- Шартарап
- 13 Маусым, 2024
Венада ЕҚЫҰ-ның Орталық Азиядағы киберқылмыспен күрес жөніндегі бастамалары талқыланды

Венада Орталық Азиядағы киберқылмыспен күресу әлеуетін арттыру жобасының бірінші кезеңін (2020-2024) іске асыру қорытындыларына арналған ЕҚЫҰ-ның конференциясы өтті, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.
Форумға құқық қорғау саласындағы Орталық Азияның негізгі білім беру мекемелерінің басшылары қатысты. Қазақстандық делегацияның құрамына Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі, ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының және ҚР Ішкі істер министрлігі Макан Есболатов атындағы Алматы академиясының өкілдері кірді.
Конференцияға қатысушылар жобаның бірінші кезеңінің жетістіктері мен қорытындыларын, сондай-ақ болашаққа арналған жоспарларды талқылады. Киберқылмыспен күрес саласындағы ағымдағы трендтер мен сын-қатерлер туралы пікір алмасылды.
Өңірдегі киберқылмыстар деңгейінің өсуі аясында Орталық Азия елдерінің өкілдері қылмыстық сот төрелігі жүйесінің киберқылмысқа және электрондық дәлелдемелерге байланысты қылмыстарға тиімді ден қоюы үшін халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
Қатысушылар жобаның бірінші кезеңінің қорытындыларын жоғары бағалап, күрес әдістерін үнемі жетілдіру және жаңа киберқауіптерге бейімделу қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ құқық қорғау органдары қызметкерлерін даярлау мен біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөле отырып, жобаның екінші кезеңі шеңберінде ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.

874 рет
көрсетілді0
пікір