Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Фотогалерея
  • 06 Маусым, 2024

Алматы хайуанттар бағында қандай жаңалық бар?

Алматы хайуанттар бағы-еліміздегі ең алғашқы зоологиялық парктердің бірі. Қазір мұнда жазғы маусым, сондықтан адамдардың келу саны күрт артты. Ал зообақ келушілерді қандай жануарлар дүниесімен қызықтырып жатыр? Біз де осы және өзге де сұрақтармен зообаққа арнайы барып қайтқан едік. Бізді Алматы хайуанттар бағы даму бөлімінің меңгерушісі Акжами Рахимова күтіп алды.

«Алматы хайуанттар бағы-әлемге жыртқыш құстармен танымал. Жыртқыш  құстардың 31 түрі бар. Оның ішінде ителгі, тазқара, құмай, балтажұтар, бүркіт, дала қыраны, үкі бізде өте жақсы көбейіп жатыр. Бізде жоспарда бұларды тек торда ұстамай, табиғатқа жіберу жағдайы да қарастырылып жатыр. Біз оларды табиғатқа жіберу үшін де нақты талаптар бар. Мәселен, Зоология институты мен Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің келісімі болуы керек. Бірақ, осындағы құстарды табиғи ортасына жіберу үшін оны үйрету жолдары болады. Оған қаладан шалғай жерде арнайы орталықтар ашылу керек. Сол жерде табиғатқа бейімдеп, табиғи ортаға жіберуге болады», - дейді Акжами Рахимова.

Алматы хайуанттар бағы  20, 645 га аумақты алып жатыр.

Зообақ 1937 жылы ашылды, ол кезде небәрі 7 га аумақты қамтыды. Жетісулық тәжірибелі аңшы Мырзахан Төлебаев зообақты ашуға атсалысты, ал 1960 жылдары зообақ аумағы кеңейтілді.

Зообақтан қандай жануарларды көруге болады?

Зообақ жеті аумаққа бөлінген: жыртқыш сүтқоректілер, тұяқтылар, приматтар, жыртқыш құстар, экзотикалық құстар, экзотариум, аквариум.

Террариумды мекендейтін жолбарыс пен торлы питондар, құбылғылар, сарыбауыр қарашұбар жыландар, кесірткелер және құсжегіш өрмекшілер келушілерді қызықтыруы мүмкін.

Зообақ үйрек-қаз, аққу мен бірқазандар сияқты суда жүзетін құстардың бай коллекциясымен танымал, сонымен қатар ұшпайтын ірі құс - эму мекендейді.

Сүтқоректілердің алуан түрі бар: піл, керік, зебра, сусиыр, мүйізтұмсық, бөкеннің түрлері мен бұғылар. Маймылдың да түрі көп: жапон макагі, мысықтектес лемур, шығыс колобусы, сондай-ақ шимпанзе, гиббон секілді адамға ұқсас маймылдар.

Зообаққа келушілердің көбі піл, арыстан, керік, жолбарыс, аю, тауыс, кенгру секілді танымал жануарлардың қасынан бір елі шықпай, соларды қызықтап, фото, видеоға түсіріп жүр. Әсіресе, балалардың қуанышында шек жоқ. «Әне, мен аюды көрдім. Әсіресе, ақ аю сондай ерекше», - деген бүлдіршіндердің эмоцияға толы сөздері керемет әсер қалдырады.

Зообақта тек қызықтап, тамашалаушылар ғана болмайды екен. Мұнда жазғы уақытта биология саласы бойынша білім алатын студенттер оқу-тәжірибесінен өтіп жүр. Алдымыздан бір студент жолықты. «Біз осыған дейін Қапшағайда омыртқасыздар зоологиясын бір апта зерттесек, бүгін Алматы зообағында омыртқалылар зоологиясын қарап жатырмыз. Факультет деканының өзі бастап, жан-жақты түсіндіріп жүр. Тобымызбен зообақты аралып келеміз», - дейді ғылыми биология мамандығының студенті Перизат Абу.

Зообақта жануралар төлдеп жатыр

Биыл мамыр айында алты құралай төлдеді. Оның екеуі - ұрғашы, төртеуі - еркек.

Алматы хайуанаттар бағының зоологтары кішкентай құралайға қажетті күтім жасап, олардың денсаулығын қадағалап, көбеюіне қолайлы жағдай жасап келеді.

Алматы хауанаттар бағы құралайлар ұстайтын санаулы зообақтардың қатарына жатады.

Бұл жануарлардың төлдеу көрсеткіші де жоғары. Алматы хайуанаттар бағында жыл басынан бері әр түрлі жануардан 70 төл алынды.

Олар: сақалтай (балтажұтар), королинка үйрегі, пони, камерун ешкісі, лемурлар, қонжықтар, Пржеваль жылқысы, тауыстар және басқа да жануарлар.

Зообақ аумағын бағдарлап, аралау жеңілдеді

Алматы хайуанаттар бағындағы көптеген жануарлар орналасқан орындар 2ГИС спутниктік картасына енгізілген.  

«Жаңарған 2ГИС картасы арқылы көргіңіз келетін жануарлардың қай жерде тұрғанын ғана анықтап қоймай, оларға баратын бағыттарыңызды алдын жоспарлап, жол бойында тағы да қандай жануарлар бар екенін анықтап алуыңызға болады», - дейді мекеме қызметкері.

Жануарларға қандай сыйлық жасауға болады?

Алматы хайуанаттар бағында «Жануарларға ойыншық сыйла!» акциясы жүріп жатыр. Зоосыйлықтарды қабылдау жұмыс күндері сағат 10.00 ден 16.00-ге дейін жүреді.

• Ішіне тамақ салатын арнайы доптар;
• Әр түрлі доптар (баскетбол, футбол, тенниске арналған т.б.);  
• Шағын және үлкен шығыршықтар;
• Конг (тамақ салатын пирамида ойыншықтар);
• Әткеншек, баспалдақ, көпірлер (құстар мен кеміргіштер қоршауына арналған аксессуарлар);
• Тамақ салатын үшбұрыштар;
• Шағын сақиналар мен арқандар (құстар үшін);
• Жолға қоятын конустар;
• Су құятын бөшкелер (20-120л);
• Жылы көрпешелер (плед);
• Тоқылған қаптар;
• Ағаш бөшкелер;
• Түкті дискілер;
• Кокос қабықтары;
• Тоқылған әр түрлі көлемдегі кәрзіңкелер;
• Тоқылған әткеншектер.

Алматы хайуанаттар бағы жазғы жұмыс кестесіне көшті

1 маусымнан бастап Алматы хайуанаттар бағы жазғы жұмыс кестесіне көшті.
Келушілер үшін таңғы 8:30-дан кешкі 19:30-ға дейін жұмыс істейді.
Кассалардың жұмыс уақыты: 8:30 – 18:30

Алматы хайуанаттар бағының ережелерін қатаң сақтау қажет


Жаз маусымында зообақта келушілер саны да көбейіп жатқаны байқалады. Оған кезек-кезек келіп жатқан бала бақша тәрбиеленушілері мен мектеп оқушыларын көруге болады. Адам саны күрт көбейгенде, зообақ ережелерін сақтамай, тәртіп бұзушылар да көбейіп жатады екен.

Хайуанттар бағының қызметкерлері түрлі келеңсіз жағдайлар орын алмау үшін ата-аналар балаларын қараусыз қалдырмауы тиіс екендігін ескертеді.
«Балаларға қоршаулардан асуға, торлардың арасына қолдарын салуға, қоршауға отыруға тыйым салынады».  Бұл ережелер балалар мен үлкендерге де бірдей.

Жануарларды тұратын қоршауға, үйшіктерге, бөлмелерге түрлі заттарды, таяқтарды, тастарды, тамақ қалдықтарын, балалар ойыншықтарын және т.б. заттарды лақтыруға болмайды.

Жануарларды үркітіп, ызаландыруға және оларды ұстауға арналған үй-жайлардың тосқауылдары мен басқа қоршауларына кіруге немесе олардың үстіне шығуға тыйым салынған.

Хайуанаттар бағындағы жануарларды кез-келген азық түрімен тамақтандыруға болмайды. Олардың әрқайсысының қоректенетін арнайы азық түрлері бар. Адамдар үшін «тәтті, дәмді» саналатын тағамдарды жануарларға бермеңіздер. Түрлі ағаштардың жапырақ, сабақтарын жануарларға беруге болмайды. Бөтен өсімдік пен заттар және тамақ түрлері жануарларымыздың денсаулығына зиян келтіріп, тіпті өмірлеріне қауіп төндіруі мүмкін.

Жануарлары бар қоршаулар мен бөлмелердің торларына, шыны қабырғаларға және тор қабырғаларға сүйенуге, сондай-ақ оларды әртүрлі қатты заттармен және қолдармен соғуға болмайды.

Зообақ аумағында мас күйінде жүріп, спирттік ішімдік ішуге тйым салынған.
Осы ережелерді сақтасаңыздар, зообақ аумағындағы демалысыңыз көңілді әрі жайлы өтеді. Бұл өзіңіз үшін де, жануарлар үшін де қолайлы.
Зообақ – жаунарлардың тұрағы, олардың үйі саналады», - деп ескерту жасайды зообақ әкімшілігі.

 
Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ

Суреттерді түсірген автор


 

3486 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз