- Таным
- 31 Мамыр, 2024
31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні
31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алатын қастерлі күн.
Тәуелсіз Қазақстанда алғаш қабылданған заңдардың бірі – 1993 жылдың 14 сәуіріндегі «Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» ҚР заңы болды. Одан кейін, 1997 жылы Президенттің Жарлығымен 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып белгіленді.
Кеңестендіру дәуіріндегі екі бірдей нәубет, 1931-1932 жылдардағы ашаршылық пен 1930-1940 жылдардағы жаппай саяси қуғын-сүргіннің қазақ халқына әкелген қайғы-қасіреті орасан.
Отызыншы жылдардағы Ф.И.Голощекиннің «Кіші Октябрь» ұйымдастыру жөніндегі құйтырқы саясаты нәтижесінде қолындағы малынан, қамбадағы астығынан айрылған халықтың күн көрісі қиындап кетті. Аштықтан, күшпен ұжымдастырып, тәркілеуден, ақ пен қызылдың ары-бері тартысынан зәрезеп болған халық босқын атанды, Қытай асты, ішкі Ресейге өтті. Шамасы жетпегені ақ сүйек болып қырылды. Ашаршылық құрбандары мұнша деп нақпа-нақ сан айтылмағанмен де, оның алдындағы кезеңде жасалған халық санағына сүйене отырып, мамандар келтірген деректерге қарағанда, 2 миллионнан астам адам аштық құрбаны болды. Бұл – сол кездегі халықтың 52-53 пайызы. Одан кейінгі екінші нәубет – 1930-40 жылдардағы саяси қуғын-сүргін ұлтымыздың бетке шығар қаймағын сыпырып кетті. Осы кезеңде халқымыздың көрнекті перзенттері, Алаш арыстары – Шәкәрім Құдайбердиев, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Маған Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Халел Ғаббасов, Мұхамеджан Тынышпаев, Халел Досмұхамедов, Жақып Ақбаев, Тұрар Рысқұлов, Нығмет Нұрмақов, Сұлтанбек Қожанов, Ұзақбай Құлымбетов, Ораз Жандосов, Әбілхайыр Досов, Смағұл Сәдуақасов, Темірбек Жүргенов, Әлихан Бөкейханов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Құдайберген Жұбанов, Санжар Асфендияров сынды қоғам қайраткерлері, ақын-жазушыларымыз, елім деп еңбек еткен қаншама асыл азаматтар жазықсыз қудаланды, атылды. Тарихшылардың мәліметі бойынша, 1937-38 жылдары Қазақстанда 118 мың адам қудаланып, 25 мыңдай азамат «халық жауы» ретінде ату жазасына кесілді.
Кеңестер Одағында 1930 жылдан 1956 жылға дейінгі кезеңде 26 лагерь жұмыс істеген, онда 20 миллионнан астам адам қамауда ұсталды, миллиондаған өмір қиылды. Қазақстанда 1938-1953 жылдар аралығында «АЛЖИР» – Ақмоладағы «Отанын сатқандар» әйелдерінің лагері жұмыс істеді. Сондай-ақ ірі еңбекпен түзеу лагері – Карлаг жұмыс істеді.
Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін жылдары ел тарихының ең қасіретті беттерінің бірі болып саналады. Сондықтан да 31 мамыр – тәуелсіздік, азаттық жолында құрбан болған арыстарымыздың рухына тағзым ету үшін ретінде атаулы күн ретінде бекітілді.
1476 рет
көрсетілді0
пікір