Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 27 Мамыр, 2024

Әкемнің мұрасын мектеп бағдарламасындағы оқулықтарға енгізсе деймін – Жайна Ділдебаева

Сөйле, тілім, алаңдама, тартынба!
Найзағайдай шындықты айтып жарқылда!
Қалай ғана өмір сүрдім дей алам,
Бір ауыз сөз қалмаған соң артымда?!

Өткен ғасырдың 80-жылда­рының ортасына таман дүйім жұрттың көкейінен орын алған дүлдүл ақын Шынболат Ділде­баевтың «Шындық» тол­ғауының осы бір өлең жолдарын жатқа білмейтін қазақ кемде кем болған шығар. Ақиқатын қақ жарып айтатын отты жырларымен, өнерге деген жанашыр жүрегімен, халқына деген ыстық ықыласымен және де ешкімге ұқсамайтын нар тұлғасымен есте қалған Шынболат ақынды халқы әлі де зор құрметпен еске алады. Осы ретте әкесінің артына қалдырған мол мұрасын жинақтап, таспаға түсірілген бейне мұрағатын youtube платформасында  бір арнаға тоғыстырып, жұртқа ұсынып жүрген  ақынның қызы Жайна Ділдебаевамен сөйлесуді жөн көрдік.

Жайна, Youtube платформасында әкеңіздің видеоархивіне арналған «Жыр дүлдүлі Шынболат Ділдебаев» арнасын жүргізіп жүр екенсіз. Бұл арнаны қолға алғаныңызға қанша уақыт болды?

Youtube платформасын жүргізіп жүргеніме 1,5 жылға жуық уақыт болды. Менің байқағаным, дүниеден өткеніне 25 жыл болса да, халықтың әкемнің шығармашылығын асыға күтуі әр видео астына қалдырған пікірлерден байқауға болады. Youtube платформасын ашу, жүргізу тарихы ерекше. Сәтбаев қаласында 2022 жылдың желтоқсан айында әкейдің туғанына 85 жыл толуына орай өткізілген жас ақындар айтысы болады. Сол айтыстан соң анама айтыскер ақын Мейірбек Сұлтанхан таянып, өзінің авторлық «Кімнің есінде?» атты бағдарламасына ақын жайлы материалдар сұрайды. Сонда ол «ақынның видеоларын Youtube платформасына неге жүктемеске» деген ой тастайды. Анам ойлана келе бұл істі менің жүргізуімді қалады. Мен бірден келісе кеттім. Декреттік демалыста жүрген соң ақырындап Youtube платформасын зерттей бастадым. Каналды ашу, оның дизайны, басты суреті, каналға кірген кезде көрермен оқитын алғы сөз бар, барлығын жобалап, жоспарлай бастадым. Жан-жақты сұрастырып, 2023 жылы ақпан айының соңында каналға алғаш халық жатқа білетін «Шындық» толғауын жүктедім. Естелік видеоархивтерді анашымнан алып, ақылдасып, біртіндеп ай сайын салып отырдым. Аллаға шүкір, бүгінгі таңда «Шындық» толғауы 500 мыңнан астам көріліп, ең көп қаралым жинаған видео болды. Осыдан-ақ халықтың ыстық ықыласы, әкемнің жырын сағынған жүректері байқалады. Осы оймен бөліскен анашыма және Мейірбек ағама алғысым зор.

Әлі де жарық көрмеген бейнежазбалар көп пе? Әкеңіздің мұрасын сақтап қалу үшін тағы қандай жұмыстар істеліп жатыр?

Иә, бейнежазбалар көп. Осы күнге дейін ақынның жеке концерті, халық есінде қалған айтыстары, берген сұхбаттары, асабалығы салынды. Алла бұйыртса Youtube платформасындағы көрермендерімізді әлі де бейнежазбалармен қуантамыз.

Әкейдің баға жетпес мұрасын насихаттауда отбасының үлесі зор. Көзі тірісінде шыққан «Кеншілер сыры» мен «Жылжиды жылдар» атты жыр жинағынан бөлек, «Тас жарған гүл», «Шындық» атты кітабы және 2014 жылы өзінің дауысы жаңа технологиядағы дискке аударылып шығарылды. Ол СД дискте ақын өз толғауларын және есімі әмбеге аян Базар жырау, Шернияз ақын, Т.Молдағалиев, М.Мақатаев сынды ақындардың шығармашылығын орындайды. 2019-2021 жылдар аралығында мен қара шаңырақ ҚазҰУ-дың магистратурасын тәмамдадым. Және диссертациялық жұмысымның тақырыбын «Шынболат Ділдебаев шығармашылығындағы жаңашылдықты оқыту әдістемесі» деп алып, ойдағыдай қорғап шықтым.  Диссертациялық жұмыс кезінде әкейді мектеп бағдарламасындағы қазақ тілі мен әбедиеті оқулығына енгізу жайлы сұраныс жіберген едім. Алдағы уақытта оң тарапқа қабылданса, нұр үстіне нұр болар еді.

Шынболат ағаның балаларының ішінде Қайсар есімді ұлы өнерге жақын болған дегенді жиі естиміз. Жалпы әкелеріңіздің ақындық, термешілік өнері басқа балаларына, немерелеріне қонған ба? Сіз де өлең жазады екенсіз ғой?

Әкей «сегіз қырлы, бір сырлы» азамат еді. Нағыз сал-сері десем артық айтқаным емес. Өнердің қай-қайсын алсаң да, әкейдің есімі қатар жүреді. Он сегіз жасында кеншілікке бет бұрды. Сонымен қатар өнерлі жастарды жинап, ансамбль құрды. Ұйымдастырушылығы бір төбе болса, қойылымдар қойып, көрерменнің қошеметіне ие болуы, оның режиссерлық қыры десек болады. Көркем өлеңді оқығанда делебесі қозып, жан-тәнімен жүрекке жеткізуге тырысқан. Бозбалалардан еңкейген қартқа дейін жатқа білетін толғаулардың авторы екенін ескерсек, ақын Шынболат теңеуі еріксіз ойға оралады. Қырық жасында айтыскерлікке қызығып, додалардың көшбасшысы болып, жүлделі орындарды иеленіп, айтыскер Шынболат болып есте қалды. Өзімен қатар немесе кейін үйленген жастардың тойын басқарды. Асаба Шынболатты дүйім жұрт тойына шақырды. Қыз ұзатты, бойдақтардың отау құрып үйленуінің басы қасында жүрді. Халқының сүйіктісі, еркесі болған. Анамның айтуы бойынша, өз естеліктерінде әкей «шахтадан шығып, клубқа барады, одан шығып үйге келеді» екен. Талантты кеншілермен ауыл-ауылды аралаған. Ал осындай өнер адамының ұрпағы қандай дейтін болсақ, әрине өнерден кенде емес. Қайсар да өнерге жақын болды. Әкей дүниеден озғаннан кейін өлең жаза бастаған. Өлеңдері жергілікті, аймақтық басылымдарда жарық көрген. Немерелері де өнерден алшақ емес. Немересінің бірі Алмас жастайынан балет биімен көзге түсіп, Мәскеуде ең үздік балет бишісі ретінде өз өнерін көрсетіп жүрді. Абзал болса, әуесқой әнші. Дауысы құлаққа жағымды. Айдын атасы секілді сан түрлі өнерден хабары бар. Музыкалық білімін алып жүріп, домбыра мен қобызды меңгерді. Арман қала Алматыға келіп, Т.Жүргенов академиясында білім алып, режиссерлық мамандықты меңгерді. Әлихан киноәлемінен алшақ емес. Кино түсіріп, операторлық қырын Т.Жүргенов академиясында алған білімімен ұштастыруда. Әкейдің махаббатына бөленіп өскен Шолпанай есімді қызы ұйымдастырушылық қабілетке ие. Біраз уақыт әкейдің атындағы Кеншілер сарайында мәдени жұмыстарды ұйымдастырушы қызметін жасап, сарайдың дамуына өз үлесін қосты. Мен мектеп қабырғасында өлең жазып, ақындық қырыммен мектепаралық байқауларда жеңімпаз болдым. Және музыкалық білім алып, домбыра үйірмесіне 5 жылға жуық қатыстым. Кейін университет қабырғасында оркестр құрамында болып, концерттерде өнер көрсетіп жүрдім. Қазақ тілі мен әдебиетке деген махаббатымның арқасында филология факультетіне түстім. Алты жылдай білім алып, мұғалімдікті таңдадым. Бір жылға жуық рухани ұстазым Қымбат Әбілдәқызымен балалар журналы «Айгөлекте» қызмет жасап, қызықты айдарлар дайындап, бала әлеміне бір табан жақындадым.

Шынболат аға кезінде өзі директор болған «Байқоңыр» кнотетары қазір ол кісінің атындағы Кеншілер үйіне айналған екен. Онда ақынға арналып мұражай ашылыпты. Ол жерде көпшілік біле бермейтін қандай құнды мұрағаттар бар?

 1990 жылдары еліміздің тарихында қиыншылық болғаны белгілі. «Байқоңыр» кинотетрында ол кездері жылу болмайтын, жаңбыр жауса төбесінен су ағып, тесіліп тұрған екен. Алайда қаладағы жалғыз кинотеатр болғаннан кейін, кез келген жиналыс бола қалса, қала тұрғындары да, қонақтары да еріксіз сонда баратын. 1997 жылы Кәкімбек Салықовпен кездесу болады. Сол жиын барысында әкей жұрт алдына шығып сөз сөйлепті. «Кинотеатрдың ашылғанына жиырма жылдан асты. Мен алғаш директоры болған едім, содан бері бұл ғимаратқа балшық сыланып жағылған емес. Неше жыл бойы тұрған балшық құлайды. Көрермендер, бастарыңа шахтердің каскасын киіп келіңдер! Әйтпесе  балшық құлайды. Әкімдер келеді, кетеді. Олардан қайыр жоқ. Қор ашып, жалғыз мәдениет үйін қалпына келтірейік. Бір күндік табысты аударайық, мен концерт қояйын. Жиналған ақшаға жөндеу жұмыстарын жасайық» деген екен. Алайда дегеніне жете алмай, қараша айында көз жұмды. «Қазақмыс» корпорациясы барлық шығынын мойнына алып, жерлеуді ұйымдастырды. Қаралы хабар жайлы Youtube платформасына жүктедім. Корпорация басшысы әкейдің айтып кеткен сөзін негізге алып, ақша бөліп, капиталды жөндеу жүмыстарын жүргізді. Және кинотеатрдың бірінші басшысы болған әкейдің есімі Кеншілер сарайына беріліп, туғанына 65 жыл толғанда мұражай ашылды. Мұражай ішінде өзі пайдаланған заттар, қолымен жазып кеткен естеліктер жинақталған. Жоғарыда айтып өткенімдей сал-серілердің тұяғындай, елді-мекендерді аралап, халық сыйға берген жылқы да, көлік те, шапан да көңілі ауған адамға сыйлана салған екен. Ақша болса жетім-жесірге, көмек керек отбасыларға берілген. Жомарттығының көрінісі әлі күнге дейін ел аузында. Мұражайы ашылатынын сезгендей, көптеген сурет альбомдары бар. Көп адамдармен араласқан, мемлекет басшылары, қызметкерлері, мәдениет үздіктері, әнші-термеші адамдармен әсерлі суреттері сақталған. Сахнаға киген шапандары, домбыралары да сыйланып кеткен. Тіпті өз домбырасын өнерлі бозбалаға беріп, сыйланған домбырамен кете берген. Республикаға танымал ақынды көп суретшілер салған еді. Портреттер мұражай қабырғасында сақтаулы. Айтып өткендей жыр жинақтары, әкей жайлы өнер адамдары, әдебиет майталмандарының естеліктері мұражай үшін құнды. Алдағы мақсат – естеліктердің кітап болып шығуы. Дүниеге қалай келгенінен бастап, қалай өсті, ортасы, көрген тәрбиесі, мектептегі қызықтары, жас жеткіншек кезеңі, жұмыс барысы секілді бөлімдер бар. Және өзі жайлы айтылған құнды деректер, ешкім оқымаған пікірлер сақталған. Көрермен асыға күтетін Youtube платформасындағы видеокасеталар мұражай құндылығы болып есептеледі. 2022 жылға дейін ақын жайлы құнды мәліметтер «Хабар» телеарнасында, «24kz» арнасы, Qazaq Radiosy-ның алтын қорында, Ұлытау облысының қорында сақталып, еске алу күндері, туған күнінде арнайылап бағдарлама ретінде беріліп отырады.

Сонымен қатар, жұрт көзіне ерекше түсіп, есте қалатын үлкен Қазақстан картасы бар. Дүйім жұрт жатқа білетін «Шындық» толғауы 1989 жылы жарық көрді. Ол заманда шындықты айту екінің бірінің қолынан келе бермеген. Сол заманның тыныс-тіршілігі, қазақтың қиналуы ақынның жүрегін ауыртқаны сөзсіз. Сонда халыққа толғауды жеткізу үшін «Тамаша» әзіл-ысқақ театрының құрамына еніп, қалаларды аралаған. Бірде Республика сарайындағы  концертте ортаға шығып, «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ. Теледидардан кесіп тастап, бермеуі мүмкін. Ең болмағанда осында отырған көрерменім тыңдасын» деп толғауды орындай бастайды.  Жұрттың қошеметі зор болып, түрегеліп тұрып қол соққан екен. Толғау мәтінін басылым беттерінен көруге асыққан тыңдарман ақынның аман болуын тілеп, концерттерге шақырған. Сөйтіп ақын гастрольдік сапарында жүргенде барған Қазақстанның ауыл-аймағын, қала-аудандарын картаға «Ш» деп белгілеп отырған. Қазір үлкен карта мұражайда ілулі тұр.

Әкеңіз туралы бір жазбалардан жастайынан актер болуды армандаған екен деген деректі кездестірген едік. Осы арманы жайлы білетін бе едіңіз? Бұл жайлы не айтасыз?

Әкейдің балалық шағы соғыс кезіне тұспа-тұс келеді. Ашаршылық, көшіп-қонудың дәмін сезген ақын жастайынан өжет, мықты болып өседі. Мектепке кеш барса да, қатарластарының алды болады. Өнерге деген махаббаты өскен сайын ашыла түспесе кеміген емес. Он сегіз жасында отау құрған әкейдің армандарының бірі актер болу еді. Алайда балалары дүниеге келген соң өнер жолын қуа алмады. Дегенмен, кеншілер арасынан өнерлі жастарды, актерлық қабілеті бар өнерпаздарды жинап, сахналық қойылымдар қойып дайындайды. Алысқа барып актер бола алмаса да, ауылда жүріп арманын жүзеге асырады. Анам өз естелігінде: «Әкей теледидар көріп отырып, Бекежан, Төлегеннің рөліне тамсанып, «Осы актерлардың арасында мен де жүруім керек еді. Маған кенші бол деген адам қателескен екен» дейтін. Актерлық өнер туралы арманы қартайғанша ойында жүрген», - деген еді.   Алайда ол жесір қалған анасын тастап, отбасын ұмытып кете алмады. Қарсақбай, Жезді аймақтарын аралаған кезде ауыл адамдары: «Қойылым келді, жиналыңдар!» дегенді естігенде: «Ішінде бұйрабас сары бала бар ма екен?» - деп іздеп, өзін көруге асыққан екен.

Өз заманында қоғамның шындығын қаймықпай айта алған тұлғалар көп емес, сондай адамдардың бірі, әрі бірегейі Шынболат ақын. Дегенмен ақынды еске алу, мұрасын насихаттау жағы қалай жүріп жатыр? Көбіне өзі туған және еңбек еткен Қызылорда, Жезқазған, Сәтбаевта ғана жиі айтылып айтыс, шығармашылық кештер өтетін секілді.

Жыл сайын қайтқан күніне орай республикалық деңгейде айтыс өтеді. Еліміздің әр түкпірінен ақындар жиналып, өз бақтарын сынайды. Жас ақындар айтысы мен ел танитын ақындар бөлек-бөлек айтысып, деңгейлерін көрсетеді. Әкейдің 60 жылдық, 70 жылдық, 75 жылдық, 80 жылдық, 85 жылдық мерейтойлары Жезқазған, Сәтбаев қалаларында жоғары деңгейде аталып өтті. 75 жылдығына орай туған жері Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Сұлутөбеде еске алу кеші өткен. Жүрсін Ерман әкейдің 80 жылдық мерейтойына орай республикалық деңгейде жасалған термешілер конкурсын өткізді. Жеңімпаз Атыраулық қыз болды. Біз үшін еліміздің түкпір-түкпірінен жас, талантты өнерпаздардың келуі, бақ сынап қатысуы үлкен мәртебе. Мұражайдың ашылғанына да жиырма жылға жуық уақыт өтті. Мұражай қарамағында жас ақындар мектебі ашылды. Көркемсөз оқуға, өлең шығаруға баулып, термешілікке үйрететін орта. Арнайы мұғалімдері бар мектепті менің анам басқарып отыр. Шынболат ақындар мектебі осы күнге дейін көптеген шәкірт тәрбиелеп, облыстық, республикалық деңгейге дейін жүлделі орындарды иеленіп жүр.

Өзіңіз айтып өткендей насихаттау, еске алу жұмыстары Қызылорда, Сәтбаев, Жезқазған қалаларында жиі өтеді. Алдағы уақытта еліміздің өзге қалаларында да ақын шығармашылығын насихаттау жұмыстары жүргізіледі деген ойдамын.

Әлеуметтік желілердің бірінде "kazmuseum.kz" қорының жетекшісі Нұрсерік Жолбарыстың бір жазбасын оқып қалдым. Онда: «Қазақстан айтыс ақындары» деп айқайлатып кітап жазғандарын қайтейін,  ішінде Шынболат Ділдебаев жоқ! Кітапты қолыма алғанда бірден Шынболатты іздедім. Таппадым. Кітапты орнына қоя салдым. Жүрсін ағамыз Шынболатты ұмытуы мүмкін емес еді», - деген екен. Жалпы бүгінде қазақ ақыны, толағай термеші, өнер қайраткері ретінде Шынболат ағаның шығармашылығы өзінің әділ бағасын алды ма?

Әкейдің телевизиялық айтысқа оралуына Жүрсін Ерманның ықпалы зор. Қазіргі уақытта Жүрсін аға республикалық деңгейдегі жас айтыскерлер мен тісқаққан, мықты айтыскерлердің додасын өткізіп жүр. Әкейдің еңбектен табылмауы техникалық ақаулардың салдарынан деп білеміз. Ол жөнінде анам зерттеп білді. Жүрсін ағаның әдейі ұмытып кетпегені бәрімізге аян. Біздің ренішіміз жоқ. Алдағы уақытта басқа басылымдарда міндетті түрде әкейдің боларына сенеміз.

Ал бағаға келетін болсақ, оны беретін – халық. Қанша адамдар іздеусіз қалып, ескерілмей жатыр. Халқы «Шын бұлбұлын» қатты құрметтеген. Оның айқын дәлелі Youtube платформасындағы  халықтың пікірі. Күн сайын, сағат сайын жазылатын ыстық ықыластары сезіледі. Бір деммен барлық видеоны көріп шыққан адамдардың шынайы көңілі сезіледі. Елі сүйген, елін сүйген ақын мен халық арасындағы нәзік ықылас байқалады.

Шынболат аға жайлы мәліметтерді қарай отырып, ол кісінің қолөнермен айналысқандығы жайлы деректі көзім шалды. Бұл қаншалықты рас?

Қолөнер шеберлігі, ұсталық екінің біріне беріле бермейді. Әкей өз естелігінде: «Маған тіпті пышақ ұстауға болмайды. Қолым тілініп кетсе, домбыра тарта алмай қаламын», - деген сөзі есімде. Яғни ұсталар секілді заттар жасап, оюын оймаса да, бір затты бір затқа жалғап, оған ерекше түр енгізуді білетін еді. Үлкен қызы Ғайша тұрмысқа шыққанында ағаш қасық жасап, ішіне аттарын ойып жазғаны бар. Қыздың қасығында гүл, ер адамның қасығында етік болған. Біз үшін әкенің көзі ретінде құнды жәдігер. Мұражайда өз қолымен жасаған сағаттары, бұйымдары бар.

Сіздің есіңіздегі әке бейнесі қандай еді?

Мен 1998 жылдың наурыз айында дүниеге келдім. Ал әкей сол жылдың қаралы қарашасында көз жұмды. Анамның естелігінде әкейдің балаға деген ыстық махаббаты, қамқорлығы байқалады. Мен бесікте жатқанда анам ас бөлмеде тамақ жасап жүреді екен.  Мен оянып кеткенде әкей бірден домбырасын алып, ән айтып, толғаулатып мені ұйықтатқан екен. Көзім домбырада ойнап тұрған әкейдің қолына қарап, ол төмен түссе төмен, жоғары көтерілсе жоғары қарап жатып тәтті ұйқыға батқан екенмін. Сосын домбырасын иығына асып, анама келіп: «Қызыңа бір концерт беріп келдім. Жайнаны ұйықтаттым», - дейді екен. Енді бір оянғанда түрегеліп тұрып, әндетіп, домбырасын қаға жөнеледі екен. Сонда анама келіп: «Жайна қызыма екі концерт беріп келдім», - дейді екен. Өкіншке орай тек осындай тәтті естеліктерден ғана тұратын байланысымыз бар.

 

Сұхбаттасқан

Гауһар Түстікбаева

«Қазақ газеттері»

 

 

6575 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз