- Біздің сұхбат
- 12 Мамыр, 2024
Кофенің арқасында кітап күн көреді – Шыңғыс Мұқан

Кітапты жарыққа шығару бір бөлек, ал оны тарату, оқырманға жеткізу бөлек әлем. Ақпарат тасқыны күн сайын үдегенде кітапты қалай жарнамалауға болады? Кітап ісі нарығын қалай ілгерілету қажет? Қандай жолмен оқырманды тарта аламыз? Осы бағытта Алматы қаласында қызықты жоба іске асып, кітап кофеханасы ашылды. Көпшіліктің кітап оқу мәдениетін қалыптастырып, оқырман қатарын молайтуды көздеген жоба жайында «Мазмұндама» баспасының негізін қалаушы Шыңғыс Мұқанды сөзге тартқан едік.
Coffe Book кітап кофеханасын ашудың себебі неде? Бұл кітап дүкені ме, әлде кофехана ма?
«Егер тірегім болса, жер шарын төңкеріп жіберер едім» депті Архимед. Сол сияқты, егер тірегің болса, кез келген проблеманы шешуге болады. Қазақ тілінде кітаптар аз шығады. Бұл – проблема. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда кітап нарығының 80% шетел баспаларының өнімі екенін айтып, мұның идеологиялық мәселе екенін атап өткен еді.
Мәселен, Қазақстан кітап палатасының есебі бойынша елімізде жылына шамамен 2500 жаңа кітап тіркеледі. Ол кітаптардың барлығы жаңа емес, шыны керек. Оның жартысына жуығы ғана қазақша кітаптар. Ал Ресейде 120 мың жаңа кітап тіркеледі. Ресей халықының саны бізден 7 есе көп, бірақ жарық көретін жаңа кітап саны 50 есе көп. Адам санымен шақтасақ, Ресейге жету үшін біз жылына 12 мыңнан аса жаңа кітап, яғни қазіргіден 5 есеге көп кітап шығаруға тиіспіз.
Бұл проблема ма, проблема, себебі қазақ тілінің мазмұнын дамыта алмасақ, қазақ тілінде сөйлейтіндерді, сәйкесінше Қазақстанды дамыта алмаймыз.
Бұл проблеманы шешуге болады. Архимед айтпақшы, тірегің, яғни жүйең болса. Кітапты көп шығару үшін кітапқа көп сұраныс керек, сұраныс болу үшін ұсыныс көп болғаны жөн. Сондықтан, Coffe Book кітап кофеханасын ашу себеміз – ұсыныс тудыру. Бастапқыда таза кітап дүкені желісін ашамыз ба деп ойлап едік. Алайда жақсы жерлерден орынжай жалдау қымбатқа түседі. Кітап дүкендеріміз ашылмай жатып жабылып қалады. Біз кітапты оқырманға жеткізу жолын кофемен байланыстырдық. Кофе ішетін жұрт кофені күнде ішеді, алайда кітапты күнде сатып алмайды. Бұл жоба арқылы кофенің арқасында кітап күн көреді. Бұл бизнес модель кітап интузиасттеріне ғана емес, жалпы инвесторларды да қызықтырады деп санаймын. Сонда ғана аз уақыттың ішінде көптеген Coffe Book ашып, кітап ұсынатын орынды күрт көбейте аламыз.
Бұл – бір. Екіншіден, кітап ұсынысы көбейген сайын кітап оқу мәдениеті дамиды. Диетологтар: «Егер үйдегілер жеміс-жидек жемесе, үстел басына қойып қойыңыз, ақыры желіне бастайды», - деген кеңес айтады. Сол сияқты егер халық кітап оқымаса, халық баратын жерлердің барлығында кітап тұруы керек, сонда кітап оқыла бастайды.
Ұсыныс көбейсе, кітап оқылса, кітап жақсы сатыла бастайды. Кітап жақсы сатылса, баспалар көбейеді, олар шығаратын өнімнің саны да, сапасы да арта бастайды. Ең бастысы, жазу арқылы жан бағу мүмкін болып, авторлардың саны да күрт көбейеді.
Кеңес кезінде сұранысты халық емес, кітаптарды жүз мыңдаған тиражбен сатып алу арқылы өкімет тудырған. Бірақ бұл орнықсыз жүйе еді. Бүкіл әлемде сұранысты халық тудырады. Халықты күнделікті азық-түлік сатып алған сияқты, рухани азықты тұтынуды үйретсек, кітап нарығы орнықты дамиды.
Кітап кофеханасына келетін оқырмандар қатары көп пе? Келушілер көбіне кітап іздеп келе ме, әлде кофе ме?
Өзіңіз күнде кітап оқисыз ба? Күнде тамақ жеп, сусын ішетініңіз рас. Сондықтан адамдар да өзіңіз сияқты. Дегенмен 23 сәуірде ашылдық, ай соңына дейін 200-ден аса кітап өтіпті. Бұл, біз үшін, жеңіс. Кітап аламын деп келмеген қонақтарымыз кітап алып жатады. Алмаса да, сөрелерді көзбен сүзіп, кітаптармен танысып жатады. Келіп, оқып кететіндер де бар. Біз сол аймақты өзгертеміз. Бізге келетін адамдар да өзгере бастайды. Білім алғысы келетін, жетістікке жеткісі келетін, арманшыл адамдар шоғырын қалыптастырамыз. Бұл – біздің бірінші нүктеміз. Бір айдың ішінде тағы да бір орын ашуды жоспарлап отырмыз.
«Мазмұндама» баспасы халықаралық бестселлер кітаптарды қазақша шығару бағытында мақсатына қаншалықты жете алды? Баспа кітаптарына деген оқырман сұранысы қандай?
Осы жылдың соңына дейін шығарған кітабымыз 400-ге жетіп қалады. Соның жартысынан көбі шетел әдебиеті. Десе де бұл есіл еңбек болғанымен, ісіміз теңізге тамған тамшыдай. Қазақ тілінде жүздеген белсенді баспа керек. Сұраныс аса көп емес. Кітап кофеханасын ашқан жобамыз да сол сұранысты тудыру үшін жанталасып жатқан жұмысымыз.
Баспа ісінде өз оқырмандарыңызды зерттейсіздер ме?
Терең зерттейміз деп айта алмаймын. Ол үшін маркетолог жалдау керек. Әзірге басы артық ақша болмай тұр. Оған ақша жұмсағанша кітап шығаруға жұмсағанымыз тиімдірек.
Әңгімеңізге рахмет!
Гауһар Түстікбаева
"Қазақ газеттері" ЖШС

7283 рет
көрсетілді0
пікір