Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Аймақ тынысы
  • 28 Мамыр, 2024

Ақтөбе облысының ветеринарларына су жаңа көліктер табыс етілді

Ақтөбе облысының ветеринарларына су жаңа көліктер табыс етілді, - деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Өңірдің ветеринария басқармасына қарасты аудандық ветеринариялық станцияларға жалпы сомасы 303  миллион теңгеден астам қаржыға 39 автокөлік сатып алынған.
 Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев салтанатты шарада сөз сөйлеп, жаңа көліктердің кілтін аудандардан келген ветеринарларға табыстады. Ветстансалардың техникалық базасын жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
 «Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында орталық пен өңірлердің нақты міндеттерін айқындап, ветеринария саласын жаңғыртуға маңызды міндеттерді жүктеді. Қазіргі таңда мал шаруашылығының дамуын ветеринария саласынсыз елестету мүмкін емес. Сондай-ақ өңірдің эпизоотиялық ахуалды сақтауда және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ветеринариялық ұйымдардың еңбегі зор. Облысымызда ветеринария саласында атқарылып жатқан игі істер аз емес. Өздеріңіз білетіндей, жылма-жыл салаға бөлінетін қаржы өсіп, былтырғы жылмен салыстырғанда 12 пайызға өсіп отыр. Сала мамандарының жалақысы да артып, еңбек демалысына шыққанда екі айлық сауықтыруға арналған жәрдемақы төлене бастады. Бұл салаға толыққанды көңіл бөлуді жалғастыра береміз»,

- деді Асылбек Есенбаев.
Автокөліктер отандық компания «СарыарқаАвтоПром» ЖШС сатып алынды. Біреуінің құны - 8 миллион теңге шамасында.
Айтып өткен жөн, 2022-2023 жылдары қалалық және аудандық ветеринариялық станциялар 55 автокөлікпен қамтылса, жұмысты жетілдіру мақсатында 160 компьютер, 142 бірлік планшет сатып алынды.
Қазіргі таңда Ақтөбе облыстық ветеринария басқармасына бағынысты 13 ветеринариялық станция және 142 ветеринариялық пункт бар. Бұл ұйымдарда 754 адам ветеринар жұмыс істейді.

 

Фото:  t.me/aqtobe_oblysy_akimdigi

331 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз