Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 14 Маусым, 2024

Шымкентте «Кітап оқитын Шымқала» атты буккроссинг аясында көше кітапханалары ашылды

Шымкент қаласында тұрғындарының кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, кітап оқуға қол жетімділігін қамтамасыз ету, рухани-мәдени байыту, әдебиеттің озық туындыларын насихаттау мақсатында «Кітап оқитын Шымқала» атты көше кітапханалары ашылды. Аталған инновациялық жоба қаладағы шағын аудандар ауласында жергілікті тұрғындардың өзара кітап алмасуына бағытталған. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Жобаның негізгі мақсаты – оқылған кітаптарға екінші өмір сыйлау және оқырмандар арасында кітап алмасу акциясын жүргізу. Мұндай жобалар әлемнің көптеген елінде сәтті жүзеге асып келеді, енді Шымкент қаласының тұрғындары да бұл бастаманы жалғастыруда.

«Көше кітапханалары арқылы кітап оқуды насихаттап, тұрғындарды кітап оқуға тарту мүмкіндігі артып келеді. Аулаларда орнатылған буккроссинг бұрыштары қала тұрғындарының бос уақытын тиімді пайдалануға көмектеседі. Бұл жоба арқылы әркім оқыған кітабын басқалармен бөлісе алады. Сонымен қатар ол жерден қызықты кітап табуға болады. Бұл жоба кітап оқуды жаңа деңгейге көтеріп, тұрғындар арасында мәдени қарым-қатынасты нығайтады», – дейді Абай атындағы орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің директоры Нұрила Жұманова. 

Қазіргі кезде қаланың алты жерінде көше кітапханасы жұмыс істейді. Қала тұрғындары мен қонақтар тәуліктің кез келген уақытында қажетті кітабын алып, орнына басқасын қалдыра алады. 

Алдағы уақытта кітапхана қызметкерлері оқырмандарға қолжетімді болу үшін, көше кітапханаларының санын көбейтуді жоспарлап отыр.

335 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз