- АҚПАРАТ АҒЫНЫ
- 13 Қаңтар, 2024
Балалар басылымдарының болашағы талқыланған жиын
Ел болашағының алтын тұтқасына айналатын жас ұрпақ қандай газет-журнал оқып жүр? Балалар контентінің даму деңгейі қай дәрежеде? Бүгін Алматы қаласында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың қатысуымен «Қазақстан балалары – шығармашыл интеллигенция» тақырыбында кеңейтілген дөңгелек үстел өтті. Жиынға еліміздегі балалар басылымдарының бас редакторлары, балалар тақырыбында қалам тербеп жүрген ақын-жазушылар, білім басқармасының өкілдері, кітапханашылар қатысты.
Жиынды ашқан Аида Ғалымқызы сөз басында: «Бүгін балалар басылымдарының өкілдерімен, қаламгер қауыммен жүздесіп отырмыз. Сіздерді арнайы шақырып отырған себебіміз – осы саладағы көкейкесті мәселелерді пайымдап, бағыт-бағдарды айқындау», - деп атап өтті.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бала тәрбиесі аса маңызды іс екенін айта келіп, осы тұрғыда балалар әдебиеті мен балалар музыкасын дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатқанын мәлімдеді.
«Біріншіден, алдағы уақытта композиторлармен, балалар ақындарымен кездесу өткізуді жоспарлап отырмыз. Екіншіден, балалардың кітап оқуға деген құштарлығын арттыру қажет. Қазір Оқу-ағарту министрлігі «Оқуға құштар» бағдарламасын жүзеге асырып жатыр. Бұған дейін мектептерде балаларға арналған жаңа көркем әдебиеттер ұзақ жылдар бойы жүйелі түрде алынбай келгенін байқадық. Бүгінгі таңда «Оқуға құштар» бағдарламасының шеңберінде барлық мектептерде көркем әдебиеттер алына бастады. Биыл Президент тапсырмасына сәйкес, «Балалар кітапханасы» бағдарламасының аясында Мәдениет және ақпарат министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі бар, балалар әдебиетінің тізімін қалыптастырдық. Осы бағытта кәсіби топты жинай отырып, бұл тізімді жыл сайын толықтырып отыратын боламыз», - деді Ғани Бектайұлы.
Ал, Оқу-ағарту министрлігінің Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Меруерт Әскербекқызы биылдан бастап «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» оқу процесіне енгізілгенін айтты. «Бұл жұмыс жанданып, жүзеге асу үшін қос министрлік пен зиялы қауым бірлесіп жұмыс жүргізуі керек», - деді министрлік өкілі.
Мәдениет және ақпарат министрі «Қазақ газеттері» ЖШС-де төрт балалар басылымы шығатынын айта келе, газет-журналдардың контентіне ерекше мән берілетінін, қазіргі кезде балалар фантастика, комикс, детектив жанрына ерекше қызығатындықтан, келешекте балалар басылымдарында осы жанрлар толық қамтылатынын жеткізді.
Басқосу барысында сала мамандары жедел шешуді талап ететін өзекті мәселелерді ортаға салды.
«Республикалық және облыстық жоғары оқу орындарында 21 журналистика факультеті бар. Солардың біреуінде де балаларға арналған маман дайындалмайды. Өндірістік тәжірибеден өтуге келетін жас мамандар біздің бейнетімізді көреді де, телеарнаға қашып кетеді. Қазіргі жас мамандардың ішінде орфография мен орфоэпияны ажырата алмайтындар да бар», - дейді «Айгөлек» журналының бас редакторы Қымбат Әбілда.
Аида Ғалымқызы жиында Президенттің Креативті индустрияны дамыту туралы тапсырма бергенін, яғни шығармашылықтан табыс көзін жасау мәселесіне тоқталды. Алдағы уақытта министрліктің жанынан креативті индустрияны дамытуға арналған қор құрылатынын және оның есебінен балаларға арналған үздік жобалар қолдау табатынын атап өтті.
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты балалар әдебиеті секциясының меңгерушісі Нұрдәулет Ақыш балаларға арнап жазатын ақын-жазушыларға көңіл бөлу керегін және мектеп кітапханашыларының мәртебесін қозғады.
«1982 жылы Мұзафар Әлімбаевқа мемлекеттік сыйлық берілді. Содан бері балалар жазушысына мұндай атақ берілген емес. Ұсынатын кандидатуралар бар. Президент стипендиясы дейміз, оған да балалар әдебиетінің өкілдерін қосып қоюға болатын еді. Одан кейін мектеп кітапханашыларының мәртебесіне келсек, олар не педагог емес, не әдебиет қызметкері емес. Біз шалғайдағы мектептерді аралағанда кітапханаға кіріп, жағайларын сұраймыз. Бір-бірін танымайтын кітапханашылардың пікірі ортақ болып жатады. Сондықтан кітапханашылардың мүддесі ескерілгені дұрыс», - деді.
Басқосуда баспасөзге жазылу, мектептерде баспасөзге жазылу туралы насихат жұмыстарын жүргізу тақырыбы қызу талқыланды. Бұл мәселеге қатысты «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы Дәулетбек Байтұрсынұлы: «Мектептерде газет-журналға мәжбүрлеп жаздыруға болмайды» деген сөзді «жазылуға болмайды» деп, теріс айналдырып алған. Балалар басылымдарының негізгі оқырмандары – мектепте. Мектептер жазылмаса, оларға насихаттай алмасақ, жазылуға мәжбүрлеу деп қиындықтан қашсақ, ертеңгі күні сол мектепті бітірген бала әдебиетті қалай оқиды? Көркем әдебиетке, эстетикаға қалай барады?» - деді.
Алқалы жиында балаларға арналған көркем фильм мен театр қойылымдарының мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Жазушы-драматург Смағұл Елубай: «Менің атым Қожадан» кейін балалар көретін кино жоқ. Оның өзіне алпыс жыл уақыт өтті. Бізге балалар киностудиясын ашу керек. Жылына киноға бөлінетін қаржыдан балалар киносына да тапсырыс беру керек», - деп, балаларға арналған киноның жайын тереңнен қозғады. Осы сәтте сөз алған белгілі сыншы Әлия Бөпежанова: «Бізде балалар мен жасөспірімдер театры бар. Бірақ үлкендерге арналған театрларға да жылына балаларға арнап бір-екі спектакль қоюды міндеттесек деймін. Мысалы, бәріміздің немереміз бар. Жаңа жыл кезінде «Сезам» театрына, цирк қойылымдарына алып барамыз. Ол жерде жылда қайталана беретін, адамды мезі еткен бағдарламалар қойылады. Ең өкініштісі, орысша өтеді», - деді.
Балалар контентін жасау, қалыптастыру жолында мамандардың көкейкесті мәселесі мен ұсыныстарын мұқият тыңдаған Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жиын соңында талқыланған тақырып төңірегінде телеарналарда арнайы ток-шоу ұйымдастырылатынын және балалар басылымдарына жазылу, оқитын ұрпақ қалыптастыру жүйелі түрде шешілетін кешенді жұмыс екенін айтып өтті. Осы ретте қос министрлік басшылары болашақта басылым өкілдері мен мектеп ұжымдарын, ата-аналардың басын қосатын жиындар өткізіп, болашақ ұрпақтың оқуға құштарлығын арттыру жұмысы жалғасын таба беретінін жеткізді.
Жиын соңында Оқу-ағарту министрі балалар басылымдарының бас редакторларына арнайы Алғыс хаттарын табыстады. Олардың қатарында «Қазақ газеттері» ЖШС қарасты «Ұлан», «Дружные ребята» газеті мен «Ақ желкен», «Балдырған» журналы бар.
Гауһар Түстікбаева,
"Қазақ газеттері"
1369 рет
көрсетілді0
пікір