- АҚПАРАТ АҒЫНЫ
- 01 Желтоқсан, 2023
Елімізде қызылшаға қарсы міндетті жаппай иммундау басталды — министр
Алматыға іс-сапармен Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният келді. Сапар барысында министр журналистермен баспасөз мәслихатын өткізді.
Денсаулық сақтау министрі журналистермен Алматы қалалық N5 емханада кездесті.
Министрдің сөзінше, бүгінде ел бойынша, оның ішінде Алматы қаласында қызылша ауруы бойынша жағдай тұрақты емес.
«Бүгінгі күні негізінен 5 жасқа дейінгі балалар, оның ішінде 1 жасқа дейінгі балалар қызылшамен ауырып жатыр. Біз оларды ауруханаға жатқызып, ауруы асқынып кетпеуі үшін 3-4 күн бойы бақылаймыз. Біздің бүгінгі басты міндетіміз — қызылшадан қандай да бір өлім-жітімді болдырмау және аурудың асқынуын алдын алу. Сондықтан біз кішкентай балаларды инфекциялық стационарларға жатқызамыз», — деді ол.
Оның айтуынша, бүгінде ел бойынша стационарларда төсек-орындардың 52%-ы бос емес.
«Қызылша ауруы ауа тамшылары арқылы беріледі. Бүгінде науқастардың көбею себебі, соңғы 5 жылда екпе алмаған адамдар көбейген, тиісінше оларда иммунитет жоқ. Сол себепті олар бұл аурумен ауырады», - деді министр.
Ол қазір жағдай бақылауда екенін айтты. 6 қарашадан бастап ел бойынша қызылша, қызамық пен паротитке қарсы балаларды қосымша жаппай иммундау басталды.
«Қосымша иммундау ата-аналарының рұқсатымен екпе алмаған балаларға жүргізілді, ал қазіргі уақытта инфекцияны тоқтату үшін міндетті жаппай иммундау басталды», - деді Ажар Ғиният.
Фото: ашық дереккөз
487 рет
көрсетілді0
пікір