Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 03 Мамыр, 2024

Қабдештанудың жаңа белесі

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Журналистика факультетінде Баспагерлік, редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының ұйымдастыруымен студенттер мен магистранттарға, жас ғалымдарға арналған «Жұмаділов оқулары» өтті. Тұңғыш рет өткізілген «Жұмаділов оқулары»  аясында қазақтың заңғар жазушысы,  Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың, Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері Қабдеш Жұмаділовтің шығармашылығы талданды, қаламгерлік ұстанымына қатысты ой-пікірлер айтылды және қабдештанушыларға арналған тың ұсыныстар берілді.

Іс-шараның модераторы, Журналистика факультетінің деканы Темірғали Көпбаев Қабдеш Жұмаділовтің жазушылық қыры, қайраткерлігі туралы естелігін айтты. «Жазуына ғана адал қаламгер бар. Ал Қабдеш Жұмаділов – күрескер жазушы. Ол өмірінің соңына дейін әділдіктің жолында жүріп, ақиқаттың айбалтасындай болды. Қытайдан бері өткен үлкен көшпен келіп, қазақ мәдениеті мен әдебиетіне сіңірген үлесі орасан зор. Ол – ештеңені ойдан шығарған жоқ, басынан не өтті, көзімен не көрді, халықтың тарихын жүректен қалай өткізді – бәрін күлбетелемей, ашық айтып, жазған қаламгер. Әдебиетте Жұматай Жақыпбаевқа қатысты Жұматайдың қағанаты деген ұғым бар еді. Қабдеш Жұмаділовтің маңына топтасқан шығармашыл тұлғалар да Қабдеш ағаның қағанатын құрғандай елестейді», – деді Т.Көпбаев.

Филология ғылымның докторы, профессор Кәкен Хамзин: «Қабдеш Жұмаділов жазушылығымен қоса, қоғам қайраткері де еді. Қара қылды қақ жарып айтуды өмірінің ұстанымы қылған ол қазақ тұлғаларының, тағдырлы жазушылардың өмірдерегі туралы тамаша мақалалар да жазып қалдырды. Ұстазы Қапан Сатыбалдин туралы естеліктері де әлі күнге танымдық, тағылымдық өнегесі мол еңбек дер едім. Қабдеш Жұмаділовтің әрбір шығармасын жеке талдауға болады. Соның ішінде маған «Көкейкесті» романы қатты ұнайтын. Ол, Сафуан Шаймерденовтің «Инеш» романындай, өз заманындағы жастардың портретін дәл жазып бейнелеген.

Қабдеш Жұмаділовтің түр-әлпеті Мұхтар Әуезовке қатты ұқсайтын. Жазуында да Мұхаңның классикалық үлгісі бар еді. Сондықтан ол солардың көзіндей болып елестейтін. Қазақта Шыңжаңдағы қазақ әдебиеті, өзбектегі қазақ әдебиеті деген ұғым болмауға тиіс. Қазақ әдебиеті – біреу ғана. Міне, қазақ әдебиетінің біртұтастығын дәлелдеп кеткен жазушының бірі де осы Қ.Жұмаділов еді», – деді.

Филология ғылымының докторы, ғалым Руда Зайкенова: «2010 жылы «Қабдеш Жұмаділов шығармашылығы: ұлт тағдыры және көркем шындық» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғадым. Оның жазушылық ұстанымын сол ғылыми жұмыста қорғадым. Қабдеш Жұмаділовтің шығармашылығы туралы кітапты студенттер де оқып, таныссын деген мақсатпен Журналистика факультетіне ұсынамын. Ал оның адамгершілік қыры да ерекше айтуға тұрарлық тақырып деп есептеймін. Ол не нәрсені жазса да, обал-сауап деген ұғымды ешқашан жадтан шығарған емес. Қ.Жұмаділов шығармашылығында адамгершілік, шыншылдық, тазалық секілді мінездердің үзбей көрінуі де сондықтан», – деді.

«Қазақ газеттері» ЖШС Бас директордың орынбасары – Алматы филиалының жетекшісі Думан Анаш: «1990 жылдары жазушының «Дарабоз» романы шыққанда қалың оқырманы, әсіресе Тәуелсіздік кезеңінің оқушылары мен балалары да жата-жастана оқып, рухтанғаны белгілі. Оның «Таңғажайып дүние» ғұмырнамалық романын оқыған соң, жазушыдан сұқбат алып, ол «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрді. Өзі жазған батырлар ел тұтастығын қалай қорғаса, Қабдеш Жұмаділов те азаттықтың тағылымды тарихын жазушы қаламымен тасқа басуда көп еңбек сіңірді», – деп пікір білдірді.

 Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет: «Қабдеш Жұмаділовті бала кезден оқып өстік. «Жас дәурен» деген алғашқы жыр кітабы бар еді. Керемет ақын еді. Келесі жылы «Қаздар қайтып барады» деген проза кітабы жарық көрді. Өзім ақын боламын деп жүрген адаммын, ақын адамның прозаға кетіп қалғанына ішім удай ашып, ол кісіні прозаға қимай жүрдім. Бірақ кейін ол кісі прозада да талай оқырманын баурап алған таңғажайып дүниелер тудырды. Қабдеш Жұмаділовтің ең жақын досы Қажытай Ілиясов еді. Сол екеуінің арғы беттен оралғандағы оқиғасын өлеңге айналдырып едім», – дей келе, «Қабдеш – Қажытай хикаясы» деген өлеңін оқып берді.

Ақын Алмас Ахметбек: «Қабдеш оқулары – қазақ тілінің оқулары, қазақ мәдениетінің, қазақ рухының, тәуелсіздіктің оқулары деген сөз», – дей келе, Қ.Жұмаділов шығармашылығының ерекшеліктерін талдап берді және Қ.Жұмаділовке арнаған өлеңін оқыды.    

«Қабдеш Жұмаділов» қоғамдық қорының төрағасы, жазушының ұлы Арман Жұмаділов сөз алып, «бірнеше формацияны бастан кешіп, бірнеше мемлекеттің шекарасынан өткен Қабдеш Жұмаділовтің өмірлік миссиясы – тарихи тұлғалардың шығармашылық бейнесін сомдау» екенін айта келе, студенттер мен жас ғалымдардың ғылыми ізденісін арттыру, шығармашылық ойлары мен жаңа идеяларын жүзеге асыруға ықпал ету мақсатында арнайы байқау ұйымдастырғанын атап өтті.

Ең үздік ғылыми жұмысқа, ең үздік баспасөз материалына және үздік ғаламтор жарияланымына жарияланған байқау қорытындысын қаламгердің ұлы Арман Қабдешұлы және Баспагерлік, редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының меңгерушісі Айгүл Рамазан таныстырып, студенттерді марапаттады. «Қабдеш Жұмаділов» қоғамдық қоры демеуші болған байқау алдағы уақытта Қ.Жұмаділов оқуларын өткізуді дәстүрге айналдыратынын да атап өтті.

Қабдеш Жұмаділовтің шығармашылығы және публицистік қыры, редакторлық шеберлігі мен өнегелі өмірін арқау еткен «Үздік ғылыми жұмыс» аталымында Нұрдәулет Байтілес – 1-орын, Шұғыла Әбдібай – 2-орын, Динара Боранбай – 3-орын иеленсе, «Үздік ғаламтор жарияланымы» аталымы бойынша Айғаным Қуандық – 1-орын, Ерасыл Сайлауғалиев – 2-орын, Әмина Өнербай – 3-орын, Нығмет Тәліпхан – 3-орын, Дидар Бақытбек – 3-орын, Шайын Шайхымұрат 3-орын иегері болды. «Үздік баспасөз материалы» аталымында Малика Салиева (1-орын), Алтынай Сейіткен (2-орын), Гүлнар Баймұхан, Мәдина Ибрагим, Әли Қасымбаев (3-орын) топ жарды.

Сонымен қатар Сүнбек Сымбат, Таңшолпан Ақбердиева, Жалын Сейдіғалымова, Бибінұр Құлмаханбет, Хамза Берден, Мақпал Әділханқызы, Санжар Сейсенбаев «Алғыс хатпен» марапатталды.

 

Қарагөз Сімәділ

263 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз