38 жастағы ақын Федерико Гарсиа Лорка атылып кетті. Бұл құбылыс ақын Заида Елғондинованың жүрегін шексіз тебірентіп, испанның ұлы ақыны Гарсиа Лорканың өмірі, таланты бір оқтық болғанына налып, өлең жазды. Ақын Гарсиа Лоркаға арнаған сол өлеңін Ұлттық кітапханада өткен мемлекеттік тапсырыспен Қасымхан Бегмановтың “Дәстүр” баспасынан шыққан “Ай және Мен” деген кітабынан оқырмандарына оқып берді. 
      Алғашқы құттықтау сөзінде белгілі жазушы, әдебиет зерттеушісі, философия ғылымдарының докторы Нұрдәулет Ақыш ақын Заида Елғондинованың ақындық ғұмыры мен шығармашылығына кеңінен тоқталып өтті.
    Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, ақын-жазушылар Жүсіпбек Қорғасбек, Мағира Қожахметова, Жұмаш Кенебай, Сайлаубай Тойлыбай, Шаяхмет Алжанбай, Жаңылхан Асылбекова, Назым Байоралова, Шолпан Әділ, Баян Болатханова және режиссер  Ботагөз Исмаил ақын Заида Елғондинованың сырлы да сұлу жырлары жайлы әдемі пікірлері мен жүрекжарды ізгі тілектерін айтты. Зиялы қауым талантты  ақынның жаңа жыр кітабына жоғары баға берді.
        Ерекше өткен жыр кешінде белгілі ақындар Аманғазы Кәріпжан мен Алтыншаш Жақиянова ақын Заида Елғондиноваға арнау өлеңдерін оқыды.
    Ақын Заида Елғондинованың XX ғасырдағы жыр кітаптарына Халық жазушысы Хамит аға Ерғалиев, Алаштың ұлы ақыны Хамаң былай деп баға берген еді: “Заида қарағым, өзіңді өзіңе танытайыншы! Абай тағына жетіп қайырған классик ақын екеніңді ұмытпа, қызым”. ( “Халық кеңесі” газеті, 1993 жыл)
    Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек ері Әбіш аға Кекілбаев ақын Заида Елғондинованың «Махаббат пен Мұң» атты поэтикалық новеллалар жинағына былай деп баға берген еді: «Жуырда Заида Елғондинованың қарасөзбен жазылған поэтикалық новеллаларын оқығанда қатты қайран қалдым. Қазақ жанының мұншама сезiмталдығын, қазақ сөзiнiң мұншама дәлдiгiн, қазақ көзiнiң мұншама байқампаздығын, қазақ парасатының мұншама тереңдiгiн бұған дейiн жете аңғара алмай, жете бағалай алмай келгендей болып, қараптан-қарап абыржып қалдым». (Журналист Жанболат Аупбаевтың "Ғұмырдария” кітабындағы "Әбіш" деген мақаласынан. "Санат" баспасы. 1997 жыл)
     Ақын Заида Елғондинованың Ұлттық кітапханада өткен мемлекеттік тапсырыспен шыққан “Ай және Мен” деген таңдамалы жыр жинағының тұсаукесеріне жиналған зиялы қауым да, жырсүйер оқырмандар да ризашылықтарын білдірді.

738 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз