Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 16 Ақпан, 2024

Зергер физик, химия, математиканы да білуі керек...

Көздің жауын алатын әшекейлер эстетикаға жаны құмар адамдарға бірден ұнайтыны сөзсіз. Қазір әдемі әшекейлерді қарапайым киім үлгісімен үйлестіріп, сәнді киінетіндердің қарасы көбейді. Демек, қолөнердің ежелгі әрі ерекше түрі зергерлік өнер жаңа бағытта қарқынды дамып келеді. Осы ретте, зергерліктің көпшілікке беймәлім құпиясын білгіміз келіп, Абзал Молдабекпен әңгіме өрбіткен едік.

Талантты зергер Абзал Молдабек – «ALASH JEWELS» брендінің негізін қалаушы. Қайталанбас, ғажап туындылары арқылы қазақ халқының мәдени құндылығы мен ұлттық болмысын айшықтауды мақсат еткен жан. Зергер ру-тайпалардың таңбасы бейнеленген әшекей-лерді жасамайды. Зергердің бұл шешімін шеберхана төрінен орын алған көк тумен байланыстырдым. Айтуынша, қазақ халқының бірлігін мәңгі сақтау үшін руға, жүзге бөлінбей, біртұтас ел болуға ұмтылған жөн. Біз де ә дегеннен әңгіме желісін үзбей, кейіпкермізден «ALASH JEWELS» атауының шығу тарихы туралы сұрадық.

– Шеберханам жоқ кезде бұйымдарды «Зергер Абзал» деп өз атыммен сатып жүрдім. Содан соң болашақта жеке шеберханамда қандай бұйымдар жасағым келетінін ойластыра бастадым. Ұмыт болған ұлттық оюөрнектер, тарихтан сыр шертетін сақ өнері және байырғы аң стилі сынды сан түрлі идеяларды жаңаша үлгіде ұсынуға тырыстым. Осы аталғандардың мән-мағынасы «Алаш» деген киелі сөздің ішіне сыйды.

– Кәсіп жүргізу оңай емес екені анық. Шеберхана ашқанда кедергілерге кезіктіңіз бе? 

– Шеберхананы жабдықтау процесі қызық әрі қиын болды. Құрал-саймандарды Еуропадан, Қытайдан және Ресейден арнайы алдырдым. Шеберхананы бұйым жасау үшін сақадай сай деңгейге жеткізу қажырлы еңбекті талап етті. Жиһазбен толықтырып, шетелдік зергерлерден кеңес сұрап, үй сияқты жайлы әрі ыңғайлы болғанын қаладым. Бір жыл бойы құралдарды түгелдедім. Осы аралықта әріптестерімнің шеберханасында бірігіп жұмыс істедім.

– Шабыт пен идеяны қайдан аласыз? 

– Жан қалауын ақылға салып, мамандығымды таңдағанмын. Өзіме нақты не қажет екенін анықтап, болашағымды бағамдап отырамын. Сондықтан шабыттың шарықтауын күтумен уақыт жоғалтпай, әрекет ету керек. Тұрақтылық болса, бәрі өз бабымен шешіледі. Кейде шығармашылық тоқырауға ұшыраймын. Мұны жоққа шығармаймын. Сурет салып, домбыра шертіп, миымды тынықтырамын.

– Еліміздің әр аймағында зергерлер жеке брендін арқау етіп қана дамып келеді. Қазақстанда қол…нерді …неркәсіп ретінде қалыптастыруға не кедергі?

– Негізі мықты компаниялар бар. Бірақ «әттеген-ай» дейтін тұсы – басқарушы тұлғалар тәжірибелі өзге ұлт өкілдері. Ұлт мүддесі үшін немесе шығармашылық бағытта емес, табыс көзіне айналдыру мақсатында жұмыс істейді. Мықты зергерлер мен дизайнерлерді қол астына жұмысқа алып, өздері негізінен қаржыландырумен айналысады. Қолөнер бағыты бойынша Қазақстан біршама қалыс қалған... Мұның тағы бір себебі, кәсібилік жоқ. Біраз елде бұл сала жеке-дара өнер болып қалыптасқан. Кәсібилік үшін білім мен оқулық қажет. Сондықтан жиған-терген білімімді топтастырып, зергер ісін меңгеруге арналған оқулық жаздым. Мен университетте ауыз әдебиеті сияқты ауызша оқыдым. Оқытушылар тек көрсетеді және ауызша түсіндіреді. Ал теориялық тұрғыда жазбаша нұсқаулықтар мен есеп-қисап тәсілі жоқ. Бұл салада өнерлі болу жеткіліксіз. Физика, химия, математикалық білім қажет. Мысалы, музыкалық аспапты нотамен немесе нотасыз, құлақпен естіп үйренгендей. Кәсібилік әрдайым бір саты жоғары тұрады.

– Эстетикалық талғамыңыздың жоғары болуына не әсер етті? 

– Тәжірибе арқылы уақыт өте келе талғам қалыптасады. Зергерліктің түп-тамыры, діңгегі – сурет салу. Картинаны әр қырынан көре алу қажет. Сурет салу барысында түстердің үйлесімді болуын, тастардың дұрыс орналасуын үйренуге болады. Әлемдегі мықты зергерлердің бәрі контентін өздері жасайды. Мен де бұйымдарды өзім фотоаппаратпен түсіремін. Тұтынушыларға әр детальдің әдемілігін жеткізу оңай емес.

– «Ұстазым» деп кімді айтар едіңіз? Ал сізден қанша адам білім алып, зергерлердің қатарына қосылды?

– Жол нұсқап, бағыт-бағдар көрсетіп, зергер атануыма үлес қосқан ұстазым ретінде ағам Серік Молдабекті атағаным дұрыс болар. Ал Серік Молдабектің ұстазы қолөнер шебері, этнодизайнер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Дәркембай Шоқпарұлы. Бес жылда 30 адамды маман ретінде оқытып шықтым. Саны аз болғанымен, сапасы бар. Кызыққан жанға хобби немесе арт-терапия ретінде қысқа сабақ өткізуге болады. Алайда, менің ұстаздық жолдағы мақсатым басқа. Менен білім алатын әр шәкіртімнен осы кәсіппен нақты әрі тұрақты айналысуын талап етемін. Қолөнердің келешегін кемел етуге ынтасы зор жандарға ғана үйретемін. Бізде қайтпас-қайсарлық болғанмен, тұрақтылық жоқ.

– Сіздің идеяңызды ұрлап, оны өз туындысы ретінде сатылымға шығарған жандарға не дейсіз? Туындының ұрланғанын дәлелдеуге біраз уақыт кететін шығар... 

– Бізде «авторлық құқық» мәдениеті мүлде қалыптаспаған. Тіпті, авторлық туындымды қорғауды қызғанып жатыр деп ойлайды. Идеяны ұрлағандармен соттаспадық. Аңдысып, алаңдау шығармашылығыма кері әсер ететінін байқадым. Қазір бұл іспен арнайы заңгерім айналысады.

– Білуімше, 6-сыныптағы циркульді әлі күнге дейін пайдаланасыз. Жиырма жылға жуық уақыт бойы құралды күтіп ұстаудың сыры неде?

– Оқушы кезімде сурет салуға жаным құмар болды. Қалам, циркульді ұқыпты ұстағандықтан, мектепте де, университетте те қолдандым, қазір де қолданамын. Ұқыптылық қанмен дарыған деп ойлаймын.

– Бұйымның сұлбасын сызып, идеяны толық жүзеге асыруға қанша уақыт кетеді? 

– Жасалуы ең ұзақ әшекей бір жылда дайын болды. Басым бөлігін бір ай көлемінде жасаймын. Ұзақ уақытты талап ететін кішігірім процестер бар. Жасаған бойда сатылымға шығармаймыз. Алдымен тағуға ыңғайлы екеніне көз жеткіземін. Көбіне табиғи тастарды қолданамын. Жасанды тасты да қолдануға болар еді. Дегенмен, көңілімнен шықпаған соң, табиғи тасты шикізат ретінде сатып аламын. Тастың елге келуі мен жарамды бөлігін ажыратып, өңдеу уақыт алады.

– Университетте зергер мамандығын жалғыз оқып шығыпсыз. Бәсеке жоқ па, әлде сұраныс аз ба?

– Мен Абай атындағы ҚазҰПУ-да «Көркем білім, графика және жобалау» мамандығы бойынша білім алдым. Алғашында біз үш студент болдық. Олар орта жолда таңдаудан қателескенін түсініп, оқудан шығып кетті. Жалғыз студент болуымның сыры басқада деп ойлаймын. Біріншіден, университет негізінен педагогикалық бағытта. Сондықтан талапкерлердің басым бөлігі бұл мамандықтың барынан бейхабар. Өйткені жарнамалау жағы ақсап тұр. Екіншіден, қолөнер ісіне қажетті құралжабдықтармен қамтылмаған. Сайманы сайланбаған шеберхана – білім ордасының ең осал тұсы. Студенттің міндеті – университет қабырғасынан білімді маман болып шығу. Десе де, құралсыз шеберханада қабілетімді шыңдауға бел буып, материалдарды өз қалтамнан сатып алдым. Ал тапсырмаларды орындау үшін ағамның шеберханасына баратынмын. Мұндай келеңсіздік шешімін таппаса, өнер ұғымының киесі мен қасиетін жоғалту қаупі басым. Содан соң бұл маман тапшылығына ұласады.

– «Алаш» бұйымының мұхит асуы жайлы видео көрген едім. Демек, тұтынушылардың арасында шетелдіктер де бар болғаны ғой?

– Алматыдағы халықаралық мектепте шетелдік мұғалімдер сабақ өтеді екен. Көктемде сол мектеп ұйымдастырған фестивальге қатыстық. Жұмыстарымызды көрмеге қойып, таныстырдық. Шетелдіктердің қызығушылығы зор болды. Содан соң шеберханаға қонақ ретінде шақырып, домбыра шертіп, әр бұйымның тарихын баяндадық. Оларға да, бізге де қызық болды. Шалғайдағы қандастарымыз да туған елге сағынышын сейілту үшін тапсырыс береді. Былтыр ұлты корей азамат Қазақстаннан АҚШ-қа қоныс аударған еді. Қазақ елінен естелік ретінде киіз үйдің пішініндегі алқаны алып кетті. Осылайша, «Алаш» әшекейлері қазақтың абырой даңқын асқақтатуға ықпал етіп жатыр десек болады.

Сөз соңында брендтің жарнамасы туралы сұрадым. Айтуынша, атақты адамдардың басым бөлігі тегін дүниеге құмар. Еңбекті бағалау былай тұрсын, қалауына атағы арқылы қол жеткізуді көздеу қоғамның дамуына кедергі емес пе?

Нұрбибі АЛЧИНОВА, 

«Ұлан» газетінің жас тілшісі, 

ҚазҰУ-дың 1-курс студенті

«Ұлан» газеті, №7
13 ақпан 2024 жыл

 

504 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз