- Біздің сұхбат
- 12 Маусым, 2024
Берік Сұлтан: Максимусты 15 миллионға саттым
Белгілі журналист Берік Сұлтан біраз жыл бұрын кәсіпқой бокс әлеміне бет бұрды. Әрине, өзі шаршы алаңға шығып кеткен жоқ, дегенмен Қанат Ислам, Жәнібек Әлімханұлы сияқты даңқты боксшылардың медиаменеджері ретінде өзін жаңа қырынан танытты. Қазір Берік Жәнібекпен бірге әлемді бағындырып жүр. Әлімханұлы орта салмақ дәрежесінде WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы атанса, оған Беріктің үлесі өте зор. Екі азамат Qazaq Style-ді жаһанға таныту үшін зор еңбек сіңіріп келеді. Берік мырзаның әдемі әуестігі бар. Ол асыл тұқымды қошқар бағады. Әлеуметтік желідегі парақшасында қошқарларын, олардың төлдерін таныстырып, ата кәсіпті жаңаша жаңғыртудың тамаша үлгісін көрсетіп жүргеніне біраз уақыт болды. Елге келген сайын Шымкенттегі шағын шаруашылығының аяқ алысын оқырмандарына бір аңдатып қояды. Жақында осы әуестігінің сырын сұрап көріп едік, азаматтың ойы тым тереңде екен.
– Қошқар бағу. Бұл қайдан шыққан әуестік? біреуден көрдің бе, әлде біреу итермеледі ме?
– Қой бағу жалпы қазақы қанымыздағы дүние ғой. Мұны қазаққа еуропалық немесе америкалық біреудің үйретуі шарт емес. Кез келген қазақ шын қаласа атқа мініп кете алады, қой (қошқар) бағып кете алады. Мен үшін бұл, ең алдымен, хобби. Біз шетелде кейде үш-төрт айлап, жарты жылдап жүреміз. Одан келген соң елде демалу керек. Сақа жігіт жасына жеттік, клубқа барып демалмаймыз, достармен жиналып бильярд ойнауға да ықылас аз. Қазақы адам болған соң, шал-кемпірдің тәрбиесін көргеннен кейін жанымыз қазақы демалыстарды аңсайды. Мен елге келгенде қазақы «дәруменді» осы кәсіптен, осы әуестіктен табамын. Бокстан ойым бөлініп, қошқарларыма қарап, оларға жем-шөп беріп, сәбіз, алма турап беріп, ай сайын таразыға тартып салмағын өлшеп, бойын өлшеп, өзгеше бір рақат күйге түсемін. АҚШта жүргенде қазақы ортаны қатты аңсаймыз. Біздің кәсіп соның орнын толтырады. Бұл – бір.
Екінші жағы бала тәрбиесіне қатысты. Үш ұлымның атын Міржақып, Ахмет, Әлихан деп қойдым. Балалар атына заты сай болу үшін де қазақылық қажет. Әр әкенің бала тәрбиесіндегі өз кілті, өз тетігі бар. Біреу ұрсып, біреу еркелетіп, біреу кітап оқытып тәрбиелейді. Мен балаларымның жауапкершілігі мол ер-азамат болып жетілгенін қалаймын, армандаймын. Ондай жауапкершілік аспаннан салбырап түсіп, баланың бойына өз-өзінен қона қалмайды ғой. Оны әке қалыптастыруға, шыңдауға тиіс. Қошқар асыраудың бір талабы – барлығы уақтылы атқарылуы керек. Жемшөбін өз уақытында беру керек, өз уақытында суару керек дегендей. Бүгін түскі екіде, ертесі он екіде шөп салу деген болмайды. Мысалы, таңертең тоғызда ақырына шөп салдың ба, ертеңіне де дәл сол уақытта алдында шөп тұрғаны дұрыс. Балаларым соған машықтанып, әрқайсысы бір-екі бастан қошқарларға жауапты болып, осы бастан өздерін тәртіпке, мана айтқан жауапкершілікке үйретеді. Қазір олар мен қадағаламай-ақ бәрін мезгілімен атқарады. Астын тазалайды. Ертең мұндай бала барлық жағынан тындырымды, ұсынықты, әке-шешеге мейірімді болып өседі.
– Қошқарларды қайдан таңдайсың? Гисар тұқымына таңдауың қалай түсті?
– Біріншіден, гисар тұқымы өте сұлу келеді. Екіншіден, мүйізі болмайды, құлағы ұзын болады. Үшіншіден, асыл тұқымды гисар қошқары салмақты келеді. Асыл тұқымдының аты асыл тұқымды: бағасы да қымбат, өзі де көрнекті, оған сұраныс та жоғары. Мысалы, қазір үш жасар бір қошқарымның салмағы 180 келі, ал бір жасқа енді толған тоқты қошқарымның салмағы 121 келі тартып тұр. Рекордқа ие қошқардың тірі салмағы 230 келіден асып кетті. Осындай ерекшелігі бар.
– Оларды күту, ұстау шығыны қанша? Еңбегің қанша уақытта ақталады?
– Бұлар алтын асап, күміс күйсемейді, дәстүрлі жем-шөппен қоректене береді. Жақсы азықтандырсаң, жақсы қоң жинайды. АҚШ-тан дәрумендер ала келемін. Қымбат уколдарын уақтылы салдырып тұрамын. Олар дәруменді жем-шөптен ғана алмайды. Дұрыс жетілу үшін, сүйектері қатаю үшін, буындары беки түсу үшін мықты қорек керек. Салмағы артқанда сүйектері майысып кетпеуі керек, кальций тапшылығы болмауы керек. Соның барлығын ретімен пайдаланып отырамыз. Иә, мұның барлығы әжептәуір шығын. Бірақ соған тиісінше пайдасы да орасан зор. Мысалы, Максимус деген үш жасар қошқарымды 15 млн теңгеге саттым. Оны бүкіл Қазақстан естіді десем өтірік емес. Әлеуметтік желіде бәрі жазды. Әлі күнге дейін кездесе қалған адамдар да сұрап жатады. Ал Максимустың төлін төрт айлық кезінде 2 млн-ға пұлдадым. Басқа да қозыларын 500, 1 млн, 1,5 млн-ға бағалаған кездерім болды. Аталығы мықты болса, қозылары-ақ барлық шығынды ақтап береді. Қазақы қисынға салсақ, қошқарының даңқымен қозысы өтеді. Барлық талабын сақтап күтсең, еңбегің бір-ақ жылда ақталады.
– Қошқарларды сатып, пұл қылу үшін өсіресің бе, әлде басқа да мақсат бар ма?
– Негізгі мақсат – жоғарыда айтып өткенімдей, өзімнің әуестігім, рақатым. Екінші мақсат та айтылды. Қалалық жерде тұрып жатқаннан кейін балаларымыз қойдың иісінен жеркеніп, малды көрсе қорқып, қошқар көрсе аю көргендей қашқанын қаламаймын. Өзім ауылдың перзентімін. Балаларым да барынша қазақы болып өсуінің бір шарты осында жатыр.
– Өзің америкада жүргенде қошқарларыңа кім жауапты?
– Сапарда жүргенімде үйдегі малға келіншегім Әйгерім қарайды. Оған барлық қажетті параметрлерді көрсетіп кетемін. Жарыма бала-шағам көмектеседі. Қошқарларымды адырға шығып бағу деген жоқ, барлығы қорада ұсталады. Бұл аса күрделі жұмыс емес. Сегіз сотық жерде жеті-сегіз қошқар ұстап, жақсы бағасын ұстап отырмыз. Бір қошқарымды Қырғызстаннан келген адам 4,5 мың долларға сатып алды. Қойы көп адамдар, әрине, қала жағдайында біз сияқты мал ұстап отыра алмайды. Оларға гектар-гектар жер қажет болады.
– Жақсы тұқым барын естісең, арнайы барып сатып аласың ба?
– Иә, құлағыма жақсы хабар тисе, ол ойда ма, қырда ма, алыста ма, жақында ма, қарамаймын. Бағасына келісіп отырып сатып аламын. Мысалы, Шудан қошқар алған кездерім болды. Өзім Шымкентте тұрамын, Түркістан облысының Сарыағаш, Қазығұрт, Бәйдібек аудандарынан да қошқар тауып келгенім бар. Кейде сатып алмасам да, қошқарларды арнайы барып көріп кетемін. Өйткені иесі сата бермейді. Соны барып көрудің өзі адамды демалдырады.
– Мұны бизнес деуге бола ма?
– Қошқар бағуды хобби ретінде де, бизнес ретінде де кәсіп етуге болады. Бұл арзан кәсіп емес. Ең арзан деген төлінің өзін 200-300 мың теңгеге зорға табасыз. Асыл тұқымды отар бағып отырған адамдарды білемін, бір маусымда малын пұлдау арқылы 180-200 млн теңге пайда табады. Ойлай беріңіз. Аталық қошқар ретінде алмаған күннің өзінде, оны бордақылап сатсаңыз да табысы жаман болмайды.
– Бұл кәсіпте қазір қандай жаңашылдық бар?
– Қошқар бағу кәсібіне де қазір маркетинг араласып кетті. Түрлі сусын өндіретіндер, балмұздақ шығаратындар жарнамасын қалай жасайтын болса, қошқардың жарнамасын да дәл сол деңгейде жасау керек. Мықты қошқар қораңызда тұра беретін болса, оны ешкім сатып алмайды. Сондықтан оларды өзім видеоға түсіріп, оны өңдеп, әлеуметтік желіге саламын, жұрт назарына ұсынамын. Мұндай қадамның және бір себебі – қалалық қазақтарды ата кәсіпке үйрету, ата кәсіпке көздерін, құлақтарын қанықтыру. Олар әлеужелі парақшасынан күнде мал көре бермейді. Ойым дұрыс шықты, маған қаншама адам хат жазды, қызығушылық білдірді. «Сізге қарап қошқар бақтым, қозы сатып алдым» дейтін інілерім көп. Хоббиі жоқ азамат басқа нәрселерге әуестене береді. Қазір әр өңірде асыл тұқымды қойларға қызығушылық артып жатыр. Бұрын қазақы орта аса таңдай бермейтін, қазір мал тұқымын асылдандыруды мықтап қолға алды. Мал бағатын адамдар жарнамаға да мән бере бастады. Арнайы мобилограф жалдап, соны әлеуметтік желілерге салып, шаруашылықтарына арнап аккаунттар ашып, ілгерілеп жатыр. Жыл сайын гисар қошқарларына арналған ортаазиялық көрме өтеді. Онда қошқарлардың бойы, сыртқы келбеті (экстерьер), салмағы бойынша арнайы аталымдар тағайындалады. Максимус қошқарым бойының ұзындығы бойынша осы көрмеде екі жыл қатарынан чемпион болды. Чемпион атанған қошқарлардың қозысына сұраныс арта түседі. Одан бөлек әр өңір өзінше көрме өткізіп тұрады. Демек, өзіңнің қызығың үшін ғана қораңда бағып отыра бермейсің, қошқарыңды арнайы көрмеге дайындайсың. Мұның да ғанибеті керемет.
– Әңгімеңе рақмет, Берік!
Сұқбаттасқан Есей ЖЕҢІСҰЛЫ
«Ақ желкен» журналы, №5
Мамыр, 2024
7173 рет
көрсетілді0
пікір