Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 05 Ақпан, 2024

Рәтбай Мырзақұлов, ғалым, физика-математика ғылымының докторы: Ұлттық қауіпсіздіктің өзегі – ғылым

Қазір «Мырзақұлов теңдеулері» әлемді мойындатып отыр. Физик-теоретиктің мақалалары Scopus, Web of science басылымдарына үздіксіз жарияланады. Рәтбай Мырзақұлов ҚР ҰҒА академигі, әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер, ЕҰУ жанындағы «Еуразия­лық халықаралық Теориялық физика орталығы» ҒЗИ директоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор. Шетелдің бірқатар университетінде жұмыс істеген ғалымның елдегі мектебіне әлем көз тігіп отырғаны тағы бар. Мырзақұлов ұрпақтары да математика-физика ғылымымен айналысып, ғылыми сабақтастықты жалғап тұр. 

– «Мырзақұлов теңдеулері» өмір теңдеуін шешуге қаншалықты көмектесті? 
– «Мырзақұлов теңдеуі» – таза математикалық теңдеу. Дәлірек айтқанда, теңдеулер жүйесі. Бұл маған өмір теңдеуін шешуге қалай көмектескенін сұрасаңыз, адамның бір нәрсеге қызығушылығы, махаб­баты оны алға жетелеп отырады. Өмірде әртүрлі жағдай болады. Сүрініп құлап, қайта тұрасыз, шаршайсыз. Кейде сыртқы күштің де әсері бар. Сондай сәтте ғылым мен осы теңдеуім маған сүйеу болды. Ішкі тірегіме айналып, іштей арманым орындалғандай шат-шадыман күй кештім. Екіншіден, ғалымдардың арасында өз теңдеуі бар адамдар құрметке бөленеді. Мысалы, Эйнштейн теңдеуі, Максвелл теңдеуі, Шредингер теңдеуі. Менің теңдеуімді де әлем ғалымдары қабылдап, зерттеп жатыр. Америка, Еуропа, Қытай, Жапония ғалымдары зерттеп, қорытындысын жариялап жүр. Қазір әлемде «Мырзақұлов теңдеуі» туралы оншақты мақала жарық көрді. 
– Математика мен физика ғылымына дендеу үшін бір кездері АҚШ-та оқыдыңыз. Ғылымда толысу үшін шетел тәжірибесі керек пе?
– Айтпағым, іргелі ғылым белгілі бір мемлекеттің меншігі емес. Бұл – адамзатқа ортақ ғылым. Осылайша, олар еңбек жазады, ешкім ойламаған жаңалық ашады. Сондықтан қазақ ғалымдары да ғылым жаңалығымен сусындап, соның аурасын сезінуі керек. Қазір ғылым мен техникасы қатар дамып жатқан алдыңғы қатарлы ел – АҚШ. Бастапқыда өзіме ең мықты елге барып оқимын деген талап қойдым. Еуропа елдері, Жапония, Қытай мен Ресей де тізімде болды. Бірақ мен таңдаулысы ретінде АҚШ-ты таңдап,  Калифорния университетінде 1,5 жыл жұмыс істедім. Тарқатып айтсам, 1 жыл «Болашақ» стипендиясымен оқыдым, ғылыммен айналыстым. Сол ортада жүріп кіл мықтымен қоян-қолтық жұмыс істеу психологияға жақсы әсер етеді. Солардың ғылыми мәдениетімен өмір сүресің, керегіңді пайдаға жаратасың. Сондықтан шетел тәжірибесі әр ғалымға керек. Өз саламдағы көшбасшы университетте тәжірибе жинап, толысқан соң, дәл сондай орталықты Қазақстанда қалыптастырғым келді. Америкада, Италияда, Англия мен Үндістанда жұмыс істедім. Осылайша, қазақтың ғылыми мектебін ашсам деп мақсат қойдым. Қазір Алматы мен Астанада әлемге танымал өзімнің ғылыми мектебім бар. Әлемге танымал дейтінім, Стэнфорд университеті бірнеше жылдан бері ғалымдардың еңбегіне баға береді. Рейтинг жариялап, балл қояды. Мысалы, жаһандағы ғалымды 100% десек, соның 2 пайызына кірген жалғыз қазақпын. Бұл мен үшін мәртебе. Әрі бұл сала бойынша жер шары қазақты, қазақ ғылымын мойындағанын білдіреді. Шетел ғалымдары жұмысымызға, көрсеткен нәтижеге қызығып, сілтеме жасайды. Білесіз, теориялық физикамен, математикалық физикамен айналысамын, диференциалды геометрияның гибриді, синтезі тоғысқан тұсын зерттеймін. Осы салада Қазақстанда ғылыми орталық құруға, мектеп ашуға қолым жетті. Мұнымен тоқтамаймын. Біз шетелде оқуға, тәжірибе жинауға ұмтылсақ, қазір шетел бізге келіп, жұмыс істеп көргісі келеді, қызығады. Маған шетелден хабарласып, хат жазып жатқандар бар. Дамушы елдердің ғалымы емес, Жапония, АҚШ, Үндістан елінен қызығушылық танытқандар бар. Жеттік-толдық демеймін, мұнымен жұмыс бітпейді. Астам сөйлесең, бір орында тоқтамайсың, кері қарай кетесің. Ғылым көшінен қалмау үшін махаббатпен, бел шеше қызмет еткен жөн. 
– Ғылымда біраз жетістікке жеттіңіз. Ендігі бағыт Нобель ме әлде алдағы жоспарыңыз қандай?
– Әрине, біраз жетістікке жеттік. Әлемдік топ-ғалымдардың қатарына ендім. Батыста ғалымдарды бағалап, рейтинг беріп отыратын әртүрлі ұйым мен компания бар. Еуропада Scopus, Америкада Web of science дейтін ұйым бар. Соның ұйымдастыруымен оншақты марапат алдым. Көңілім мен махаббатым теориялық физикада. Олай дейтінім, жыл сайын дәрігер тексеруінен өтіп, шипажайға барсам да, қағаз бен қаламымды қоса апарамын. Ноутбугыма шимай-шатпағымды сызып, өзімше демаламын. Өйткені ғылыммен айналысып, жетістікке жету үшін оны жақсы көріп, барынша қызығуың керек. Әрине, әр ғалымның тарихта атым қалса дейтін арманы болады. «Нобель» алу мақсатым емес, бірақ қызығамын. Алла ғұмыр берсе әлі де біраз теорияға бас қатырып, ғылымның «түбіне» жеткім келеді. 
– 2023 жылы «Әлемдегі ең беделді ғалымдардың 2 пайыздық» рейтингісіне ендіңіз. Scopus-қа жазудың «әлегін» білеміз. Елімізде қаншама докторант PGD атағын қорғай алмай жүр. Осы тұста шетел журналына ғылыми мақала жазудағы құпияңызбен бөліссеңіз... 
– Иә, екі жыл қатарынан «Әлемдегі ең беделді ғалымдардың 2 пайыздық» рейтингісіне кірдім. Бұған жетудің жолы – есеп шығару, бақылау. Айлап-жылдап шықпайтын, тіпті 30-40 жыл бойы шықпай келе жатқан есеп бар. Бірақ алға ұмтылсаң, талмасаң, адамға түйсік жол нұсқайды. Сөйтіп, есепті шығарасың, шығарған есеп дәптерде қалмауы керек. Оны әлемдік журналға шығару керек. Қазақстанда журналға мақала жазбаймын, жарияламаймын. Шетелдің Scopus, Web of science журналына жариялаймын. Ешқандай құпиясы жоқ. Бастысы, нәтижесі дұрыс, мақаласы жөнді болуы керек. Кейде мақала онша келіңкіремесе де, нәтижесіне қарап қызығып, сілтеме жасайтын ғалымдар бар. Мысалы, «Мырзақұлов теңдеуі» шыққанда ғалымдар бірден мойын бұрып, іліп алып кетті. Сілтеме жасады, мақала жариялады. Сілтеме жасады дегеніміз, соны зерттеп, тексеріп көріп, кәдесіне жаратады. Сілтеме көрсетсе, ғылыми-индекс параметрі бойынша, сілтеме индексі бойынша рейтинг көтеріледі. Бес саусақ бірдей емесі тағы бар. Мысалы, бірдей жағдайда, бір орында отырған екі ғалым әртүрлі нәтиже көрсетеді. Мен де «мақалам бірден қабылданады» деп айтпаймын. Қайтарып беретін, түзететін сәттер бар. Тіпті бірде 4-5 рет қайта жібергенім бар. Жастарға айтарым, ғылымда жетістікке жету үшін табандылық қажет. Айналысатын салаңызда әлемдік дәрежедегі маманға айналуға ұмтылыңыз. Сонда дәрежеңіз Scopus-қа мақала жазуға жететінін түсінесіз. Алған нәтижеңіз, ой-өрісіңіз, ағылшыныңыз мақала жазуға жету керек. Мысалы, әке-шешем сауаты жоқ шаруа адамдары еді. Мектепте де талабымыз күшті, бірақ білім беру жағы әлсіз болды. Университетте де білім жетпей жүрді. Мәскеуде аспирантурада да білімім жетпей жүргенін, толықтыру керегін түсіндім. Байқасам, ылғи оқуға, білімге ұмытылатынмын. Білімге аш болдым. Қасымда жүрген МГУ-да оқитын қыз-жігіттердің білімі бір бас жоғары екенін біліп тұратынмын. Осы салада 40-50 жыл жүргеніммен, кей есепті шығаруға әлі де білімім жетпейтінін түсінемін. Өзім оқимын, игеремін. Кейде әріптестерім «ағылшын үйренуге кеш қалдым» деп жатады. Жоқ, ешқашан кеш емес. 70-80-ге келсеңіз де, оқу керек, білім маржанын теру керек. 
– Ғылым үшке бөлінетінін білеміз. Осы аралық бойынша елдегі ғылым бөлінісін жіктеп берсеңіз. Қай тұста ақсап тұрмыз? 
– Меніңше, елімізде іргелі ғылым онша дамымай жатыр. Байқағаным, бір нүктеге байланып қалмауымыз керек. Мысалы, белгілі бір ғалым өз саласы бойынша ғылыммен айналысып, кейіннен қайтыс болды делік. Ал соның айналысқан ғылымы, еңбегі өзімен бірге өшіп қалмауы керек. Шәкірттері іліп әкетіп, жалғастыруы, дамытуы қажет. Бізде осы тұсы ақсап тұр. Кейде іргелі ғылымның қоғамға, әлеуметке,  экономикаға онша пайдасы болмайды. Болған жағдайда да ұзақ жылдан кейін, бірнеше ұрпақ ауысқанда пайдасы тиюі мүмкін. Осыдан кейін қоғамда «пайдасы бар, қолданбалы ғылымды дамыту керек» деп жатады. Былай қарасаң, қисыны бардай көрінеді. Бірақ бұл шолақ ой. Мемлекетті құрайтын халықты бір үй деп алсақ, сол баспананың іргетасы берік болғаны жөн. Сонда ғана үй құламай, жұдамай тұрады. Сол сияқты халықтың іргетасы – іргелі ғылым. Бұл математика, физика, химия, биология. Бізде аталғандай әлемдік дәрежеде дамыуы керек. Сонда ғана қалған ғылым түрлері дамиды. Байқасаңыз, БАҚ бетінде «ғылым негізінде экономиканы дамыту керек» деп жатады. Бұл – дұрыс. Мейлінше, фундаменталды ғылымды дамыту керек. Бұл көп қаражат та, еңбек күшін де талап етпейді. Мың адамды әкеліп, іргелі ғылымды дамтытуға жегіп қоя алмайсыз. Басы қалқиып менмұндалап тұрған, ниеті бар бірнеше адамның басын қосасыз. Сол ғалымдарға құрмет көрсетіп, жағдайын жасау жеткілікті. Лаборатория, кафедра ашып, ғылымға ден қойғызсақ. Нәтижесін сіз де, ұрпақ та көреді. Екіншіден, ғылым  университетте. Сондықтан ЖОО басшылары ғылымды түсінетін, ізденетін адам болғаны жөн. Кейбір ғылым индекстерін түсінбейтін басшылар бар. Кадр мәселесі де айтарлықтай түйткіл. 
– Қайтсек қазақ ғылымын өзге ел ғылымынан озық әрі тәуелсіз етеміз?
Әр халықтың өзіне сай кәсібі болады. Мысалы, егін егумен, сауда-саттықпен, кеме жасаумен айналысатыны бар. Басқаларда қазақ көшпелі дейтін түсінік қалыптасқан. Арманым басқа жұрт қазақ атын естігенде «ғылымды игерген, озық ойлы ел ғой» деп түйгенін қалаймын. Ол үшін, қайталап айтамын, іргелі ғылымды дамыту керек. Мәселен, іргелі ғылыммен айналысатын ғалымның жағдайы бар, көйлегі көк, қарны тоқ болса, оған артығы керегі жоқ. Ол есебін шығарып, жаңалығын ашып жүре береді. Ал баласын қайда оқытарын, отбасын қалай асырарын ойлап, бас қатыратын ғалымның ғылымда жетістікке жетуі неғайбіл. Озық болуға келсек, ондайлар тумысынан дара болады. Ілуде бір, көп емес. Соның жағдайын жасап, маңдайын жарқыратсақ жетіп жатыр. Ал тәуелсіз болу – ғалымның өз қолында. Мысалы, теориялық физикамен айналысатын ғалымдар – тәуелсізбіз. Бір жерге барып, тәжірибе жинау керек болса, оларды қадағалаймыз. Иә, ағылшынымыз кем шығар, бірақ шығарған есебіміз бен нәтижеміз бір. Бәсекеге қабілеттіміз. Бұрын, шетел теңдеуін шығарсақ, қазір әлем біздің теңдеуді шығарады. Жеке теңдеудің өзі тәуелсіз екенімізді айқындайды. Тағы бір айтарым, «ақшасын төлеп, ғалым шақырайық»­ деп жатады. Мәселен, маған ақшасын беремін, бізге кел деп Африкаға шақырса да, бармаймын. Аз ақша болса да елге қызмет етіп, тамыр жайғым келеді. Сондықтан өз көсегеңді көгертіп, етек  жайсаң, елдегі ғылым озық әрі тәуелсіз болады.
– Ғалымның тілін ғалым түсінетіндей, жағдайы да белгілі. 30 жыл бұрын елдегі ғалымның саны 50 мыңнан асса, қазір екі есеге азайған. Бұған не себеп?
– Ғылымы толысқан ел – ұлттық қауіп­сіздігі сақталған ел. Қарулы күшпен ғана ұлтты қорғай алмайсың. Қалай қорғанамыз? Ақылмен, ғылыммен қорғаймыз. Іргелі ғылым дамыса, өзге ғылымды жетегіне ертеді. Сонда ұлттық қауіпсіздіктің негізгі ядросы – ғылым. Мұнда гуманитарлық ғылымдар жайын қозғамадым. Елдің мәдениетін, әлеуетін көтеру үшін оны да дамыту керек. Әлемдік бәсекеге қабілетті болу үшін әрекетке көшкен жөн. 
Иә, қазір ғалымдардың саны 20 мыңға жетеғабыл. 30 жыл бойы халқымыз біркелкі дамыған жоқ. Мәселен, 90 жылдары   Кеңес одағы мен АҚШ әскер бойынша да, ғылым бойынша да екі алпауыт еді. Сонда елдегі іргелі ғылым дамыды. Кеңес одағы ыдырағанда, біз «ғылым көлігінен» түсіп қалдық. Өз жолымызды тапқанша біраз қиналдық. Айлық берілмей, жан баға алмай қалған кездер болды. Мысалы, 90 жылдары айлық алмай, жұмыс істедік. Экономика айналымға түспеді. Сонда 5-10 жыл базарда сауда жасадым. Қазір сол сәтті еске алып, өкінемін. Сонша жылды ақша табудың жолына құрбан етпесем, ғылымда басқа да жетістікке жетер ме едім?! Бірақ ғылымға деген махаббатым қайта институтқа әкеліп, әлемдік дәрежедегі ғалымға айналдым. Қазір Үкімет ғылымға, білімге қаржы бөліп жатыр. Ғалымдарға жағдай жасап, тиісті ақшасын төлесе, жастар шетелге кетпейді. Махаббат елге тартпай қоймайды. Елдегі ғылымды дамытсақ, шетелде жұмыс істесе де, осы жақпен салыстырып, байқайтын болады. Салыстыру бар жерде, таңдау да бар. Мысалы, өзім де Калифорнияда 1,5 жыл жұмыс істедім. Жанымда АҚШ-та біржола қалғандары да болды. Мен де ойландым. Ішкі ойым «ғылыми мектеп құрсам, елде құрайын» деп қайта оралдым. Келешекте біздің ғалымдар да Нобель алады. Бастысы, басшыға да, ғалымға да патриоттық сезім керек. Елге-жерге жаны ашыған бала айналып қазығын табады.
– Әңгімеңізге рақмет! 

Әңгімелескен 
Айзат Айдарқызы

966 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз