- АҚПАРАТ АҒЫНЫ
- 13 Ақпан, 2024
Президент Анар Жайылғанованың отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет және қоғам қайраткері Анар Жайылғанованың отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет және қоғам қайраткері Анар Нұралықызы Жайылғанованың дүниеден өтуіне байланысты отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады.
– Анар Нұралықызы еселі еңбек етіп, еліміздің өркендеуіне бар күш-жігерін жұмсады. Көптеген игі іске атсалысып, өзін білікті маман ретінде көрсете білді. Нағыз мемлекеттік қызметшіге тән қалпымен абыройлы қызмет атқарған Анар Нұралықызының есімі мен бейнесі ұмытылмайды. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын, – деп жазылған жеделхатта.
Еске салайық, кеше Қазақстанның мемлекет қайраткері, Мәжілістің экс-депутаты Анар Нұралықызы 55 жасқа қараған шағында мезгілсіз дүниеден озған болатын.
Анар Жайылғанова 1969 жылы туған. Семейдің тумасы.
1991 жылы Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының Философия және құқық институтында кіші ғылыми қызметкер болып жұмыс істей бастаған. 1994 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының кеңесшісі, 1997 жылы осы соттың судьясы болды.
1999 жылдың маусымында Әділет министрлігінің Сот жүйесін талдау және жетілдіру департаменті бастығының орынбасары болып тағайындалды, ал осы жылдың қараша айында аталған департамент бастығы болып тағайындалды.
1999 жылдың желтоқсанында Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің мемлекеттік-құқықтық бөлімінің аға маманы лауазымына ауыстырылды.
2000 жылдың қыркүйегінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының төрағасының кеңесшісі болып тағайындалды. 2004 жылғы желтоқсанда Жоғарғы сотының судьясы болды.
Конституциялық Кеңесінің мүшесі, 2016 жылғы наурызда «Нұр Отан» партиясынан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты атанды.
2022 жылдың 11 қаңтарында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы лауазымынан босатылды.
Фото: ашық дереккөз
1439 рет
көрсетілді0
пікір