Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 08 Маусым, 2024

Онкологиялық ұйымдар 30 млрд теңге негізсіз пайда көрді - Денсаулық сақтау министрлігі

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтың уәжіне Денсаулық сақтау министрлігі жауап берді.
Онда министрліктің өткен жылға жүргізген талдауы нәтижесінде медициналық ұйымдар пайда көру үшін “емдеуге жатқыздық” деп жалған мәліметтер келтіргенін айтады.18 млрд.теңгеден астам сомаға қаржылық бұзушылықтар анықталған. Сонымен қатар, 2023 жылдың қорытындысы бойынша еліміздің онкология орталықтары алған пайданың жалпы сомасы 31,8 млрд. теңгеден асқан.

Есептен шығарылған және тағайындалған препараттар сәйкес келмеген. Тарифтер нақты шығындардан асып кеткен.
Осылайша мемлекеттің ақшасы медициналық ұйымдарға заңсыз түсіп отырған. Соның нәтижесінде 6 басшы тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 2-уін лауазымды қызметтерінен босату ұсынылған. Енді материалдар құзіретті органдарға берілетін болады.
“Қазіргі уақытта әрбір мемлекеттік теңге барынша тиімді пайдаланылуы және барлық қаражат медициналық көмекке мұқтаж пациенттерге жетуі үшін нақты қадамдар жасалуда.
Енді бақылау күшейтілді. Медициналық ұйымдардың қаржылық қызметіне тұрақты мониторинг және аудит жүйесі енгізілді. Бұл бюджет қаражатын орынсыз пайдалану жағдайларын жедел анықтауға және жоюға мүмкіндік береді”, - делінген хабарламада.

Еске салсақ, Асхат Аймағамбетов өзінің телеграм арнасында Денсаулық сақтау министрі жаңа бұйрық шығарғанын атап өткен еді.

"Бюджеттен онкологиялық ауруларды емдеуге бөлінетін қаржы денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен орта есеппен 20 пайызға қысқартылған. Бұйрық 2024 жылғы 11 маусымнан бастап күшіне енеді", - деп жазады Аймағамбетов. Оның сөзінше, бұйрық еш талқылаусыз, мәжілістен тысқары, жеткілікті зерттеулерсіз қабылданған. "Жеме-жемге келгенде бұл бұйрықтан кім зардап шегеді? Қанша адамның өмірі мен тағдыры? Шенеуніктердің жаңсақ және үстірт ақпараттарынан басқа қандай ғылыми негіз бар? Неліктен мұндай маңызды шешімдер жан-жақты зерттелмей, қол қою арқылы ғана қабылданады? Сұрақ өте көп", - деп жазған еді Аймағамбетов. 

507 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз