Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 15 Наурыз, 2024

Владислав Тен: Қазақтілді Қазақстанды қалыптастырғым келеді

Отанға қызмет ету – әр азаматтың қасиетті борышы. Ол – ешкімнің ұлтына, тіліне, әлеуметтік қызметіне байланысты емес, әркім шама-шарқынша атқаратын абыройлы міндет. Өзгелерге қазақ тілін үйретуді басты мақсаты ретінде ұстанған,  осы жолда үзбей еңбек етіп келе жатқан Владислав Теннің арманы - болашақта қазақтілді Қазақстанды қалыптастыру.

Алғашқы сұрақты өзіңіз фейсбук парақшаңызда жазған пікіріңізден бастағым келед:. Қазақ тілі әлемдегі үйренуге ең оңай тілдердің біріне жатады. Бұл фактіні Қазақстаннан басқалардың бәрі біледі деген сыңайдағы жазба қалдырған екенсіз.

Қазақ тілі түркі тілдер тобына кіреді және үйренуге оңай тілдердің бірі. Оны әдейі күрделі тіл деп насихаттайды деп ойлаймын. Бұның кімге керек екенін білмеймін. Дегенмен, қазақ тілі – ең күрделі және ең бай тіл, тіпті қазақтар да түсінбейді, қазақтардың өздері де жетік меңгере алмайды деген әңгімелерді жиі естимін.  Бұның бәрі қазақ тілі туралы мифтер. Қазақ тілі де өзге тілдер секілді адамның тілі ғой. Бір адам сөйлеген тілде өзгелер неге сөйлей алмайды? Бұл тіл үйренгісі келгендерді айныту, қорқыту үшін жасалып отырған қасақана әрекет деп білемін. Одан кейін, мысалы, мен қазақтардан «қазақшамды дамытуым үшін не істеуім керек?» десем, көбі «Абай жолын» оқу керек деп жауап береді. «Абай жолын» кейде қазақ тілін жақсы білетін қазақтар да түсінбейді. Өйткені бұл шығармадағы кейбір сөздер, ұғымдар қазір қолданыстан шығып қалған. Сондықтан нөлден бастап қазақ тілін үйренгісі келгендерге «Абай жолын» оқуды ұсынатындарды түсінбеймін. Тіл үйренушілер үшін бұл шығарма не үшін «клишеге» айналды? Мысалы, орыс тілін үйренгісі келетіндерге «Цирковнославянская библияны» ұсынбаймыз ғой.

«Абай жолы» қазақ әдебиетіндегі көркемдік деңгейі жоғары проза екенінде дау жоқ. Дегенмен тілді енді ғана үйренуге бет алған адамдарға ұсынылатын шығарма емес. Қазақ тілін өзгелерге жетік түрде кім үйрете алады? Меніңше, қазақ тілін бұрын білмей, кейін меңгерген адам дер едім. Қазақ тілінің басты мәселесі сонда, оны бұрыннан білетін, ана сүтімен берілген адамдар өзгелерге қалай оңай үйретуге болады деген сұрақпен ешқашан айналыспаған. Егер нағыз қазақ тілінің жанашыры болсақ, біз соны түсінуіміз керек. Сол себепті  орыстілді қазақтар қиналып жүр ғой, оларға қалай көмектесуге болады деп, академиялық тұрғыдан түсінуіміз қажет.

Тіл үйренуге арналған жақсы кітаптар жоқ. Қазақ тілін шет тілі ретінде орысша ойлайтын, сөйлейтін адамдарға үйретуге  арналған әдістеме жасау керек. Нөлден бастап жүйелі түрде үйрету маңызды. Әрі қарай адам өзі де түсініп кетеді.

Қазір байқасаңыз, мектеп бағдарламасы арқылы қазақ тілін оқыған балалар неге қазақша түсінбейді деген мәселе жиі айтылып жүр

