Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 30 Мамыр, 2024

Белгілі қырғыз қаламгері Сұлтан Раевтың «Көкжал» кітабы қазақ тілінде жарық көрді

Алматыда Қырғызстанның халық жазушысы, Тоқтағұл атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раевтың қазақ тілінде жарық көрген «Көкжал» кітабының тұсаукесері өтті.

ҚР Ұлттық кітапханасының төрінде өткен рухани кешке ТҮРКСОЙ  Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ҚР Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Нұржан Қуантайұлы, Алматы қаласы Мәдениет басқармасы төрағасының орынбасары Арман Бейсенбайұлы, Қазақстанның Еңбек Ері, драматург, жазушы Дулат Исабеков, жазушы Елубай Смағұл, «Атамұра» баспасының вице-президенті Рахима Құл-Мұхаммед және өзге де қаламгерлер қатысты.

Тұсаукесердің алдында Ұлықбек Есдәулет, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының төрағасы: «Қырғыстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қырғызстанның халық жазушысы, дүние жүзіндегі көптеген халықаралық сыйлықтардың лауреаты, бүгінгі таңда ТҮРКСОЙ халықаралық ұжымының бас хатшысы Сұлтан Раевтың «Көкжал» атты жинағы қазақ тілінде жарық көрген екінші кітабы. Осыдан біраз жыл бұрын Астана қаласында көптеген тілдерге аударылған  «Жанжаза» кітабы шыққан еді. Ол кітапты белгілі ақын Кәдірбек Құныпия аударған болатын. Ал бүгінгі  жаңа кітап ТҮРКСОЙ Жазушылар одағы мен «Атамұра» баспасының бірлескен жобасы», - деп жылы лебізін білдірді.

Айта кетейік, бұл кітапқа Сұлтан Раевтың таңдаулы әңгімелері мен «Көкжал» атты хикаяты енген. Кітаптың алғы сөзін Қазақстанның халық жазушысы Олжас Сүлейменов жазған. Ал Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нұржан Қуантайұлының айтуынша, бұл жинақ қырғыз бен қазақ қаламгерлерінің арасындағы ежелден келе жатқан байланысты нығайта түспек.

«Себебі бүгінгі «Көкжал» жинағына менің де қатысым бар. Осы кітаптың алғашқы екі баспа табағын аударып, қалғанын өзге аудармашыларға бердік. Аударып отырып мен жазушының шеберлігіне,  қазіргі қырғыз бен қазақ әдебиетінің сөз өнерін көрсете алатын үлкен қаламгер екеніне көзім жетті. Сұлтан Әкімұлының шығармашылығымен өте жақсы таныспыз. Кезінде «Меккеге ұзақ жол» атты атақты пьесасы қойылып, Қазақстанда үлкен резонанс туғызды», - дейді Нұржан Қуантайұлы.

«Көкжал» кітабының таныстырылымы аясында қазақ тіліндегі жаңа кітаптың 5 данасы Ұлттық кітапхана қорына сыйға тартылды. Шара соңында Қырғызстанның халық жазушысы Сұлтан Раев  кітапты қазақ тіліне тәржімалаған аудармашылар мен «Атамұра» баспасының ұжымына алғыс білдірді.

Гауһар Түстікбаева,

"Қазақ газеттері" 

541 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз