Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 28 Мамыр, 2024

Үкімет отырысында су тасқынының салдарын жою мәселесі күн тәртібінен тыс қаралды

ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздегі су тасқынының салдарын жою мәселесі күн тәртібінен тыс қаралды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады. 

Үкімет басшысына вице-премьер Қанат Бозымбаев залалды өтеу алгоритміне сәйкес өңірлерде атқарылып жатқан іс-шаралар туралы баяндады.

Биылғы 28 мамырдағы мәліметке сүйенсек, республика бойынша 30 мыңнан астам отбасы 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алды. Аталған бағыттағы жұмыс бақылауға алынып, қажетті шаралар қабылданып жатыр.

15 мыңнан астам үй мен саяжай құрылыстары тексерілді, 11 134-і бойынша бағалау жүргізілді.

Бұл ретте жекелеген өңірлерде сараптаманың төмен көрсеткіші байқалды. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында су басқан 4 мың үйдің 2 176-і (54%) тексеріліп, 770 үйге бағалау жүргізілді. Ақтөбе облысында 3 679 үй тексеріліп (73%), 1673 үй бағаланды.

Атырау, Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдіктері тасқыннан зақымданған үйлерді тексеру және бағалау жұмыстарын аяқтады.

Жалпы еліміз бойынша 9 мыңнан астам үй қалпына келтірілуге болатын құрылыс қатарына жатады. 4 315-і апатты жағдайда деп танылды.

Өңірлер 1 847 үй мен пәтердің құрылысы басталды, қайталама нарықтан 3 417 тұрғын үй сатып алу жоспарланып отыр.

Құрылыс маусымының қысқалығын ескере отырып, оқу жылының басына дейін зардап шеккен азаматтарға үйлер мен пәтерлер беру жоспарлануда.

«Әкімдіктерге Өнеркәсіп министрлігімен бірге тұрғындардың баспаналары мен мүліктеріне келтірілген залалды бағалау жұмыстарын осы аптаның соңына дейін аяқтауды тапсырамын.

Азаматтарымыздың қиын жағдайына түсіністікпен және жан-жақты мұқият қараңыздар. Жұмыстарды кешіктірмей, барынша тездету керек. Қанат Алдабергенұлы, қатаң бақылауда ұстаңыз», — деді Үкімет басшысы Олжас Бектенов.

Фото: primeminister.kz

1804 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз