Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 30 Наурыз, 2024

Нөсер

(Әңгіме)

Қуаныш ЖИЕНБАЙ

Киікбайдың мазасын алған мына телефоны түскірді не істесе екен, а?! Ашық тұрған терезеден көшеге қарай лақтырып жіберсе, біреу оның өтемақысын сұрай ма? Қалта телефонсыз да өмір сүріп келген Киікбай мұнан былай да тып-тыныш тірлігін жалғастыра берер еді-дағы. Келіндерінің көкейіндегі түпкі мақсатты түсіне алсашы; атамыз екінің бірі емес, еш нәрседен таршылық көрмесін дейтін жанашырлық па... әлде ана кісімен іштей бақталасып жүретінін білген соң, соның алдында кішіреймесінге саятын қамқорлық па? Мұны аңғарғандарына мың алғыс! Оларға енді кейістік білдіргеннен не пайда. Естуінше, қымбат телефонды несиеге алған сыңайлы... Иә, Киікбай күн сайын үкімет адамдарымен ел тағдыры жайлы ақылдасып тұратын еді; хабарласпаса, олар жер-көкті шарлап, Киікбайды іздейтін еді. Е, соны айтамын да...

Бұрындары Киікбай ертеңгі шайын адам құсап асықпай, кесесіне бір уыс тары салып, еш нәрсе ойламай, еш нәрсеге алаңдамай, терлеп-тепшіп рақаттана ішетін-ді; құс жастыққа жантайып, теледидардың соңғы жаңалығын тындайтын-ды; далаға шығамын десе, немерелерін киіндіретін-ді. Қазір соның бәрі көзден бұл-бұл ұшқан. Осы жұрттың телефоннан басқа қызығы түгесілген бе? Бәлкім, Киікбайдың осы бір уақытша жан тыныштығын көре алмайды. Таң атпастан телефонға маза жоқ. Және елең еткізерліктей елеулі оқиғаны хабарласа жөн ғой, кәкір-шүкір. Әлдекімнің бұлақтай сауып отырған іңгені жоғалып кетіпті, «ботасына обал-ақ, сіз ел-жұртпен емен-жарқын араласасыз, біреулерден күдіктенбейсіз бе» деп айдаладағы Киікбайдың мойнына ап-ауыр міндет жүктейді. Немесе «пәленшенің бойжеткен қызын қаладан келген біреу алып қашыпты, екі-үш күннен бері хабар-ошарсыз, Киеке-ау, ол арыдан қосылатын біздің ағайын ғой, кез келген дорақ бүйтіп басына берсе, келешегіміз не болмақ, сіз көп көрген елдің ағасысыз, полицияға хабарлаймыз ба, қайтеміз?..» Тағы да зіл батпан жүк.

Оу, түйесі жоғалған кісі жан-жаққа сұрау салып, өзі іздемей ме? Киікбайдың бұған қатысы не? Қызы кетсе, қызына шынымен жаны ашыса, екі-үш күннен бері боқ бітіріп жүр ме, артынан қуғыншы жібермей ме? Соған қарағанда бір шикілік бар. Жастар бұрыннан сөз байласқан болса, бұл араға Киікбайдың киліккені қалай?.. Ал мықты болсаң, осыдан кейін бір уыс тары салған қою шайды жайбарақат ішіп көр! Сұйық тамақтан әрі өтер ғой, өткені бар болсын, шекең тырысып, қанша ойламайын десе де, әлгі сұрақтар әлсіз жүйкеге аяусыз ине сұққылайды.

Дүние тап оған тіреліп тұрса да деп, Киікбай кейде қымбат телефонды шайға келерде жастығының астына әдейі «ұмыт» қалдырады.

– Ата, телефоныңыз!.. – Айтары жоқ, нағыз сақ құлақ. Кіші келіні сүріне-қабына тапырақтап, төргі бөлмеге жүгіреді. Телефонның үнін өшіруге немесе байланысты ажыратуға Киікбайдың сауаты жетпей-ақ қойды.

– Әл-ләу?

– Киікбай көке!

– Айта бер, тыңдап тұрмын.

– Сізге барып жолықсам, ақылдассам деп ем.

– Сен кімсің?

– Танымадыңыз ба, телефоныңыздан аты-жөнім шықпады ма? 

– Күніге оншақты кісі хабарласады, қайбірі есте тұрады.

– Мен Пернебай құрдасыңыздың ұлы Серікбаймын ғой.

– Иә, Серікбай әкең қалай?

– «Атқан оқтай, шапқан аттай...»

– Бәрекелді, әкеңе сәлем айт.

– Соның сәлемдемесін жеткізейін деп...

– Айта бер.

– Айтқанда... көзбе-көз пікірлескеніміз жөн еді.

– Мемлекеттік құпия ма... егер мемлекеттің құпия болса, амал қайсы?

– Жо-жоқ, анау айтқандай, ерекше бұйымтай емес, ауыл-аймақтың шаруасы әншейін. Өзімізге қараған ағайындар тағы да жиналып, ниетімізді білдірейік дейді.

– Ол немене?

– Күннің өртеніп тұрғаны мынау, далаға шығудан қалдық. Малға шөпті биыл қайдан тасымалдайтынымызды қайдам, бір шөмеле шөпке саудагерлер әкесінің құнын сұрайды. Ұят-аят кеткен бүгінгі адамнан?! Басқаларда неміз бар, өзімізге қараған ағайынның тағдыры тұ­йыққа тірелді.

– Енді не дейсіңдер?

– Тасаттық берейік, құдай біздің жанымызды қуыра бермес, рақымы түсер.

– Ау, ана жолы бермеп пе едіңдер?

– Беруін бердік, бірақ ондағы асығыс­тықты айтпаңыз. Бұл жолы өзімізге қараған ағайынды түгел қатыстырмақ ойы­мыз бар, тілегіміз бір жерден шықсын. Сосын...

– Иә, тағы не?

– Тасаттыққа шалынатын сойыс малды даярлап қойдық, анау-мынау керек-жарағы да біздің мойнымызда.

– Ендеше, менен не көмек?

– Пернебай құрдасыңыз «біздің рудың көшбасшысы Киікбай ғой, алдымен сонымен ақылдасыңдар» деген соң...

– Мен не дейін, ниеттерің қабыл болсын!.. Неге күмілжідің, «ру көшбасшысынан» тағы нені сұрамақ едің?

– Айта берейін бе?

– Айт, соны айту үшін звандап тұрған жоқпысың?

– Көшенің арғы бетіндегі Өскенбайдың ағайындарына тасаттық бергелі жатқанымызды айтамыз ба, айтпаймыз ба; оларды осы іске қатыстырамыз ба, қатыстырмаймыз ба? Бізді қинаған осы сұрақ.

«Бұған Өскенбайдың қатысы не, Өскенбайсыз таңдарың атып, күндерің шықпай ма?» – Киікбайдың тамағына әлдене кептеліп қалғандай, біразға дейін үнсіз қалды: – Жауабын ертең айтамын, – деді сәлден соң. Телефонды қамыс үйдің іргелігіне тастай салды.

 

***

 

Құдай салмасын, биылғы ыстықтан аман қалғандарға, сірә, бір-бір ескерткіш орнату керек шығар! Түкірігің топыраққа түсіп үлгермейді. Төңірегің түп-түгел алай-дүлей от-жалын. Олай-былай аунатсаң, құмға жұмыртқа піседі. Уақ мал түгілі, сирақ­тыларының өзі қора маңынан алыс ұзамайды. Бәрін суаратындай, бәрінің шөлін қандыратындай асып-төгіліп, гүмпілдеп тұрған құдығың қайда. Таз кісінің басындай дарияның түбінен бірнеше аралшық пайда болған. Бір нәрсе айтудан бұрын, тіке қараудың өзі мұң. Себеп-салдарын жіліктеуге бір арба жан керек. Шешенсіп, әркім әртүрлі долбар айтуға шебер. Құмды өңірдің жылтыраған көз жанарындай, күллі дүниені жарылқап тастамаса да, ептеп ес жиюға жарап тұрған көк теңіздің «жаназасы» шыққалы қай заман! Сиырдың бүйрегіндей бөлініп қалған Кіші теңіздің ахуалы да «шықпа, жаным, шықпа...» Сүйтсе, көп нәрсенің арғы астарын аңдамай, апың-гүпің тірлік кешкен ағайын табиғат-ананы құдайдың бізге көрсеткен мәңгілік мейрім-шапағаты деп түсінеді екен ғой. Теңізден ескен салқын леп аптап ыстығыңның «аузын ұрып» жіберетін болған соң, анау-мынауға бас ауыртпапты. Қазір ол күндер арман. Бәрін айт та, бірін айт, сол теңізден соққан салқын самалдың азды-көпті қызығын көргендер ол жайлы сұрасаң, еңірегенде етегі жасқа толады. Енді қанша жыласаң да, ол дәуірдің қайтып келмесі аян.

Біреулер ойдан-қырдан естігенін араға тықпалап, іргедегі Байқоңыр космодромының кесапатын қарғап-сілеп, жерден алып, жерге салады. Және мұнан көп жұрттың хабары мол. Мәселе нақ соған тірелгенде, үлкен оркестрдің сан түрлі музыкалық аспаптарындай жан-жақтан улап-шулап, өре түрегелгенде: «сірә, мыналар мына түрімен кешікпей космодромды көшіріп жіберетін шығар» деп құлағың елең ете қалады. Әңгіме ауаны біраз жерге шығандайды. Космодромға байланысты деректер бірінен-бірі асып түседі. Қызып алғандар екі білегін сыбанып, бұрын айтылғандардан өз даусын оздыру үшін құйрығымен жылжып, ортаға қарай ентелейді. Сөз деген жарықтықтың түбі көрінсейші! Ағыл-тегіл. Біреулер осы айтысы үшін ақы төлейтіннен әрі. Ертеңнен басталған отырыс тал түске иек артады. Бірен-саранды шөл қинайды. Ғасырлық проблемаға айналған кәделі жиын себепсізден-себепсіз осы тұсқа келгенде сәл бәсеңсиді. Сірә, «космодромды түбірімен жапқызып тастау немесе атмосфераға спутник ұшырмау сендер түгілі анау дәу бастықтардың да қолынан келмейді» дейтін сыпсың әлдененің әсерімен там-тұмдап құлағына жете ме, қайдам, «ораторлардың» біртіндеп қатары сирексиді. Біреуі «уақытымен дәрі ішетін едім» деп тізесін қаққыштап, орнынан түрегеледі; екіншісі «біздің кемпір қалаға жүретін еді, автобусқа шығарып салайын» деп ұйып қалған белін тіктеп, қисалаңдап сыртқа беттейді. Қалғандары «енді не дейміз, бәрі айтылды ғой» деп бір-біріне жалтақ-жалтақ қарасады.

«Бір күнге созылған пікірталастың нәтижесі қайда, қорытындысын кім шығарады?!» Осыған нақпа-нақ жауап беретін пенденің қарасы әзір көрінбей тұр. Ал далаға шықсаң, төбеңді тесетін ысылдаған аптап, жан-жағың жалаңдаған от құрсау. Манағы өзекті мәселені ортаға салғандар «космодромы да, басқасы да құрып кетсін, мына сұмдыққа қарсы тұрар не амал бар, қолымыздан не келеді, осы біз әлімізге қарамай, аспанға секіргенді қашан қоя­мыз, а?!» деп терлеп-тепшіп, бір уыс тары салған қызыл күрең шайға әбден қанып алған соң, бір-біріне телефон соғады. 

Сонымен не керек, тіл ұшына оңай орала кететін «тасаттық, тасаттық» дейтін дабыл әр шаңыраққа бірер мәрте аялдап, аспан әлемін шарлап жүр...

 

***

 

«Бір рудың көшбасшысы» Киекең, Киікбай біреу-міреу хабарласып қала ма деместен, іргеліктегі қалта телефонын да көтерместен, есік алдындағы төбесі брезентпен бүркемеленген көлеңкенің астына барып, біраз ойланады. Ауық-ауық төңірегіне назар жығады. Төңірегіңіз әдеттегіше күйіп тұр. Ақ сағым көз арбайды. Ыстықтан ығыр болған қозы-лақ бірін-бірі итерісіп, тоқал тамның көлеңкесіне тығылысады. Әдетте (мұнікі еріккеннің ермегі емес) бір уыс тарыны кесеге салып, жібітіп жегені аздай, тағы бір уысын қалтасына салып алған Киікбай осындайда онысын ауланың қуыс-қуысынан бірдемелерді теріп жеп жүрген торғайларға шашар еді. Торғайларға мұнан артық сый-құрметтің қажеті шамалы. Піскен тарының төрт-бес түйірі бұйырса, қарын тоқ. Және қорадағы мал-текеге қыстық азықты қайдан табамыз деп, ойға-қырға шапқылап жүргендерден бойын аулақ ұстап, көбіне өзімен-өзі ой үстінде отыратын осы бір орта бойлы кісіге де айтар алғысы шексіз.

 Оу, мұндай ақеден азаматты бұл маңнан сирек ұшырастырасың. Әрі құм қойнауына қоныстанған шағын ауылдың байырғы тұрғындары тұрғанымен қыңыр-қисық. Көпшілігі әлденеге риза болмай, күні бойы күңкілдеп, өздерімен-өздері күбір-күбір сөйлесіп жүреді, қабағы бір ашылмайды. Қабағының ашылмайтын себебі – жұрт жұмыр жерді былай қойып, Марсқа ұшып, онда да адам өмір сүретіндей тірлік бар екен, бал татитын зәмзәм суы бар екен деп, бір-бірінен сүйінші сұрап жатқанда, бұлардікі неткен таусылмайтын тозақ?! Бұларды немене, аспандағы бір тылсым күш осы тозақтан кім қандай күшіне сеніп, қалай аман шығар екен деп, сынау үшін әрбір қадамын аңдып, төбеден бақылап тұра ма? Қанша бақыласа да, бұлар да адам ғой, бұлар да бір тұтам тірлікте рақат көруге тиіс қой! Мына Киікбайдың қолындағы бір уыс тары түгесілгенше, бұл маңнан ұзап ұшпайтын торғай құрлы жоқ па?!

Ал турасына көшкенде, Киікбайдың да торғайларды жарылқайыншы деген ниеті шамалы. Өстіп отырғаны өзіне ұнайды. Торғайлардың қыт-қытынан қуат алады кәдімгі, ой деген жарықтық бастың ішіне құйылады науалап. Әлгі телефондағы бар болғыр бауырына табанда жауап беруден тартыншақтағаны, ол Киікбай оп-оңай шеше салатын жүрдім-бардым тапсырма емес-ті. Қабырғамен кеңесуге тура келеді. Өскенбайға тасаттық туралы айту керек пе, керек емес пе? Міне, мәселе қайда?! Өскенбай да осы ауылдың әтібірлі азаматы. Екеуі бір-бір рудың көшбасшысы. Жиналыс ашып, жиналыстың протоколы толтырылып, мөрі басылмаса да, ел екеуін солай қабылдаған. Ел дейтіндей, елдің жағдайы белгілі, қаншалық ауыз толтырып айтқанымен, ауыл – бар-жоғы екі көшеден тұратын іргелі ұжымшардың шағын бөлімшесі. Сол екі көшеге кімнің қалай қоныстанғаны әлі күнге дейін жұмбақ. Көзге баттиып көрінбесе де, әр кеудеге мыз­ғымастай орныққан «рулық заңның» бұзылмағанына таңғалмасқа және шараң жоқ. Екі көшеге екі рудың үрім-бұтағы жағалай орныққан. Әрине, бұл неткен жікке бөлінушілік деуге де аузың бармайды. Бармайтыны, бастауыш мектеп ортақ, дүкен ортақ, игіліктің бәрі ортақ. Тек ауыл арасындағы кейбір кездейсоқ келеңсіздіктер туа қалған жағдайда ғана екі рудың ортасынан кәдімгідей түсініксіз сызат пайда бола кетеді. Балабақшаның меңгерушісі қай рудан, ендеше, бастауыш мектептің директорлығына екінші рудың өкілі отыруға міндетті. Бұған келгенде ешкім дауыс көтеріп, таласа алмайды. Бұрын мұндай пәле жоқ-ты, соңғы жылдар бедерінде пайда болған бұл «аурудың» барған сайын «рөлі» күшейіп келеді. Той-домалақтың мазмұнына қарай сол рудың өкілдері алдымен шақырылады, той тізгінін де алдымен солар ұстайды. Екінші көшедегілердің бұлардан кейін қалғандары қалай, ретін келтіріп олар да таныс «сценарий» бойынша той өткізеді. Той-тойлауға сылтау жетерлік.

Екі көшенің той төріндегі Киікбай мен Өскенбайдың орны әрқашан дайын. Және олар келгенше ешбір жиын басталмайды. Рудың көшбасшылары өмірдің талай сынынан өткен, жаман-жақсыны айыра білетін сауаты мол, сұңғыла азаматтар. Неге екенін қайдам, «оу, ағайындар, бір аспанның астында түтін түтетіп отырып, бүйтіп бөлектенгенімізге жөн болсын, мұнымыз келешекке үлгі емес, мұндай бейшара бәсекемен ұзаққа бара алмаймыз» деп екі көше естиярларының басын қосып, ағынан жарылуға келгенде екеуі де дәрменсіз. «Бәлкім, мұнымыз арыға сілтегенде – түкке тұрмайтын қазақбайшылық, беріден қайырғанда – кісілікке жатпайтын көрсоқырлық» деп өз беттерінше мазасыз­данса мазасызданған да шығар. Бірақ жеме-жемге келгенде мұны әлгі атың өшкір рулық мүдде дейтін пәлекет көлденең килігіп, тұншықтырады да тастайды. Рудың намысын жыртатындар жауға шабатын көзсіз батырыңнан бетер. Және әңгіменің қисынын қиюластыруға да шебер. Ара-тұра «осылар ымыраласып кетсе, біздің баяғыдан бергі тыртыңбай тірлігіміз айдалада қалмай ма» дегендей, біреулер бір ауылда өскен екі көшбасшының арасында ертеректе болған, бірақ бұл күндері мүлде ұмытылған елеусіз оқиғаларды да есіне түсіріп қоюдан шаршамайды: «Ой, несін айтасың, Киеке-ау, сіздің үйлену тойыңыз­да мына Өскенбай сболш ішіп келіп, әдейі төбелес шығарды ғой!..» Өскенбайдың да жанды жерін шабақтайтындар жетерлік: «Өскенбай аға-ау, оны біз неге ұмытайық, сіздің үйдегі жеңгемізге алғаш сөз салған Киікбай сболш болатын!..»

Қалтасындағы бір уыс тарының соңғы түйірін торғайларға шашып үлгерген Киікбай «тасаттық жасайтынымызды Өскенбайға хабарлап, кішірейгендей болмайық» деп шешті.

***

Киікбайлардың екінші мәрте берген тасаттығынан да түк шықпады. Күн күйіп тұр. Көктен жалғыз тамшы тамбады...

***

Жанына желкелері күжірейген бес-алты жігіт ерткен Өскенбай құрылыс материалдары толы жүк мәшинесімен таң атар-атпаста бір нәрседен құр қалатындай, Тілепбайдың тоқал тамына жетіп келді. Тілепбай – екі көшедегі руластармен алым-берім байланысы, бауырластығы жоқ, өз күнін өзі күйттеген, ана жылы кемпірі дүниеден озған жетім шал. Тоқал тамы да ауыл шетінде. Кіндігінен тараған қыздары үйлі-баранды болып, әлдеқашан өз жөндерін тапқан. Обалы нешік, «ата, біз де бір балаңыз, жалғыздық құдайға жарасқан, бүйтіп қашанғы өмір сүресіз, ел-жұрт бізге де күлетін болар, біреуміздің қолымызға келсеңізші!» деп күйеу балалары талай рет жалынған. Қырсық шалдың қаны дереу басына шапшыды: «Тәйт! Қыздың қолына барып, қайтіп жетіспекпін?! Сендерден жәрдем сұраған біреу бар ма? Жүре беріңдер, өлсем, ел-жұрттан ұялсаңдар да, келіп көмерсіңдер! Сөзім – сөз, әзірге қара шаңырағымды құлатпаймын!»

Тілепбайдың «қара шаңырағы» – қамыстан тұрғызылған екі бөлмелі қақыра там. Оның қашан салынғанын да тірі жан тап басып айта алмайды. Елу жылдан ары болмаса, бері емес. Жыл сайын жөндеу көрмеген үйдің жағдайы белгілі. Үйдің төбесінен тамшы ағады. Ол туралы тірі пендеге тіс жармағаны өзіне аян. Тілепбайдың үйіне кіріп-шығатындар да саусақпен санарлық. Әр айдың басында пошташы келіншек келіп, азын-аулақ пенсиясын қолына табыстайды. Сол күні Тілепбай азық-түлік дүкенінен жарты айға жетерлік керек-жарағын тасып әкеледі. Сонымен сыртпен байланыс толықтай үзіледі.

Екі көшедегілер Тілепбайдың бары мен жоғын елемейді. Оны той-томалаққа да шақырмайды. Ара-тұра тоқал тамның мұржасынан сыздықтап түтін шығады. «Е, Тілепбай тірі екен» дейді білетіндер. Жалғыз басты шал жайында да жүгіртпе әңгіме желдей еседі. Есі ауысқан дейтіндердің қарасы қалың. Есі ауыспаса, мейлі, руы басқа болғанымен, елмен араласуға не кедергі? Қайта екі көшенің ер-азаматтары кейде табан астынан туындайтын ағайын арасындағы әжік-гүжік дау-дамайға қатыспайтын ақсақалды төбесіне көтермес пе; «пайғамбар жасынан астыңыз, рудың рухын көтерушілердің ешбіріне бүйрек бұрмайтыныңыз және белгілі, сіз бейтарап адамсыз, ендеше, осы ісіміздің ақ-қарасын ажыратып беріңіз?» деп Тілепбайды қошеметтеп, төрдегі көшбасшылардың жанына отырғызбас па?! Эх! Бірақ қырсық шал бұларға оңайлықпен мойын бұрып тұр ма? Айтатын уәжі де мірдің оғындай: «Әзірге жағдайым шүкір, маған алаңдамаңдар, мұржадан түтін шықпаған күні – өлгенім».

Күннің ыстығын жанындай жақсы көреді. Шаңқай түсте тырдай жалаңаштанып, үй маңында тау болып үйілген құмға көміліп, сағат жарым тұяқ серіппейді. Басынан башпайына дейін ағыл-тегіл терлейді. Баяғыдан денеге жабысқан жел-құздан өстіп құтылмақшы. Жұрт жалаң табанымен ыстық құмды баса алмай секектесе, Тілепбайыңыздың түк сезбестен басын қылтитып, құм астында жатысы мынау. Сірә, «есі ауысқан» – осыдан кейін пайда болған байлам.

Ал жаңбыр десе аза-бойы тік тұрады, жаңбыр жаумаса деп тілейді. Үйдің төбесінен тамшы сорғалағанда кірерге тесік таппай қиналады. Екі тізесін құшақтап, жаңбыр басылғанша бір бұрышта бүрісіп отырғаны. Жаңбырдың қырсығынан су болған жыңғыл бұтақтары да тұтанбайды. Ойы сан-саққа жүгіреді, мұржадан түтін шықпаған соң жұрт Тілепбайдың шаруасы біткен екен деп бетін сипамаса, не қылсын?!

Өскенбай Тілепбаймен ауыз ұшымен амандасты да, шұғыл шаруаға кірісті. Қамыстан тұрғызылған тоқал там не тәйірі, әп-сәтте төбесін аударып тастады. Жігіттері де жалаңдаған сайыпқыран, тау қопаруға таптырмайтын-ақ жүрек жұтқандар. Бірі қамыспен бастырылған төбеге цемент құйып жатса, екіншілері мәшине қорабынан щифер түсіреді. Беліне дейін шешініп алғандардың білем-білем бұлшық еттеріне Тілеп­бай да көзінің астымен қызыға қарайды. Тоқал тамның қожайыны қою шаңнан бетін көлегейлеп, үйден әлдебір жеңіл-желпі заттарды сыртқа тасымалдағаны болмаса, мына дүбірдің неден пайда болғанын түсіне алмай дал. Өскенбайға не десін, ары-бері топшылағанда тапқан «олжасы» мынау: «Сірә, ауылға жоғарыдан бір дөкей келетін болған ғой. Ауыл-аймақты аралайтын шығар, сонда «мына үйде кім тұрады» деп Тілепбайдың тоқал тамына бұрылса, ізіне ерген жергілікті әкім-қаралар қысылғаннан жерге кірмей ме?! Мейлі, себеппен үйдің төбесі жабылды. Енді жауам деген жаңбыры жауа берсін!..»

***

Ертеңінде аспанның түбі тесілгендей, нөсерлетіп жаңбыр жауды. Аптап ыстықтың беті қайтты. Екі көшенің балалары тартылған теңіз табанындағы алаңқайда доп қуып, футбол ойнап жүр.

1080 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз