Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Шартарап
  • 28 Мамыр, 2024

Торуньдегі XI Азия конгресі аясында Қазақстан күні өтті

XI Азия конгресі аясында Қазақстанның Польшадағы Елшілігі Торунь қаласында Николай Коперник университетімен бірлесіп Қазақстан күнін ұйымдастырды, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.

Аталған іс-шара өзінің жан-жақтылығымен ерекшеленіп, бірнеше тақырыптық блоктарды қамтыды.

«Қазақстан бизнес жүргізу орны ретінде» атты конференциясына Куяв-Поморск өңірінің бизнес-көшбасшылары, ғылыми қоғамдастық өкілдері, сонымен қатар Коперник университеті мен Азия конгресінің басшылығы қатысты.

Конференция аясында Елшілік Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформаларын, түрлі салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен перспективаларын, сондай-ақ бірлескен инвестициялық қызмет бағыттарын таныстырды.

Сонымен қатар, қатысушыларға еліміздің әлеуетін тереңірек түсінуге мүмкіндік беретін Қазақстанның серпінді іскерлік ортасы мен бай мәдени мұрасын көрсететін бейне ролик ұсынылды.

Экономикалық ғылымдар және менеджмент факультетінің деканы Иежи Бельке, сондай-ақ аталған Азия конгресін ұйымдастырушысы Адам Маршалек іс-шараның маңыздылығын, сондай-ақ Қазақстанмен ынтымақтастық перспективаларын атап өтті.

Конференцияға қатысқан поляк Инвестициялар және сауда агенттігінің (PAIH) Экспортты қолдау департаментінің директоры Эльвира Гросс-Голацка, сондай-ақ елімізде PAIH өкілдігінің басшысы Юлия Городецкая конференцияға келген қонақтарға Агенттіктің поляк кәсіпорындарын интернационалдандыру және Қазақстанда поляк субъектілерінің кәсіпкерлік қызметін сүйемелдеу тетіктері бойынша көрсеткен қолдауы туралы баяндады.

Қазақстанның бизнес-ортасын талқылау шеңберінде экономика факультетінің сарапшылары Қазақстанда жұмыс істейтін поляк компанияларының университет жүргізген сауалнамасы негізінде инвестициялық және бизнес-климатқа шолу нәтижелерін ұсынды.

Сонымен бірге конференцияда Қазақстандағы ең ірі тікелей поляк инвестициясының тәжірибесімен бөліскен «POLPHARMA SA» және ағымдағы геосаяси жағдайларда көлік инфрақұрылымы мен логистикалық шешімдерге талдау жасаған «TRANS-RACH» атты поляк бизнес өкілдері сөз сөйледі.

Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Заманауи зерттеулер институтының директоры Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың Қазақ мемлекетінің XI-XIX ғасырлардағы еуропалық және шығыс картографиясына арналған бірегей зерттеуінің нәтижелерінің тұсаукесері конференцияға маңызды толықтыру болды.

Конференция қызу пікірталаспен аяқталды, оның барысында қатысушылар одан әрі ынтымақтастық пен екіжақты экономикалық қарым-қатынастарды дамыту перспективаларын талқылады.

Іс-шара университетте өткізілгенін ескере отырып, конференция қарсаңында студенттермен бірқатар кездесулер өтті. Поляк және шетелдік студенттермен кездесуде болу елінің университеттерінде оқитын қазақстандық жастардың шабыттандыратын баяндамалары жасалып, еліміздің бай мәдени, тарихи және рухани әлемі аудиторияны тамсандырып, Қазақстанға жан-жақты шолу жасалды.

Сонымен қатар, Қазақстанның Польшадағы Елшісі Әлім Кирабаевтың қазақстандық студенттермен кездесуінде жиналған жастарды қызықтыратын түрлі мәселелер талқыланды.

Жалпы, «Қазақстан күні» аясындағы іс-шаралар поляк тарапының ынтымақтастықтың түрлі бағыттары бойынша әріптестікті тереңдетуге жоғары мүдделілігін көрсетті.

921 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз