Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 05 Маусым, 2024

Су тасқынында бөгет салуға көмектескен ақылды ит

Атырау облысы көктемгі су тасқыны кезінде орасан зардап шеккен аумақтардың бірі. Халық қызыл судың бетін қайтару үшін түрлі амалдарға көшіп, ауылдарда тұрғындар өз бетінше бөгет салу жұмысына кіріскені белгілі. Сол кезде қапшық толы құм тасып, бөгет салуға көмектескен ит дем арасында желі жұлдызына айналды. Пшөннің әрекетіне тамсанған жұрт әлеуметтік желілерде түрлі жазбалар қалдырды. Жаңалықтардан көрсетілді. Қазір Пшөн туралы  Tik-Tok желісінде парақша ашылған. Біз осы ретте иттің иесі – ерлі-зайыптылар Талап Қажимов және Зәмзәгүл Жаңабаевамен тілдескен едік.

Пшөннің су тасқыны кезіндегі көмегі жайлы әлеуметтік желі арқылы бәріміз куә болдық. Ит арнайы үйретуден, дайындықтан өткен бе?

Талап: Біздің Сарытоғай ауылы Атырау облысының Махамбет ауданына орналасқан. Жайық бойын мекендеген елді-мекендер және онда тұратын халық тасқын басталған сәуір айында судан қорғану мақсатында бөгет салу жұмысын бастап кеткен болатын. Ауылымыздың еңбектеген баласынан еңкейген қартына дейін осы жұмысқа араласты. Елмен бірге Пшөн де бөгет салу жұмысқа  үлесін қосты. Пшөн арнайы үйретілген немесе дайындықтан өткен ит емес. Қарапайым үй иті. Тек иесін тыңдай білетін ақылды ит.

Пшөн қазір де кезекшілікке шығып, су деңгейін бақылауға көмектесіп жүр екен. Жалпы аймақтағы ахуал қандай?

Зәмзәгүл: Бөгет салу жұмыстары аяқталғаннан кейін де Жайық суының деңгейін бақылау, сонымен қатар, күндізгі немесе түнгі кезекшілік міндетін атқаруда Пшөн өз қызметін қалтқысыз орындап жүр. Бізге ілесіп Жайық жағасына барып, суды бақылап келеді. Бастапқыдағыдай емес, қазір аймақтағы жағдай тұрақталып келеді.

Су тасқынынан кейінгі халықтың жағдайы қалай?

Талап: Қазіргі уақытта кейбір жолдарды су басып кеткендіктен, көлік қатынасында кедергілер бар. Дегенмен,  біздің ауылымызда жағдай тұрақталды. Жайық өзені суының ақырындап кері қайта бастады. Халықтың көңіл-күйі де жақсарып келеді.

Пшөнді күшік кезінен асырап па едіңіздер?

Зәмзәгүл: Пшөнді Съезбек деген ағамыздан 2021 жылдың желтоқсан айында алған едік. Өзі сондай сүйкімі күшік болатын. Осындай ақылды күшігін берген ағамызға рахметімізді айтамыз. Пшөн біздің итіміз ғана емес, ақылды серігімізге айналды.

Тik-Tок желісінде Пшөнге арнап парақша ашыпсыздар. Оған төбеттің танымалдығы себеп болды ма?

Талап: Тik-Tок желісіндегі Пшөнге арналған парақшаның ашылуына ауыл азаматтарының өтініші, әрі су тасқынынан кейінгі иттің танымалдығы себепкер болды. Халық қиналып жатқан кезде адамдардан артық қызмет еткен жануарды халық шынайы жақын тартып, жақсы көріп кетті. Сондықтан оның күнделікті жүріс-тұрысын көргісі келген көпшіліктің тілегін жерге тастамай, парақша ашуды ұйғардық.

Пшөн – ақылды ит. Сіздердің бұйрықтарыңызды орындап, айтқан сөздеріңізді түсінеді. Оны үйретуге қанша уақыт кетті?

Зәмзәгүл: Адам адаммен тіл арқылы сөйлесіп, қарым-қатынаста болады ғой. Біз де итімізге күшік кезінен үйімізің бір мүшесі ретінде қарадық. Итіміз сөйлей алмайды демесең, өзіне қатысты қарапайым сөздерді түсінеді.

Өздеріңіз жайлы айтып өтсеңіздер

Талап: Жарым Зәмзәгүл Жаңабаева екеуміздің отау құрғанымызға биыл 27 жыл толады.  Бір қыз, үш ұл тәрбиелеп өсірдік. Немере-жиен сүйіп, ардақты ата-әже атанып отырмыз. Қара шаңырақ иесі болғандықтан ата-анамыздың қолындамыз.  Өзім әзірше жұмыссызбын, үйдегі мал шаруашылығына қараймын. Жарым Зәмзәгүл Қарабай Қалыбеков атындағы Сарытоғай орта мектебінде әлеуметтік педагог, әрі биология пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарады.

Әңгімелеріңізге рахмет!

 

Гауһар ТҮСТІКБАЕВА

"Қазақ газеттері"

3969 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз