- Таным
- 15 Маусым, 2024
Оңай ақша: Қиялға шырмалғандар хикаясы

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ,
«Ana tili»
Қазір 400 мыңға жуық адам – букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты тұтынушысы. «Бұл – тұтас бір қаланың халық санына пара-пар көрсеткіш», – дейді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысындағы сөзінде. Президент былтыр интернет-казиноның белгісі бар 4 мыңнан аса сайтты құзырлы органдар бұғаттағанын айтқан.
Еңбексіз ақша табуды армандау
Расында, лудоманияның кесірінен талай шаңырақ шайқалып жатыр. Талай азамат заңбұзарлық әрекетке барып, қылмыс жасады. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы ақпаратты, өкінішке қарай, көзіміз шалып, құлағымыз естіп қалады. Бұл дерт жас ұрпаққа аса қауіпті болып тұр. Ең қауіптісі, онлайн ойындар балалардың да күнделікті ермегіне айналып барады.
Психологтер лудоманияны құмар ойындарға деген патологиялық құмарлықтан тұратын әдеттер мен тілектердің бұзылуы деп түсіндіреді. Психолог Ақсәуле Бекасыл құмар ойынға тәуелділіктің негізгі сипатын «адам өмірінде басымдыққа ие болатын, құмар ойындардың жиі қайталанатын эпизоды» деп атап көрсетті. Оның айтуынша, лудомания кесірінен әлеуметтік, кәсіби, отбасылық және материалдық салалар айтарлықтай зардап шегеді.
«Құмар ойынға тәуелді адам жұмысқа, отбасыға, материалдық байлыққа жеткілікті көңіл бөлмейді. Оның бар назары құмар ойынға бағытталған. Пациенттерімнің әңгімесіне сүйене отырып, бұны өте ауыр дерт дер едім. Өйткені әркімнің де бәс тігумен айналысатын достары не таныстары бар. Бұл геометриялық прогрессия сияқты. Бүгінде олардың бәрі «бәс тігу», «сенімді төлемдер» деген жарнаманы көп көреді. Анонимділік пен құпиялықты сақтайтын жеке оңалту орталықтары құмар ойынға тәуелділіктен емдейді. Тегін емес, қомақты қаржыға емдейді. Бұл мәселе, кем дегенде, алдағы 10 жылда шешіле қоймас», – дейді психолог Ақсәуле Бекасыл.
Маманның айтуынша, халықтың әлеуметтік жағдайы төмен, сондықтан барлығы оңай әрі тез ақша тапқысы келеді. Дәлірек айтқанда, қазіргі жастардың сыни пайымы жоқ. Олар түбі жақсылыққа апармайтынын пайымдай алмайды.
«Құмар ойынға шырмалудың тағы бір себебі – отбасы, ана мен әке институтының әлсіздігі дер едім. Адам не үшін бәс тігеді? Біріншіден, көзсіз сенім. Ал ол сенім оты қайдан тұтанады? Айталық, 30 жастағы ер-азамат, үйленген, екі немесе одан да көп баласы бар. Жұмысы бар, бірақ ол оңай ақшаны армандап, әлі қолы жетпеген, қиялындағы миллиондарды санай бастайды. Сосын микроқаржы ұйымынан ақша алады. Білесіз, қазір ақша алу процесі бұрынғыдан да оңай, тіпті адамға ешқайда барудың, ештеңеге қол қоюдың немесе құжаттарды ұсынудың қажеті жоқ. Несиені цифрлы жолмен рәсімдей аласыз. Мәселен, 20–70 мың теңге несие алдыңыз. Оны ойынға салады. Осылай несие қарызын көбейтеді, онымен қоймай, айналасындағылардан жиі әрі ұялмай қарыз сұрай бастайды. Қарыз сұрау үшін өтірік айту қиындық тудырмайды. Елімізде ана мен әке институты, ол институттың құндылығы қайта қаралса деймін. Бүгінгі ата-ана баласының қолына телефонды бере салады, ал балалар телефонның тәрбиесіне көшкен. Мұның да арты жақсылыққа апармасы анық, осы жағдай мені қатты алаңдатады», – дейді психолог.
Кәсіпкерден көше кезушіге дейін...
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, республикада 2020 жылы – 15 адам, 2021 жылы – 26 адам, 2022 жылы 23 адам осы дерттен – ойынға тәуелділіктен емделген. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 170-бабының 1-тармағына сәйкес, қоғамдық қауіпті іс-әрекеттер жасаған психикалық немесе мінез-құлық бұзылыстары (ауруы) бар адамға қатысты сот шешімі бойынша медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылады. Қазақстанда патологиялық құмар ойындарды диагностикалау және емдеу диагностикасы мен емдеудің клиникалық хаттамасына сәйкес, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында жүзеге асырылады. Негізгі араласуларға психологиялық және психотерапевтік емдеу жатады: психобілім беру, қысқа мерзімді араласу, мотивациялық кеңес беру, отбасылық терапия, когнитивті және мінез-құлық араласуы.
Тәуелділіктен емделгендердің бірі – алматылық Өрен Қайырғалиұлы. 30 жасынан өте белсенді азамат кәсібін дөңгелетіп, үйленіп, балалы-шағалы болып, Алматы–Құлжа тас жолында бірнеше дәмхананың иесі атанып үлгерген еді. Ол 40-қа келгенде телефоннан бас алмайтын жағдайға жетті. Алғашында отбасы мен жақындары мән бермегенімен, кейін апталап үйге қонбай, өз дәмханасының барында ойын ойнап жата беретініне алаңдай бастаған.
«Анам мен әйелім қаншама рет көз жасын төкті. Оның бәріне немқұрайды қарадым. Шаңырағым шайқала жаздады. Есепшотымдағы бар ақшаны ойынға тігіп, дәмханаларымның жалдау ақысын төлемегенімнен, бір-ақ күнде барлық ісімнен айырылдым. Қалтада көк тиын жоқ, тесік қалтаны бір қағып, басым сүмірейіп үйге келгенде де бір анам мен әйелім қолдап, қасымнан табылды. Сол екеуі болмағанда мен қазір жер басып жүрмес едім. Қарызға белшемнен батқаным сондай – басымды тік көтеріп жүру мүмкін емес еді. Шешем мен әйелім несие алып, бар қарызымды өтеді. Жылап-еңіреп жүріп, мені емдетуге де ақша тапты. Бір қуантарлығы, қазір емделгенде де аты-жөніңді базаға жазбай, сенің еркіңмен ешкімге көрсетпей емдейтін жақсы орталықтар бар. Ойынға тәуелділік, белшеден батқан қарыз бәрінен құтылу үшін 1,5 жыл уақыт керек болды. Өзімді ғана емес, отбасымды, жақындарымды, достарымды, маған сенген бизнес-серіктестерімді – бәрін-бәрін қиын жағдайға қалдырдым», – дейді Өрен Қайырғали.
Айтқанға жеңіл болғанымен, кәсіпкердің әңгімесі талай адамға сабақ болары анық. Өйткені ол анасы мен әйелінің қолдауына ие болғанға дейін кәсіпкерден көше кезушіге айналған. Даладағы орындықтарға ұйықтап, жертөлелерді паналаған. Қарыздан қашып, ойынға тұтылып, жұрттан тығылып жүрген оны анасы мен әйелі іздеп тауып, адам қатарына қосамыз деп шешіпті. Бүгінде Өрен өзі де, балалары да телефоннан ойын ойнағанды ұнатпайды. Қолы қалт етсе, отбасына көңіл бөліп, демалыста балаларын тауға алып шығуды әдетке айналдырыпты.
Мәжіліс депутаты Руслан Берденовтің мәліметінше, Қазақстанда құмар ойынға тәуелді 350 мың адам бар. Оларды емдеуді қолға алсақ, жылына 140 миллиард теңге қажет болады. Ал оны емдеу қиын. ДДҰ құмар ойындарға тәуелділікті «ауру» деп мойындады. Депутаттың айтуынша, Қырғызстан мен Өзбекстанда ойын жарнамасына тыйым салынған, ал бізде әлі жағдай реттелмеген. Барлық жерде агрессивті жарнама. Ал олар мұндай жарнаманы букмекерлік компаниялардың спорттық іс-шараларға демеушілік жасап, салық төлеуімен түсіндіреді.
Медициналық-әлеуметтік көмек, оның ішінде патологиялық құмар ойынынан зардап шегетін адамдарды оңалту стационарлық және амбулаториялық негізде 17 облыс орталықтарында, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін аймақтық психикалық денсаулық орталықтарында жүргізіледі. Сондай-ақ мұндай науқастарды медициналық-әлеуметтік оңалту Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының Павлодар қалалық филиалында да бар. Алайда мамандар пациенттің тіркелгенін, ашық емделгенін дұрыс деп санайды. Өйткені жылдар бойы лудоманияға жеңілген адамды аз ғана уақыттың ішінде бәрін қойып кетеді деген кепілдік те жоқ көрінеді.
«Адам тіркелуі керек. Қазір пациент реабилитацияға келеді, ол үшін жұмысынан бір ай демалыс алады, содан кейін жұмысына қайта оралады. Қазір адамдар жарты өлшеммен өмір сүруге үйреніп қалған: ол әрі жұмыс орнын сақтап, әрі емделгісі келеді. Олар лудомания, мәселен, қант диабеті сияқты деп ойлайды. Оны жедел ауруханаға апарады, тез арада дәрі береді, дәрумендер егеді. Ол жерде бір ай жатып, денсаулығы жақсарады. Бұл – басқа аурулардың емі. Ал лудомания бір айда жазылып кетпейді. 15–20 жыл құмар ойын ойнаған адамның жағдайы бір айда жақсаратынына немесе өзгеретініне кепіл бола алмаймыз», – дейді мамандар.
Заң жобасы дайындалды
Өткен айда Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелері туралы, сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгеріс енгізу туралы заң жобаларының таныстырылымы өтті. Жұмыс тобының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев бұл заң бір жарым жыл күттіргенін айтты.
«Бұл заңды бір жарым жыл күттік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құмар ойындарға тәуелділік мәселесіне бірнеше рет назар аударған болатын. Осы мәселе Қауіпсіздік кеңесінің отырысында да қаралды. Депутаттар көптеген депутаттық сауал жолдап, арнайы жиындар ұйымдастырды. Жауапты мемлекеттік органдардың өкілдерін шақырып, тыңдалым да өткіздік. Президенттің тапсырмасын орындау мақсатымен бұл түзетулерге Мәжілістегі барлық фракция өкілдері бастамашы болып отыр», – деді жұмыс тобының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев.
Депутат Мемлекет басшысы нашақорлық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылықпен қатар, құмар ойынға тәуелділікті қоғамның ең қауіпті бес әлеуметтік мәселесінің бірі деп атағанына назар аударды. Сондықтан Мемлекет басшысы лудоманиямен күрес жөніндегі заң жобасын осы сессияның соңына дейін қабылдау қажеттігін нақты тапсырғанын еске салды.
Сонымен қатар түрлі ойындар онлайн режімде қолжетімді болғандықтан, алғашқы ставкалар мектеп қабырғасында қойылып жатқаны да алаңдатады. Статистика бойынша, он ерлі-зайыптының жетеуі құмар ойындарының кесірінен ажырасады. Былтыр Қазақстанда 3 676 адам өз-өзіне қол жұмсаған, оның әрбір бесіншісінің себебі – лудомания.
«Букмекерлік кеңселер жарнамаға қомақты қаржы жұмсайды. Телеарналар, ресми интернет ресурстары, Youtube, TikTok, Instagram, Telegram сияқты әлеуметтік желілер букмекерлік кеңселердің жарнамасына толы. Сонымен қатар кейбір қоғамдық пікір көшбасшылары, танымал блогерлер, медиа жұлдыздар да бұл зиянды құбылысты жарнамалап жүр. Бірақ қоғам, керісінше, ең алдымен жастарды бұзатын бұл әлеуметтік қауіпке қарсы жұмыла әрекет етуі керек. Оңай ақшаға құмарлық емес, адал еңбек қана жақсылық әкелетінін өскелең ұрпақтың санасына құйып, дұрыс құндылықтармен тәрбиелеуіміз керек», – деді Е.Бейсенбаев.
Жоба аясында 2 кодекс пен 7 заңға 50-ден аса түзету енгізілген. Атап айтқанда, ойын бизнесіне қатысушыларды оның жағымсыз салдары, тәуекелдері мен зияны туралы міндетті түрде хабардар ету, сондай-ақ мәліметтері борышкерлер тізімінде бар жеке тұлғалардың ойынға қатысуына тыйым салу туралы міндетті ақпарат енгізіледі. Құмар ойындарға кәмелет жасқа толмаған және құмар ойындарға қатысуы шектелген адамдарды тартқаны үшін заңды тұлғалардың әкімшілік жауапкершілік, сондай-ақ онлайн-казино ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жаза белгіленеді. Букмекерлік кеңселер мен лотереяларға арналған жарнаманы орналастыру мен таратуға қойылатын талаптар күшейтіледі.
Сонымен қатар лотерея терминалдарын елге әкелуге және тұрғын үйлерге, дүкендерге, медициналық және білім беру ұйымдарына орнатуға тыйым салынады. Құмар ойын ойнауға қатысуға рұқсат беру жасы 25 жасқа дейін ұлғайтылады. Ойын бизнесін ұйымдастырушылар енді өздерінің ақпараттық және қаржылық жүйелерін мемлекеттік кірістер органдарының аппараттық жүйелерімен біріктіруге міндетті болады. Осылайша, барлық қаржылық операция мемлекетке көрініп отырады.
«Ставкаларды есепке алу орталығы» нені көздейді?
Естеріңізде болса, Мәжілісте депутат Бақытжан Базарбек лудоманияға қатысты заң жобасының артында әлдекімдердің мүддесі тұрғанын мәлімдеген еді. Заңды пайдаланып бәзбіреулердің жемқорлық тәуекелдері жоғары, дәл «Оператор» ӨКМ (РОП) секілді мекеме құруды көздеуі мүмкін екенін айтқан.
«Ставкаларды есепке алу орталығы» туралы сөз еткен депутат жаңа заңда осы орталықтың құзыреттілігін кеңейтуді көздеп отырған лоббистердің бар екенін ескертті. Бақытжан Базарбек депутаттардың осыдан 1,5 жыл бұрын «Ставкаларды есепке алу орталықтары» туралы норманы қазіргі қолданыстағы заңнан алып тастау туралы ұсыныс жасағанын, бірақ үкімет бұл ұсынысты қолдамағанын жеткізді. Үкімет «зерделенуі керек» деген уәж айтып, аталған нормаға тиіспеген.
«Осы орайда мұнда жеке адамдардың мүддесі бар ма деп күмәнданамыз. Өйткені «Ставкаларды есепке алу орталықтары» дегеніміз – үкімет пен ойын бизнесі арасындағы көпір секілді. Олар әрбір бәс тігуден түсетін қаражаттан комиссия алып отырады. Оның өзі ондаған млрд теңгені құрайды. Бұл орталықтардың басында кезінде Қайрат Сатыбалды бастаған ескі Қазақстан өкілдерінің гвардиясы тұрған. Енді заңға баз біреулер осы орталықтарға қатысты түзетулерді енгізіп қойыпты. Лоббистер бұл орталықтың құзыретін кеңейтуге тырысып жатыр. Бұлай болса, орталық кәдімгі құзыреті бар органға айналады. Бұл лоббистік мақсаттағы нормалар қазір Мәжіліс дәлізінде ашық талқыланып жатыр. Ең қызығы, норманы заң жобасына кімнің енгізгені де көрсетілмепті. Енді сіздерден сұрағым келіп отыр, бұл норманы алып тастау ойларыңыз бар ма?» – деп сұрады депутат.
Өз кезегінде, заң жобасын таныстырған депутат Елнұр Бейсенбаев расымен бұл орталықтың монополиске айналуы мүмкін екенін, оған түсетін қаражаттың кімге кететінін және қайда жұмсалатыны белгісіз екенін айтты. Оның сөзінше, бұл норма бойынша орталық делдалға айналады. Сонымен бірге жеке компанияға осы саланы реттеу құзыреті берілейін деп отыр. Мұның өзі сұмдық дүние ғой. Мұның артында үлкен жемқорлық жатыр. Өйкені букмекерлік кеңселердегі ақша айналымы триллиондаған теңгемен өлшенеді.
Ал Қаржы мониторингі агенттігінің өкілі букмекерлік кеңселердің салық органдарымен және басқа мемлекеттік органдардың жүйесімен интеграцияланғанын, сондықтан мұндай орталықтардың қажеті болмайтынын айтты. Десе де, заң жобасындағы «Ставкаларды есепке алу орталықтарының» мәртебесін кеңейту туралы норманы алуға қатысты ештеңе айтпады.
Талқыланған заң жобасы бойынша, казинолар мен букмекерлік кеңселердің жарнамасына тыйым салынады. Қазақстандықтар eGov mobile арқылы өздеріне құмар ойын ойнауға тыйым сала алады. Электронды жүйе арқылы ойын мекемелеріне және букмекерлік кеңселердің сайттарына кіруге 6 айдан 12 айға дейін тыйым салуға болады. Ал құмар ойын ойнауға рұқсат берген жасқа келмеген азаматтарға заңсыз ойын ойнауға мүмкіндік берген заңды тұлғаларға қомақты айыппұл салынып, қайталанатын жағдайда лицензиясы тоқтатылады.

1070 рет
көрсетілді0
пікір