Негізі, менің 30-ға жуық тілді үйренген тәжірибем бар. Сондықтан басқа тілдермен салыстырғанда қазақ тілін үйрену қиын деп айта алмаймын. Қазақ тілін үйренуді не қиындатады? Мысалы, мектепте мұғалімдер оқушыларға бірден өлеңдерді, мақал-мәтелдерді, Абайдың қара сөздерін жаттатып, «Абай жолын» оқытады. Сол себепті де мектепте  оқып жүрген тілі орысша шыққан балалар қазақша мүлдем түсінбейді. Тіл үйретуді қарапайым грамматикадан бастау керек. Мектептегі кейбір балалар «Мен ертең мектепке барамын» дегенді айта алмайды. Өйткені, бала «бару» деген етістікті де білмейді. Грамматикалық шақтың жүйесін, осы шақ, келер шақ, өткен шақтарды түсінбейді. Менің екі балам бар. Олар мектепке барады, бірақ мұғалімдердің оқытқан қазақ тілін түсінбейді. Сондықтан оларға өзім көмектесемін. Олар орыстілді, бірақ қазір қазақша түсінеді. Өйткені грамматиканы біледі. Енді бірнеше жылдан кейін менің ұлым қазақша толығымен түсініп кетеді деп ойлаймын. Мектептегі балалардың қазақша сөйлеп кете алмауының тағы бір себебі, тілдік орта деген бар. Қазақстандағы қай ұлттың баласын алсаңыз да, олар аздап болса да ағылшынша түсінеді. Себебі олар бала кезінен бастап интернетте отырады. Ал интернеттің тілі – ағылшын. Себебі ол жерде қазақ тіліндегі контент аз. Ол ағылшын, орыс тіліндегі контентке бәсекелестік жасай алмайды. Сондықтан балалар гаджетке кірсе, ақпараттың бәрі ағылшын, орыс тілдерінде шығады. Гаджеттің өзі біздің балаларымызды орыстандырады. Мысалы, осы жердегі кәрістерді алайықшы. Біз орыстілді адамдармыз. Біздің ата-бабаларымыз кәрісше білгенімен, кейін тек қана орысша сөйлескен.  Сондықтан біз кәріс тілін білмей өстік. Мен Кореяға барып өзімнің ана тілімді үйреніп алдым. Сондықтан қазіргі біздің қоғамдағы қазақ тілі мәселесін өте жақсы түсінемін. Себебі біз де шала кәріспіз, бізде де тіл мәселесі бар. Сол себепті мен орыстілді адамдарға көмектескім келеді. Қазір кітап жазып жатырмын. Жақында жарыққа шығады. Сол кітап арқылы көп адам қазақ тілінде сөйлеп кетеді деп үміттенемін. Себебі, осы күнге дейін қаншама адамға қазақша сөйлеуге көмектестім. Бұл кітабымда қазақ тілінің грамматикасы жеңіл үйретіледі,  ол орысша ойлайтын адамдарға арналып жазылған. Осы кітап Президентке, жауапты министрліктерге ұсынылса деймін. Қолдау тауып жатса, талай адам қазақ тілін оңай меңгеріп кетер еді. Менің мақсатым – қазақтілді Қазақстанды қалыптастыруға көмектесу. Орыс, ағылшын тілдері бола берсін. Бірақ бәріміз бір тілде, яғни қазақ тілінде түсініп, ойлай алуымыз керек. Сонда ғана арамызда бізді біріктіретін қазақша рух пайда болады. Содан кейін біз дені сау елге айналамыз деген арманым бар.

Қазір неше тіл білесіз? Тілді тез меңгерудің құпиясымен бөліссеңіз

Мен бес тілді жетік меңгердім. Оның ішінде қазақ тілі бар. Қазақ тілі жайлы білімімді әлі күнге дейін жетілдіріп келемін. Орыс тілін де шет тілі ретінде үйретіп жүрмін. Кәріс, өзбек, ағылшын. Бес тілді үйретемін және жақсы білемін. Менің түркі тілдеріне арнайы қызығушылығым бар, түркі тілдерінің грамматикасын өте жақсы түсінемін. Мәселен, башқұрт, татар, әзірбайжан тілдерінің грамматикасы ұқсас. Кәріс тілі жапон тіліне ұқсайды, грамматика жағынан қатты ұқсас,  сөздері ғана басқашалау.

Менің негізгі мамандығым – дәрігер. Студент кезімде үш тілді қатар үйрендім. Олар: кәріс, өзбек және ағылшын тілі. Үш тілді тез үйрену үшін мен өзімнің ерекше жолымды таңдадым. Яғни дәрігер ретінде, тілдерді біз қалай тез меңгереміз деп ойлана бастадым.

Біз тілді мимен қабылдаймыз. Ми тілдерді түсіну үшін ең алдымен құлақпен есту, тыңдау керек, яғни жаңа тілге деген есту қабілетімізді дамытуымыз керек. Соны түсініп, мен ағылшын тілін үйренбес бұрын түрлі видео кассеталарды сатып алдым. Тіл үйренудің сыры – тыңдауда. Мен 2017 жылдан бастап бір жылда қазақ тілін бір кісідей меңгеріп шықтым. Бір жыл бойы қазақ тілін тыңдап жүрдім. Кез келген ақпаратты ютубтан, радиодан, фильмдер, жаңалықтар бәрін тыңдай бердім. Ал енді кейбір тіл үйренгісі келген қазақтардан қазақша не тыңдап жүрсіз деп сұрасаңыз, олар мүлдем тыңдамайды. Мысалы, Қайрат Нұртасты тыңдайсың ба десең, «жоқ, маған Қайрат Нұртас ұнамайды» деп жауап береді. Мәселе ұнағанда емес, маған да Қайрат Нұртас ұнамауы мүмкін. Бірақ мен оны қазақша білу үшін тыңдаймын. Қазақша үйренгісі келетіндер қазақ тілінде ешнәрсе көрмейді, телехикаяларды орысша, түрікше, кәрісше қарауы мүмкін, тек қазақша емес. «Қазақша әндер ұнамайды. Аульский, қазақбайский, не современный» деген жауаптар айтады. Телеграм, тикток, инстаграмда бәрін орысша көреді. Қазақша вайн көрмейді. Осылай тек орысшасын дамытады, ал тілді меңгеру үшін сол тілде тыңдау машығын қалыптастыру керек. Қазақшаңыз сауатты болсын десеңіз, грамматиканы меңгеру маңызды. Тілді меңгерудің сыры сонда.

lingva.ten тіл орталығын құру идеясы қайдан пайда болды?

Мен дәрігерлікті тоқтатып, басқа салада жұмыс істеп көрсем дедім. Сол мақсатта 2017 жылы орталығымды аштым. Осы жылы қазақ тілін тереңірек үйрене бастадым. Бастапқыда ағылшын тілін үйреттік. Кейін сұранысқа қарай қазақ тілін де үйретуге көштік. Мен қазақ тілін өзгелерге үйрету үшін әдейі үйрендім.

Орталығыңызда қай тілді үйренуге сұраныс көп?

Қазір қазақ тілін үйренуге деген сұраныс жоғары және сұраныстың 99% орыстілді қазақтардан келеді. Ата-аналар балаларын көп әкеледі. Себебі олар менен ұялмайды. Бізде қазақ тілін үйрету үшін балаларын ұлты қазақ мұғалімдерге апарса, олар басқаша көзқараспен қабылдайды. Оларға мәңгүрт,  қазақ бола тұра ана тілін білмейді, қандай қазақсың деген сөздер жиі атылады екен. Бұл дұрыс емес, қандай тілде сөйлесек те, бәріміз бір елміз. Біз қазір екіге бөлінген қоғамбыз. Бір жартысы орысша, бір бөлігі қазақша сөйлейтіндер. Бірақ бір нәрсені түсінуіміз керек. Бізді орыс тілі біріктіре алмайды. Себебі біз Ресейде тұрмаймыз. Қазақстанда бізді қазақ тілі ғана біріктіруі керек.

Сізге қазақ тілін үйрену үшін билік басында жүргендер, қалталы азаматтар жиі келеді деп естіген едік.

Менен өте көп депутаттар сабақ алып жүр. Бұған дейін 5 вице-министр сабақ алды. Орталыққа тіл үйрену үшін түрлі адамдар келеді. Олардың ішінде өте ауқатты миллиардерлер де бар. Олар біздің орталықты нәтиже бар болған соң таңдайды деп ойлаймын.

Дәрігер мамандығыңызды лингвистке ауыстырғаныңыз үшін өкінбейсіз бе?

Менің негізгі мамандығым – гастроэнтеролог. Кореяда бұл мамандықты оқып, дәрігер болып жұмыс істегенмін. Мамандығым бойынша жұмысымды жалғастырмағаныма, әрине өкінемін, себебі мамандығымды қатты жақсы көремін. Бірақ бұл уақытша. Өзімді әлі де дәрігер болып жұмыс істеймін деп қабылдаймын, кезінде асқазан ауруларын емдесем, қазір тіл ауруларын емдеймін. Мысалы, қазір қазақша білмеу, кәрісше білмеу деген сияқты аурулар бар.

Әлеуметтік парақшаңызда өте белсендісіз. Қазақ тілін үйренгісі келмейтіндерге арнап батыл жазбалар қалдырасыз.  Осындай пікірлеріңізге қарсы шығатын, немесе қазақ тілін хайп үшін пайдаланады деп ойлайтындар көп пе?

Ондай адамдар аз, көбі мені қолдайды. Бірақ кейбір адамдар намыстанады. Ұлты кәріс адам қазақ тілі туралы айтады, зерттеп жүр, қателерін дұрыстайды деп біреулерге ұнамауы мүмкін. Бірақ мен оларды түсінемін және оларға ренжімеймін. Егер менің істеген жұмысым туралы айтып жатса, ол өте жақсы деген сөз. Егер ешкім сен туралы айтпаса, бұл дұрыс емес. Демек, менің ісім өзгелер үшін маңызды.

Болашағыңызды Қазақстанмен байланыстырасыз ба, әлде тарихи отаныңызға оралу жоспарда бар ма?

Мен болашағымды тек Қазақстанмен байланыстырамын. Себебі, қазақ тілін дамытуға өз үлесімді қосқым келеді. Болашақта, мүмкін он жылдан кейін бе, қазақ тілі мәселесі жойылады. Тіл үйренуге деген сұраныс болмайды, өйткені бәрі қазақ тілін білетін болады. Сол кезде мен қайта дәрігерлігімді жалғастыратын шығармын. Бірақ Қазақстаннан кетпеймін, бұл елді жақсы көремін. Қазақстан – киелі жер. Біздің ата-бабаларымыз кезінде осы жерге келгенде қазақтар баспана беріп, бір үзім нанын бөлісіп жеген. Сондықтан ол жақсылықты ұмытпаймыз, халықтың алдындағы қарызымызды қарымта ретінде қайтаруымыз керек. Мүмкін болашақта балаларым бұл елден кеткісі келетін шығар, олардың өз қалауы бар, бірақ мен ешқашан Қазақстаннан кетпеймін.

 

Әңгімелескен:

Гауһар ТҮСТІКБАЕВА

2315 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз