- Құмсағат
- 27 Мамыр, 2024
Қолмерген де, көзмерген де – сұрмерген

Садақ ату өнері қанымызда бар болғанымен, ресми ұлттық спорт ретінде 2022 жылы ғана тіркелді. Биылғы дәстүрлі садақ атудан «Қазақстан кубогі» сайысына Қазақстанның 20 өңірінен, яғни барлық қаладан спортшылар келді. Жарысты Астанадағы Садақ атудың республикалық федерациясы өткізді. Бас төрешілікті бұрыннан осы өнермен айналысып келе жатқан Жұмағазы Мұхаметжанов жүргізді. Садақ ату жарысына бұрыннан қатысып жүргендер арасынан 20 төреші ерлерге, 20 төреші әйелдерге бекітілді. Алғашқыда 340 садақшы сайысқа қатысуға өтініш білдіріп, соның ішінде 300-ге жуық (100-ге жуық әйел, 200-ге жуық ер) садақшы сайыс алаңына шыққан. Сайысушылардың жол пұлын әр өңірдің жергілікті Спорт басқармасы көтерді. Семейдегі жарыстан кейін біраз адам хабарласып, садақ атуды үйренуге ниетті екенін жеткізген. 9–11 мамыр аралығында өткен жарыстың бірінші күні жетпіс метрден түріктің пута нысанасын көздеу жарысы ұйымдастырылған. Пута – үлкен алмұрт тәріздес нысана, сұлбасы адамға ұқсайды. 9 оқтан әр адамға 7 мүмкіндік берілді. Сайыстың екінші күнінде қазақтың қалқан нысанасын көздеуден жарыс өтті. Ерлер 60 метр, әйелдер 50 метр қашықтан нысананы көздеген. 7 оқ пен 7 мүмкіндік берілген. Үшінші күні садақшылар жамбы ату бойынша сайысқан. Жекелей және топ болып жамбы ату жарысы ұйымдастырылған. Топтық құрамда әр өңірден келген садақшылар бес адам болып (үш ер, екі әйел) біріккен. Әрқайсысына үш оқтан берілді. Жеребе бойынша бір-біріне қарсы шыққан екі топтың жеңгені, жартылай ақтық сайысқа жолдама алып отырды. Ал ең соңғы ақтық мәреге үш топ суырылып шықты. Бірінші орын Батыс Қазақстан облысына, екінші орын Маңғыстау облысына, үшінші орын Ұлытау облысына бұйырды. Жалпы, «Қазақстан кубогі» сайысына Ұлттық спорт қауымдастығы, «Самұрық-Қазына» демеушілік етті. Жекелей қатысушыларға әр деңгейде, ерлерге, әйелдерге бөлек-бөлек орындар тағайындалып, бірінші орынға 250 мың, екінші орынға 200 мың, үшінші орынға 150 мың теңге ұсынылды. Топтық сайыста бірінші орынға 500 мың теңге, екінші орынға 300 мың, үшінші орынға 200 мың теңгеден сыйақы бұйырды.
Жарысқа қатысқан бірнеше садақшымен тілдесіп, садақ ату өнерінің бүгінгі жай-жапсары, садақ ату спортының болашағы және садақшылықтың қыр-сыры туралы сұрап-білген едік...
Дулат ҚҰРМЕТҰЛЫ, Семей қаласы ұлттық және ат спорты клубының садақ атудан бапкері, «Алаш мергендері» клубының жетекшісі:
Садақ ату – тазару ғылымы
– Садақ атуға қай жастан бастап баулисыздар?
– Садақты үйренемін деушілерді жеті жастан бастап қабылдай береміз. Жалпы, жас шектеуі жоқ. Садақ атуды үйрету орталығымыз 2023 жылдың мамыр айында ашылған болатын. Мұнда да, өзге спорт түрлері секілді, тұрақты айналысу керек. Кейбір адамдар қолының ептілігіне сай бірінші келгеннен жақсы атады. Ал жарысқа қатысу үшін жақсы дайындық керек. Өйткені сайыстың аты сайыс, ол жерде садақшы шаршайды. Себебі жарыс көп уақытты алады. Сондықтан садақшы да шынығуы, жаттығуы керек. Ал мергендік туралы айтар болсақ, кейбір адам келе сала бір күнде нысананы дәл көздей алады. Кейбірі айлап ата алмай жүреді де, біраздан кейін жақсы атып бастайды, яғни мергендік әркімде әрқалай оянады. Ебі болса бір ай айналысып та, жарысқа қатысуға болады. Ал үш ай тұрақты айналысса, жақсы нәтиже шығаруға болады. Әрі қарай айналыса берсе, садақшының білігі арта береді.
– Садақ атуды басқаша қалай сипаттар едіңіз? Садақ ату – адамның ойын жинақтайтын, демалтатын өнер, яғни медитация сияқты көрінеді. Шын мәнінде солай ма?
– Иә, шынымен солай. Қараңыз, сіз бірінші садақ ату үшін денеңізді тіктеп дайындаласыз, садағыңызды реттейсіз, жебені жібергенге дейін назарыңызды тек нысанаға аударып, көздеп тұрғанда басқа ештеңені ойлай алмайсыз. Айналаны ұмытып, жан дүниеңізбен нысанаға назар аударасыз, бейне бір өмірдің барлығы сол нысанаға келіп тірелгендей болады. Оқты жіберген бір уақыт, секундтарда ойыңыз тазарып қалады. Оқты жіберген сәтте бойыңыздағы жағымсыз энергия, ой оқпен бірге ұшып кеткендей күй кешіп, серпіліп, жаңарғандай әсерде боласыз. Садақ – тек спорт емес, психологиялық тазару деп айтуға болады. Көп адам «ауыр жұмыс күнінен кейін сергіп қалайық», «күйзелістен арылайық» деп бізге келеді. Яғни садақ ату – күйзелістің дауасы десек, артық айтпайтын шығармыз. Керек десеңіз, кез келген саланы осы садақпен байланыстыруға болады. Анығырақ айтсам, бізге келген кейбір адамдар садақ атып жүріп, «таптым, оны былай істеу керек екен ғой» деп көптен шеше алмай жүрген мәселелерін шешіп жатады. Алдында айтқанымдай, адамның бар ойы, мидың әрбір жасушасына дейін бір белгіге қадалып, жаңаруға, қайта қалпына келуге ұқсас процестерден өтеді. Сол кезде адамға ерекше күш-қуат пен жаңа ой, идеялар ағыны келеді. Адам миы аз уақытта жақсылап демалып, қайта жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Бұл, әрине, небір кереметтерді жасатуға қабілеті бар миға керемет жаттығу. Бұл жерде өзіңізді ретке келтіресіз. Бірінші, тұрысыңызды түзетесіз, оқты қалай ұстап тұрсыз, оған да мән бересіз, яғни мұнда адам өзін сырттай ой елегінен өткізеді. Өзін сырттай көре алған адамның кейін жеке әдет-құлқын бақылап, оған баға бере алуы да оңайға соғады. Екінші, өзіңіздің дұрыс тұрғаныңызға көз жеткізгеннен кейін барлық ойыңыз нысанада болады. Мұнда нысананы дәл көздемесеңіз, әлдекімді кінәлай алмайсыз, тек өзіңізді жетілдіруге тырысасыз. Бұл, бір жағынан, психологиялық жаттығуға әбден ұқсайды. Өзіңіз білетіндей, психологиямен айналысу адамды рухани тұрғыда өсіреді. Сырт көзге оқты жіберу жай бір қимыл секілді болғанымен, оның ішінде тұнып тұрған қанша ғылым жатыр десеңізші! Ата-бабамыз баланы жастан ат пен садаққа бекер баулымаған ғой. Біз де сол үрдіспен балаларды дайындап келеміз. Мына қызыққа қараңыз, кейбір кішкентай қатысушыларымызды ата-анасы алып келеді де, олар басында қашқақтап, садақ атқысы келмей жүреді. Бірінші сынып оқитын қыз бала болды. Жарысқа келген кезде оған: «Садақты жақсы атасың, осыны тигізсең болды, чемпион боласың», – дедік. Бала сенгіш келеді ғой. Бір оқты белгіге тигізгеннен кейін сенімі артып, оқты нысанаға қатарынан 3–4-уін дәл тигізіп, көз алдымда шын чемпионға айналды. Кішкентай кезінен далада ойнайтын, сөйлей алатын балалар ептілігіне сай, садақты бірден игеріп кетеді. Ал үйде көп отырған балалар келсе, садақ ата алмай қояды. Оқты кіріске салудың өзі біраз уақыт алады. Соған қарасақ, адамның қолы, саусағы, 12 мүшесі, ішкі әлемі – барлығы бір уақытта бір нәрсеге жұмылады екен. Садақ ату – жауапкершілікті арттыратын спорт. Ер балаларымызды көбірек қатыстырсақ, болашақта отбасы мен жұмысын дөңгелетіп, қатар алып жүретін, мықты тұлғалар дайындайтынымызға сенімім мол. Мұнда бала кішкентайынан ойын еркін жеткізе алатын, кінәні әуелі өзінен іздейтін болып өседі. Тағы да айтамын, мұнда нысанаға оқты дәл тигізе алмасаң, ешкімді кінәлай алмайсыз. Оқ қисық деуі мүмкін, оқты ауыстырады, сөйте-сөйте ауыстыра келе түбінде қателік өзінен екенін біліп, өзімен жұмыс істейді. Садақ ату мектебінде баланы қанша үйреттік дегенмен де, әрбір адам мерген ретінде өзі қалыптасады, жеке әдіс-тәсілдерін ойлап шығарады. Садақ атудың негізін үйретеміз, соңында өзі ойлап тапқан айласымен жебені нысанаға тигізеді. Адамның өз-өзін, болмысын қалыптастыруға бұл спорттың жақсы әсері бар. Садақ ату өнерін қазір елімізде ақырындап мектепке, тіпті балабақшаларға да енгізіп жатыр. Мәселен, Семейде бір балабақша орталығында садақ ату бұрышын ашып қойдық. Ол жерде балалар өздеріне арналған кішкентай садақ атып үйреніп жүр. Телефонды балалар сәби шағынан ұстап жүр ғой. Оларды садаққа қызықтырып, телефонды алмастыруға болады. Балалар үнемі осы спорт түрімен айналысса, әрдайым жеңіске талпынатын, намысшыл, рухты болып өседі.
Жұмағазы МҰХАМЕТЖАНОВ, садақ атудан спорт шебері:
«Төлегеннің өшін алайын деп, Бекежанды көп іздедім.
Туып-өскен жерім – Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай тауының етегі. Сол бір бала кездегі мына жағдай да садақты серік етуіме бір себеп болды ма деп ойлаймын. Әлі есімде, 6-сынып оқимын. Ауылда қар қалың, қыс мезгілі еді. «Қыз Жібек» киносы келеді деп бәріміз апыр-топыр болдық. Бірінші, екінші күнгі сеансқа кіру мүмкін болмады. Өйткені ауылдың үлкендері кіреді. Сол үшінші күнгіге үйтіп-бүйтіп, жағаласып кіріп кеттім. Ол уақытта бозбаламыз, кітап оқып, махаббат сезімі енді оянып келе жатқан кезіміз. Киноның соңында Бекежан «Төлеген, бүгін сенің күнің, Жібекті көп күттірме, тездет» деп атқа мінгізіп жібереді де, бір қалмақтың кеудесінде қадалып жатқан жебені жұлып алып, артынан садақ атады. Баламын ғой, образға кіріп кеткем, «оғы тимесе екен» деп қатты дауыстап жібердім. Елдің бәрі маған қарайды. Жебе Төлегенге қадалады. Содан залдан жылап шығып кеттім. Түнімен жыладым. Ертесі талдан иіп, садақ жасап, «Бекежан қайда екен?» деп садақ атумен болдым. Төлегеннің өшін алайын деп жүрмін ғой өзімше. Әкем: «Не істейсің?» – дейді, мен: «Бекежанды атамын!» – деймін. Әкем қатал, бір жағы қалжыңбас кісі еді: «Әй, Бекежанды атамын десең, көрші ауылда бес-алты жендетімен жүр», – деді. Итімді ертіп, қарға домбығып, ауылдан бір үш-төрт шақырым асып едім, итіме иттер үрді ме, әйтеуір, қашып кетті. Соншалықты ұзақ жүріп, көрші ауылға барсам, онда да әкем сияқты қалжыңбас кісі қой бағып жүр екен. Мені көріп бүкіл қойы үркіп, ол:
– Әй, бұл кім? – дейді.
Мен қорыққанымнан:
– Ақсақал, мен Тұрсынның ұлымын ғой, – деймін.
– Балуан Тұрсынның ұлымысың?
– Иә.
– Ее, неғып жүрсің?
– Кеше Бекежан Төлегенді атты ғой. Сол Бекежанды әкем «осы жақта» деді.
– Ее, әкең дұрыс айтады. Ана-а-ны көріп тұрсың ба? – деді.
Көз ұшында үш жігіт тайға мініп, тай үйретіп жүр екен (ол кезде оны қайдан білейін). Ол жаққа 4–5 шақырым жүргенше, қараңғы түсіп кетті. Шамамен 15–20 шақырым жүріп, қорқып үйге әрең жетсем, әкем үйде жүген тоқып отыр екен, қабағын түйіп алып:
– Бекежанға жолықтың ба? – дейді.
– Әке, жолыға алмадым, – деймін. Жол-жөнекей қараңғыдан қорқып, үйге кіргеніме қуанып тұрған бетім ғой. Әкем:
– Қап-ай! Ертемен бекер кетіп қалдың. Сен қалай кеттің, Бекежан солай көшеде жендеттерімен қайқаңдап, көрші ауылға өте шықты. Жолыңа қараймын, сен көрінбейсің, – деді.
Қуанып кеттім. Әкем:
– Таңертең ерте тұр. Шай ішіп алып іздейсің – деді.
Таңертең шайымды ішіп, қайтадан садағымды алып, көрші ауылға былай он километр және былай он километр жаяу жүріп, қайта Бекежанды іздеп кеттім...
Біраз жылдан соң, қателеспесем 1991–1992 жылдар ғой деймін, Асанәлі Әшімовті 3–4 адаммен бірге Алматыдағы 28 Панфиловшылар паркінен көрдім. 24–25 жастамын, шыдай алмай, «Аға, ассалаумағалейкум! Сіз Төлегеннің обалына қалдыңыз ғой», – дедім. Ол кісі бетіме қарады да: «Әй, балам, бақытты бол!» – деді. Мен де бұрылып кетіп қалдым. Бір-ақ сөзбен жүрегімді жібітті. Шынымды айтсам, сол бала кездегі болған оқиға, «Қыз Жібек» киносын көргендегі жағдай жүрегімде әлі қалып қойыпты. Әлі күнге Бекежанды атқым келеді. Менің сондай күйімді бастан кешкен адамдар негізі көп екен. Сол кинодан кейін «Қызым болса, атын Қыз Жібек» деп қоямын деген едім, қойдым. Кейде: «Қазіргі Қыз Жібектер бақытты. Төлегенді ататын Бекежандар жоқ» деп қалжыңдаймын.
Міне, бала күнгі сол оқиғадан соң садақ ату өнеріне түбегейлі бет бұрдым. 2007 жылы 250 мың теңге несие алып, сол қаржыға садақ сатып алдым. Ол кезде «Ауди–80» деген машина 300 мың теңге тұратын. 250 мың теңгеге садақ алғанымда, келіншегім жылап, теріс қарап жатып қалды.
«Қызықсың, үй жөнделмеген. Келген қонақтардан ұят. Кір жуатын машинамыз жартылай автомат, елдің әйелдерінде автомат машина бар. Мұның не сұмдық?» – деді. «Барлығы орнына келеді. Қайткен күнде де ұлттық спортымыздың бойына қан жүгіртейік, сосын, бәрі орнына қайта келеді», – дедім мен де. Аллаға шүкір, қазір қызым да, ұлым да осы садақ атудан спорт шебері. Осыған дейін қанша ересек адам, қанша баланы спорттың осы түрі бойынша жарысқа дайындадым.
Садақ жинағанды жақсы көремін. Қызығып сатып аламын. «Інжу-маржанның қадірін іздеген біледі» дейді ғой. Құлшынып, жақсы көріп тұрса, сол садақтарымды бірден тегін бере саламын. «Кезінде Абай бір бүркітті бес құлынды биеге алмастырып, сатып алып, бір жақсы көрген адамына әлгі бүркітті тегін бере салыпты» деген әңгіме бар. Менің де сондайым бар. «Классика», «Компоунд» деген садағым бар, дәстүрлі садағым бар. Садақтың үш түрінің үшеуі де қолымда. 2007 жылдан бастап осыған дейін 27 садақ сыйға тартыппын. Осыдан бір апта бұрын ғана Семейде садақ атудан өткен Қазақстан кубогінде бір садағымды өзім ұнатқан жақсы бір адамға сыйладым.
– Демек, садақ ату дегеніміз балалық арманның кәсібилікке ауысқан бір түрі болды ғой?
– Садақ атуды үлкен бір философия, ғылым, білім дер едім. Ол жай ермек емес. Оны түсіну керек. Бір мысал айтайын. Садақ атудан бірнеше мәрте чемпион, Алматыда тұрған Вадим Шикиров деген жігіт екі жылдың ішінде садақ атудан спорт шебері болып, рекорд жаңартады. Оның рекордына дүниежүзі спортшылары жеті жыл дегенде әрең жетеді. Төрт олимпиадаға барады. Төртіншісінде бір үнді жігітінен ұтылып, досына жылап келіп: «Екі жылда «спорт шебері» атағын алып мен бөскен екенмін бәрін білемін деп. Мен көп білемін десем, қателесіппін. Садақта көп нәрсе білмейді екенмін. Білгенім тоғыз болса, білмегенім тоқсан тоғыз», – депті. Сондықтан бұл салада төзімділік, шыдамдылық керек.
Америкада қырық жасқа дейінгілер арасында тәжірибе жұмысы жүргізіліпті. Қырық жасқа дейінгі воллейболшыларды, футболшыларды, боксшыларды жинап алып, өмірін тексеріпті. Сөйтсе, садаққа қатысқандар өмірдің тәлкегімен жол апатына түссе, отбасы бұзылса, сүрінсе, басқа да сын сағаттарға кезіксе, құлап, қайта тұрып, өмірден жаңа жол тауып, мақсатына жеткен екен. Яғни ішкі әлемді төзімділікке дайындайтын спорт – садақ екен. Өзге спорт түрінде әлемдік чемпиондардың кейбірінің сүрініп кетіп, тіктеле алмай қалған жағдайларын, өкінішке қарай, білеміз.
Осыдан 2–3 жыл бұрын Тәуелсіздіктің 30 жылдығына Қарағандыдан депутат Нұрлан Әубәкіров деген жігіт жарыс жүргізіп берші деп хабарласты. Америкалық нағыз бренд «Хойт» фирмасынан шыққан дәстүрлі садағымды алып бардым. Барсам, банк қызметкерлері, құрылысшылар, дәрігерлер, медбикелер бар, 7–8 топ екен. Олардың ішінде мүмкіндігі шектеулі жандар тобы да болды. Сол жандарға бірінші орын алып бердім. Жарыстан соң олар келіп: «Сізге барып, жаттығу жасайықшы. Біз үйдеміз, ешкімге керегіміз жоқ. Бүгінгі жарыстан шабыттанып, қанаттанып тұрмыз», – деді. Балқаш қаласынан екенімді айтып едім, алыссынып, садақ үйренгісі келетіндердің бірі қатты өкінді. Жарысты ұйымдастырған депутатқа: «Қолымдағы «Хойт» деген садақты сізге беремін. Есесіне, сіз мына кісілерге садақ атудан арнайы жаттығатын орын сайлаңыз», – дедім.
Медина есімді қызым спорт шебері. Үш жасында кішкентай қыздар қуыршақпен ойнап жүрсе, Медина «Әке, маған садақ жасап берші», – дейтін. Садақ жасап бердім. Садақ атуға бала жастан құмартатындар да көп.
– Ал спорттық садақ ату мен дәстүрлі садақ ату өнерінің арасында айырмашылық бар ма? Болса, қандай айырмашылық бар?
– Спорттық садақ пен дәстүрлі садақтың айырмашылығына тоқталар болсақ, спорттық садақта дәл тигізуге арналған, көздейтін неше түрлі құрама ұсақ бөлшектері көп. Бір өзі жүзден аса бөлшектен тұрады, енді өте күрделі. Ал дәстүрлі садақ бүтін болады. Ешқандай жанама, қоспа бөлшектері болмайды. Көздейтін артық еш нәрсесі жоқ. Ондай сәтте садақты қолыңмен, жан дүниеңмен атуың керек. Қазақтағы қолмерген, көзмерген деген сөз содан шыққан.
Элеонора Ыбырайқызы

998 рет
көрсетілді0
пікір