Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Фотогалерея
  • 11 Маусым, 2024

Орманшылар орман қорын әуеден күзетіп жүр

Еліміздің басым бөлігінде аптап ыстық. Бұл төтенше өрт жағдайын туындатады. Ал орман қорын қорғау жұмыстары асқан жауапкершілікті талап етеді. «Қазавиаорманқорғау» мекемесінің ұшқыш-бақылаушылары авиациялық техникамен әуеден орман қорын бақылауды күшейткен. Аталған мекеменің Алматылық бөлімшесіне барып қайтқан kazgazeta.kz тілшісі Алматы облысының таулы аймақтарын Ан-2 ұшағымен патрульдеу жұмысына қатысып қайтты.  

Байсерке аэродромынан редакция тілшісін кәсіби ұшқыш-бақылаушы, «Қазавиаорманқорғау» РМҚК ұшу өндірісі бөлімінің басшысы Якубжан Ибрагимов күтіп алды. Аэродромда аңызға айналған Ан-2 ұшақтарының бір бөлігі тұр. Әсіресе, демалыс күні мұнда экстремалды ойын-сауық түрімен айналысушылар көп келеді екен. Аэродром қызметкерімін деп таныстырған азамат «парашютпен секіргісі келетіндер дәл осы жерден табылады», -  деп қызықтырып қойды. Ал біздің жұмыс орманшымен бірге таулы орманды әуеден аралау. Бақылау бес сағатты қамтиды екен. Сондықтан алыс сапарға, психологиялық тұрғыдан дайын болу керек.

Редакция тілшісінің әуеден фотосурет түсіруден біраз тәжірибесі бар. Сондықтан, «Жүгеріші» ұшақпен ұшу оған айтарлықтай таңсық емес. Тек ұшақ терезелері мен есігінің ұшу кезінде ашылмайтындығы (рұқсат етілмейтіндігі) фотосурет түсіруге үлкен кедергі болады. Соған қарамастан ұшақ терезесінен де сәтті аэрофотосуреттерді сәтті әзірлеп келді.

Әуе бақылауы сапарында ұшқыш-бақылаушы экипаж Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы, Алматы қорығы, Асы жайлауы, Бартоғай су қоймасы, Бұғыты таулары мен Іле өзенінің жоғарғы бөлігі, Шарын, Темірлік, Кеген, Шелек өзендері, Күнгей Алатауы аумақтарының ғажайып орманды табиғатын танысып қайтты.

Қазір елімізде ішкі туризм, оның ішінде тау туризмі дамып келеді. Алматы маңайында тауға ағылған адам көп. Сенбі-жексенбі бұл көрсеткіш айрықша білінеді. Ал тауға шыққанда өрт қауіпсіздігін сақтау ең басты міндет, негізі талаптың бірі. Сондықтан, антропогенді өрт жағдайын туындату жағдайы жылдан-жылға ұлғайып келеді. Қазір бұрын бара бермейтін, алыс, ұзақ бағыттар бойынша да туристер серуендеп жүр. Бұл да таулы жердегі өрт жағдайына алаңдатушылық туғызады. Редакция тілшісімен әңгімелескен кәсіби-ұшқыш бақылаушы осы және өзге де қауіп-қатерлерді тілге тиек етті.

Якубжан Ибрагимов,

Ұшу өндірісі бөлімінің басшысы:

-̵̵ 20 наурыздан бастап Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығымен орман қоры жерлерінде өрт қаупі бар маусым басталды. Біздің мекеменің «Алматы авиа» бөлімшесіне тиісті орман қорында өрт қаупі маусымы басталғалы екі орман өрті болды. Олар Бақанас, Күрті орман шаруашылығында орын алды. Екі өрт те сәуір айының бас кезінде, кезекші аэродромдарға тікұшақ пен ұшақты қойғанша болған оқиға. Өрт су басқан жерлердегі қамыстан шыққан. Барлығын дер кезінде орман шаруашылығының қызметкерлері мен біздің десантшыларымыз сөндірді.

Биылғы көктем, жаздың алғашқы күндері таулы аймақта жауын-шашын мөлшері жоғары, ылғал көп, сондықтан өрт жағдайы тіркелген жоқ. Төрт-бес күн ауа температурасы жоғарылағаны болмаса, еліміз бойынша орман қорына ауа температурасы жақсы жағдай қалыптастырып тұр. Біздің жұмыстарымыз шамамен күн райына байланысты қарашаның 10-на дейін жалғасады. Қазіргі уақытта тауда өрттің – үшінші, Іле өзенің жоғарғы және төменгі бойында бесінші сыныбы тіркеліп отыр.

«Қазавиаорманқорғау» мекемесінің аэровизуалды барлау жұмысында Алматы облысының таулы аймақтарында өрт және өрт ошақтары тіркелмеді. Орманымыз өрттен аман болсын! Табиғатымызды қорғай білейік!

Үлкен Алматы шатқалы

Медеу шатқалы

Медеу мұз айдыны

Есік көлі мына ракурстан жүрек тәрізді көрінеді екен

Бұғыты тауының ерекше көрінісі

Бұғыты тауының жартасты тақталары

Бұғыты тауы аса биік жоғары ракурстан

Бұғыты тауы - Қараш жотасының бір сілемі

Бұғыты тауының қызғылт таулары

Бұғыты тауының осы бедері Ақтау тауларына ұқсап кетеді

Темірлік өзенінің аңғары

Кетпен тауының бөктері

Бестөбе су қоймасы

Бестөбе су қоймасының ғажайып көрінісі

Күнгей Алатауы

Бізді Тоғызбұлақ ауылынан бастап Күнгей Алатауының тұмса табиғаты таңғалдырды

Күнгей Алатауы мен Жалағаш ауылы (бұрынғы Жалаңаш ауылы), Кеген ауданы

Жалағаштың ұшақ терезесінен көрінісі

Қырғызстанмен шекаралас Күнгей Алатауының мұзды шыңдары да көрінді

Ан-2 ұшқыштары бағытты Бартоғайға қарай бағыттады

Торыайғыр тауынан асып, Бартоғай су қоймасына қарай жақындап ұштық

Бартоғайдың суы толып тұр екен

Бартоғай су қоймасы

Бартоғайдан басталатын таулар Асыға қарай бірітіндеп тік көтеріледі. Бұл жердің табиғаты әр сәт сайын күрт өзгереді

Ассы-Түрген обсерваториясы

Көкжайлау үстірті

Айдар жотасы, Көкжайлау

Есік Жапон жолы

Үлкен Алматы шыңы (Найзақара)

Көкшоқы тауы

Тауда күн райы тез құбылады

                                                                        Суреттерді түсірген - Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ, «Қазақ газеттері»

Алматы облысы

 

 

 

8886 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз