- Біздің сұхбат
- 10 Маусым, 2024
ALQA радиосының алғашқы эфирі тыңдарманға жол тартты
Бүгін ALQA интернет радиосы алғаш рет тыңдарманға жол тартып, хабар тарату жұмысын бастады. Ақпарат айдынына жаңадан қосылған радионың бағыт-бағдары қандай? Қандай тақырыптарды қаузайды? Жаңа радионың жаңалығы неде? Біз осы орайда радионың Бас редакторы Серік Сейітманмен тілдесуді жөн көрдік.
Серік мырза, бүгін радио алғаш тыңдарманға жол тартты. Алғашқы эфирі жайлы айтып өтсеңіз.
Иә, бүгін таңғы сағат 06:00-де ALQA радиосы Қазақсан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен өз жұмысын бастады. Радио интернет желісі арқылы таралады. Бұл елімізде ғана емес, әлемнің әр түкпіріндегі қандастарымыздың рухани шөлін қандыратын бұлаққа айналады деген сенімдеміз. Радионың алғашқы қонағы Қазақстанның халық әртісі, дәстүрлі әнші Қайрат Байбосын ағамыз болды. Алғашқы эфиріміздің видео нұсқасын «ALQA radiosy» YouTube арнамызға жүктедік. Бағдарламаның дыбыстық нұсқасын «www.alqaradio.kz» радио эфирінен тыңдай аласыздар.
Радионың құрылтайшылары кімдер?
Радио Астана қаласы әкімдігі мен мәслихатының қолдауымен, Дін істері жөніндегі басқарманың құрылтайшылығымен Діндерді зерттеу орталығының жанынан ашылды. Діни басқарма құрылтайшы болғаннан кейін, эфирімізден діни бағыттағы бағдарламалар да шығады. Бірақ оның бәрі қазақы дүниетаныммен, қазақы ұстаныммен астасып жататын хабарлар болады. Яғни, балама ретінде өзіміздің төл руханиятымызды, қазақы дүниетанымымызды қойсақ деген ниетіміз бар. Президентіміз қазір ізгі қоғам қалыптастыру қажет деген мәселені айтып жүр. Біздің бағдарламаларымыз да осы ізгі қоғамның ұстанымынан алшақ кетпейтін дүниелер.
Радионың бағыт-бағдары, бағдарламалары жайлы толығырақ тоқтала кетсеңіз. Өзге радиолардан ерекшелігі қандай?
Радио рухани-танымдық бағытта болғандықтан, эфирден берілетін дүниелер де қазақтың дүниетанымына сай дәстүр, тарих, мәдениет тақырыбындағы бағдарламаларды қамтиды. Жоғарыда айтып өткендей, Қайрат Байбосын ағамыз «Өнер алқасы» бағдарламасының қонағы болды. Біздің радиода айтылатын, көтерілетін мәселелерді басқа да ақпарат құралдарында әріптестеріміз айтып, жазып жүруі мүмкін. Біздегі ерекшелік – әр бағдарламаға өз саласында сөз ұстаған мамандарын тартуды мақсат еттік. Мәселен, «Шеберлер алқасы» бағдарамасын қолөнер шеберлері, ерлі-зайыпты Асхат Бозымбай мен Гауһар Қанатбай жүргізсе, «Алқаби» деп аталатын бағдарламаны жалынды жас маман, заңгер Жасұлан Нұрмахамбет дайындайды. Сондай-ақ, «Сахнагерлер алқасы», «Иман алқасы», «Термешілер алқасы», «Әкелер алқасы», «Аналар алқасы» деген бағдарламаларды «ALQA» ұғымымен байланыстырып, олардың тізгінін қазақтың дәулескер күйшісі Сәрсенғали Жүзбай, кино және театр актері Әділ Ахмет, жыршы-термеші Әлихан Дүйсенбай секілді өз саласының кәсіби мамандарына бердік. Олар өз саласында қамтылмай қалған мәселені, тасада қалған таланттарды журналистерге қарағанда жақсы біліп, тереңінен түсінеді деген ойдамыз. Кәсіби дикторлардың атасы Аманжан Еңсебайұлы да эфирде тыңдарманмен қауышатынын зор қуанышпен айтқым келеді. Халқымыздың қоңыр үнді сүйікті әншісі Нұрлан Өнербай ағамыз бен оның шәкірттерін де радионың имиджін қалыптастыру мақсатына жұмылдырып жатқан жайымыз бар. Радиоға шығармашылық ұжымнан бөлек, әкімшілік-үйлестіру, PR және түсіру, дыбыс өңдеу жұмыстарын атқаратын өз ісінің шеберлерін тарттық.
Салтанатты ашылу рәсімінде Басқарма басшысы Қ.Дүйсешұлы көпшілік алдында өзіңіздің радио құру ісіндегі еңбегіңізге ерекше тоқталып, атауын ұсынған да Сіз екеніңізді айтты. Жалпы радио ашу идеясы да Сіздікі ме? Ол не үшін ALQA атанды?
Жоқ, бізге жеткен деректерге жүгінсек, радио ашу идеясы сол кісінің өзіне тиесілі. Осы орайда идеяны құптаған, жүзеге асыру ісіне жұдырықтай жұмылған азаматтарға алғыс білдіргім келеді. Радионы құру ісіне шақырылғанымда басқа атауға тоқталып отыр екен, басшылыққа атын өзгертуге байланысты ұсыныс жасадым. Оған дейін докторантураны бітіріп, Алаш әдебиетінен диссертация жазған едім. Сол себепті де Алаш қайраткерлерінің дәстүрін жалғастырсақ деген ниетпен осы атауға тоқтадым. 1924 жылы Алаш қайраткерлері «Алқа» деген ұйым құрды, оның басшысы қазақтың мақтанышы, ақын Мағжан Жұмабаев атамыз болғанын білесіздер. Сол Алқа атауын қайта жаңғыртсақ деген оймен осы атауды басшылыққа ұсындым. Және алқа деген мойынға тағатын керемет әшекей бұйым. Ал радионы құлаққап арқылы тыңдайтын болсақ, құлаққаптың сымының өзі алқаға келеді ғой. ALQA радиосы әр саналы қазақтың бойына тағылған алқасы болса екен деген ниет болды.
Радио негізінен қай тілде хабар таратады?
Радио қазақ тілінде хабар таратады. Дегенмен, алдағы уақытта ағартушылық мақсаттағы дүниелерімізді мемлекетіміздің мүддесі үшін өзге тілдерде де шығарып қалуымыз ықтимал.
Сұхбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен:
Гауһар Түстікбаева,
"Қазақ газеттері"
8151 рет
көрсетілді0
пікір