Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 23 Мамыр, 2024

Мемлекет басшысы Сингапур Республикасының Президенті Тарман Шанмугаратнаммен келіссөз жүргізді

Сингапурға мемлекеттік сапармен келген Қасым-Жомарт Тоқаевты «Istаna» сарайында Президент Тарман Шанмугаратнам күтіп алды. Бұл туралы Ақорда хабарлады. 

Келіссөздердің алдында ресми қарсы алу рәсімі өтті. Қазақстан мен Сингапурдың мемлекеттік әнұрандары шырқалып, Құрмет қарауылы ротасының бастығы екі ел басшыларына рапорт берді. Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тарман Шанмугаратнам бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Мемлекет басшысы Президент сарайындағы Құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ делегациясына сый-құрмет көрсеткені үшін алғыс айтып, бұл 20 жылдан астам уақыт ішінде Қазақстан Президентінің Сингапурға жасаған бірінші сапары екенін атап өтті. Сондай-ақ 1970-жылдары Кеңес одағының дипломаты ретінде қызмет еткендіктен, бұл елді өте жақсы білетінін және араға уақыт салып мұнда Қазақстан Президенті ретінде қайта келгеніне қуанышты екенін жеткізді.

Мемлекет басшысы Сингапурды уақыт сынынан өткен сенімді серіктес санайды. Бүгінде Қазақстанда 140-тан астам сингапурлық компания мен бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл ретте Сингапурдың Қазақстан экономикасына салған инвестициясы 1,7 миллиард доллардан асты. Пандемия салдарынан туындаған экономикалық қиындықтарға қарамастан, екіжақты сауда көлемі көп ұзамай 2 миллиард доллардан асады.

Қазақстан Президентінің айтуынша, еліміз сенімді саяси диалогқа, қарқынды дамып келе жатқан сауда және инвестициялық байланыстарға бағытталған екіжақты ынтымақтастықтың мүлде жаңа кезеңіне жол ашуға ниетті.

Өз кезегінде Президент Тарман Шанмугаратнам екі ел арасындағы қарым-қатынастың даму динамикасына жоғары баға берді.

Кездесу барысында мемлекеттер басшылары сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын егжей-тегжейлі талқылады. Мемлекет басшысы Қазақстанның Сингапурмен энергетика, аса маңызды шикізатты өңдеу, инфрақұрылымды дамыту, цифрлық экономика, қаржы технологиясы, агротехнология, логистика және байланыс секілді негізгі салалар бойынша ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін мәлімдеді.

Президенттер өзара тиімді инвестициялық жобаларды ілгерілету, соның ішінде екіжақты қатынастардың құқықтық базасын нығайту арқылы күш-жігер біріктіруге уағдаласты.

Бұдан бөлек, тараптар білім беру және адам капиталын дамыту бағыттарындағы ынтымақтасты жандандыру қажет деп санайды.Фото: akorda.kz

 

1917 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз