Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 01 Желтоқсан, 2023

Жетісу облысында шенеуніктер киіз үйді 13 млн теңгеге сатып алмақ болған

Қазақстанда шенеуніктердің миллиардтаған қаржыны тиімсіз жұмсау фактілері анықталды, деп хабарлайды Kazgazeta.kz сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне сілтеме жасап.

Мемлекеттік сатып алу кезінде көбіне кеңсе тауарлары, жанар-жағармай, компьютерлік техника мен тамақ өнімдерінің бағасы артық көрсетіледі. Ал ондай әрекетке баратындардың басым бөлігі - әкім аппараттары, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдары.

"Мысалы, Жетісу облысының спорт басқармасы нақты құны 4,5 млн теңге болатын бір ұлттық киіз үйді 13 млн теңгеге сатып алуды жоспарлаған. Сонымен қатар Жетісу облысының "Сарқан ауданы әкімінің аудандық мәдениет үйі" МКҚК нақты орташа нарықтық құны 250-300 мың теңге болатын бір кондиционерді 1,5 млн теңгеге сатып алуды жоспарлаған", - дейді мамандар.

Сол сияқты Қостанай облысының аудандық білім бөлімі 43 мың литр жазғы дизельотынының әрбір литрін 580 теңгеден сатып алуға тырысқан. Бірақ сол кездегі орташа баға литріне 250 теңгеден кем болған. Ал Астана қаласында әкімдікке қарасты аурухана басшылығы 16 портативті медициналық шамның бір данасын 3,3 млн теңгеден сатып алмақ болған. Алайда оның орташа нарықтық құны 600 мың теңгеден аспайды. Бұл тендер де тоқтатылды. Соның нәтижесінде 44 млн теңге қаражаттың тиімсіз жұмсалуына жол берілмеді.

Айта кетері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі биыл он айдың ішінде 38,4 млрд теңгеге заң бұзушылықтарды анықтады.

349 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз