- АҚПАРАТ АҒЫНЫ
- 22 Ақпан, 2024
Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинмен кездесті
Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинмен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекет басшысы Қазан қаласында алғаш рет өтетін «Болашақтың ойындары» халықаралық турнирінің ашылу рәсіміне шақырғаны үшін Ресей Президентіне алғыс айтып, бұл бірегей сипаттағы шара екенін атап өтті.
– Шын мәнінде, «Болашақтың ойындары» – IT интеллект пен спорт ұштасқан бірегей формат. Біз мұнда мықты команда әкелдік. Жақсы нәтиже көрсетеді деп үміттенеміз. Жалпы Қазақстанда IT секторы дамып келеді. Біздің өз ойындарымыз бар. Халықаралық деңгейде жарыстар өткіземіз. Ресей Федерациясы дер кезінде қолға алған осы бастаманы жалғастыру үшін келесі «Болашақтың ойындарын» біздің елімізде ұйымдастыруды ұсынамын, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресей арасындағы екіжақты қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
– Бұл – біздің жаңа жылдағы алғашқы кездесуіміз, Владимир Владимирович. Біз бәріміз Ресейде 17 наурызда өтетін президент сайлауын күтіп отырмыз. Түпкілікті нәтиженің ойдағыдай боларына күмәніміз жоқ. Өйткені Ресей Сіздің беделді басшылығыңызбен таңқаларлық табысқа қол жеткізіп келеді. Шын мәнінде, Сіз өз мәлімдемелеріңізбен, іс-әрекетіңізбен жаһандық күн тәртібін қалыптастырасыз. Бұл біздің ынтымақтастығымызға және Сіздің былтыр қараша айында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарыңыз кезінде қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалуына оң ықпалын тигізетіні сөзсіз. Менің ойымша, қос тарап, екі елдің үкіметтері аталған уағдаластықтарды табысты жүзеге асырып жатыр. Қазірдің өзінде нақты нәтиже бар, – деді Қазақстан Президенті.
Фото: Ақорда
Владимир Путин «Болашақтың ойындары» турнирінің ашылу рәсіміне қатысқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, Ресей тарапының Қазақстанмен стратегиялық серіктестікті одан әрі күшейтуге бейілді екенін растады.
– Спорт қандай да бір саясаттан тыс болуы керек, сондай-ақ халықтарды жақындастыруға тиіс. Мен мұны бірнеше рет айттым, тағы да қайталағым келеді. Бүгінгі турнирге жүзден астам елден, нақтырақ айтқанда, әртүрлі континенттің 104 елінен көптеген қатысушы келді. Диджитал-спортқа және нағыз дәстүрлі спортқа қызығушылық танытатын жастар қатысып отыр. Ал екіжақты қатынастарға келер болсақ, байланыстарымыз аса маңызды барлық сала бойынша нәтижелі дамып келеді. Былтыр біздің делегацияның Қазақстанға сапары сәтті болды. Біз алдағы даму бағыттарын айқындадық. Әріптестерім маған қазіргі уақытта энергетика, инвестиция және өңірлердегі жұмыстардың қалай жүріп жатқанын баяндайды. Мұның бәрінде жалпы екі ел, жекелеген аймақтар және тұтас салалар үшін өзара мүдде көзделеді, – деді Ресей Президенті.
Фото: Ақорда
1505 рет
көрсетілді0
пікір