- Айна
- 29 Мамыр, 2024
Саяси қуғын-сүргін: тарихы мен тағылымы
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Омарбеков оқулары» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Бұл туралы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі хабарлады.
Тағылымды іс-шара ҚР Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, тарих ғылымының докторы, профессор Талас Омарбековтің туған күні мен Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай ұйымдастырылды.
Мақсат – профессор Талас Омарбековтің ғылыми шығармашылығын насихаттау және жинақтау, ХХ ғасырдың 20-30 жылдары болған аштық пен саяси қуғын-сүргін мәселелерін зерттеу.
Жиынды тарих факультетінің деканы Досбол Байғонақов ашып, Талас Омарбековтің еңбек жолына тоқталды.
«Профессор Талас Омарбекұлы ұзақ жылдар Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих факультетінде Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарып, жаңа буындағы тарихшы ғалымдардың қалыптасып, өсуіне өлшеусіз еңбек сіңірді. Түркі әлеміне ортақ тарихи, әдеби, мәдени құндылықтарды зерделеп, ғылыми еңбектер мен оқу-әдістемелік құралдар жазып, ұлт тарихын тануда өзіндік қолтаңба қалдырған қайраткер ғалым Талас Омарбекұлының жарқын бейнесі халқының жүрегінде мәңгі сақталады. Талас Омарбеков өзінің ұстанымын түбегейлі өзгертіп, ұлттық тарихқа жаңаша көзқараспен қарап, тарихи мәселелерді басқаша зерттеумен айналысты. Архивтегі құпиялар мен тың деректерге сүйеніп, халықтың шынайы тарихын жазды», – деді декан.
Шара барысында Қансейіт Әбдезұлы, Жанғара Дәдебаев, Берекет Кәрібаев, Аманжол Қалыш, Меңдігүл Ноғайбаева және т.б. ғалымдар баяндама жасап, саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы ақпараттармен бөлісті. Сонымен қатар Талас Омарбековтің еліміздің тарихына қосқан зор үлесі мен жетістіктеріне тоқталды.
Фото: Марат Жүнісбеков / ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
217 рет
көрсетілді0
пікір