- Фотогалерея
- 15 Маусым, 2024
Құрбан айт: Алматыдағы мал бағасы қанша тұрады?
Алматыдағы мал базарында баға қандай, құрбандық шалу орындары қаншалықты дайын? Осы және өзгеде сұрақтармен kazgazeta.kz тілшісі Наурызбай ауданындағы «Тау Самалы» әмбебап базарына барып, фоторепортаж әзірлеп қайтқан еді.
«Тау Самалы» базарында 15 жылдан бері мал сатушы болып жұмыс жасап келе жатқан Қанафия Жамантаев: «Біздегі қойдың бағасы 35,37 мың теңгеден – 80 мың теңгеге дейінгі аралықта. Мұнда күніне әр қалай, 25-30 бас қой сатылып жатады. Қазір 1 жастан 3-4 жасқа дейінгі 90 бас қой тұр. Биыл қой сатып алып, құрбандық шалушылар көп болады деп ойлаймын», - дейді.
Тағы бір мал сатушы Айдос Нұрбосынов Құрбан айтқа 4 жасқа жеткен қошқарын шығарыпты. «Бұл ақ қошқарды екі жыл қойға қостық та, төлін алдық. Осы жылы қосуға болмайды. Біз мұны тоқты кезінде 280 мың теңгеге алғанбыз, қазір сатылатын бағасы 150 мың теңге. Алла қаласа, биыл Құрбан айтқа шығарып жатырмыз.
Биыл қойдың кеш төлдеуіне байланысты, қозылар құрбандыққа жарамайды. Біз қойларды Алматы облысы Ақши ауылынан алып келдік. Құрбандыққа шалынатын малдың бағасы 50 мың теңгеден жоғары болады. Құрбан айтта 100 бастай қой сатылатын шығар деп ойлап отырмыз. Мұнда қой, ешкі, сиыр бар, ал түйені тек тапсырсып алдырады», - деп әңгімеледі.
Мал сату ісін әкесінен үйренген Райымбек Итен Құрбан айт кезіндегі бағаның шарықтап кетуін түсіндіріп берді.
«Құрбан айт кезінде қойлардың бағасы қымбат деп жатады. Бұл жерде біз өзіміз ойдан алып, баға қоспаймыз. Жалға алу құны, қойды сою қасапханасына бізден ақша алады. Құрбан айт кезінде сол төлемдердің барлығы қымбаттайды. Өйткені, келушілер саны артқан сайын, мұндағы жүктеме де артады. Сондықтан, бұл жылдағы қалыптасқан жағдай деуге болады. Әкем де осында жиырма бес жылдан бері мал сату ісімен айналысып келеді. Қазір тұрғындар етті мал базардан алғанан гөрі, ет базарынан дайын ала салады. Баға жағынан бұл қымбатқа шығатыны тағы бар. Ет базарындағы мал етінің таза ма, қандай болғаны тағы белсіз, көзбен көріп, сойып алмаған соң... Сондықтан, базарда өзіңіз алатын малды таңдап, халал сойғызып алу дұрыс деп ойлаймын. Жай күндері бізден 5-6 адам қой алатын болса, Құрбан айттың бірінші күні 500-600 адам қой алады», - дейді Райымбек Итен.
Еске салайық, кеше Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Астана қаласындағы базарларды аралап, сатушылармен кездесіп, мал бағасын қолдан көтермеуге шақырған болатын.
«Халқымыздың жағдайын ескеріп, мал бағасына барынша жеңілдік жасауға шақырамын. Алла Тағала саудаларыңыздың берекесін берсін. Өздеріңіз жақсы білесіздер, Құрбан айттың негізгі мәні – игі амал арқылы Алланың рақымына бөлену. Сіздерге де мал бағасына мейлінше жеңілдік жасап, игі амал жасауға мүмкіндік туып тұр. Алла ізгі ниетпен жасаған әрбір істеріңізге мол сауаптан жазсын» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Айт намазы 16 маусымда Алматы қаласында таңғы сағат 6:00-де оқылады. Бұл амалдан соң, жиылған жұрт құрбандық шалу рәсіміне кіріседі. Алты аудандағы 14 мешітте қазір арнайы қасапханалар дайындалып қойған. Ал құрбандықты мұқтаждарға беремін деген жандар үшін барлық 54 мешітте етті сақтауға арналған қабылдау пункттері ашылып, мұздатқыштар қойылған. Тіпті кейбірінде малды уақытша ұстау орындары да қарастырылыпты.
Құрбандық үшін малдың үш түрін: түйе, сиыр, қой не болмаса ешкіні союға болады. Құсты союға болмайды, ал жылқы малы Имам Ағзам жолы бойынша соғыс көлігі саналатындықтан, құрбандыққа жатпайды. Құрбандыққа қой мен ешкінің бір жасқа толғаны, түйенің бес, сиыр мен өгіздің екі жасқа толғаны сойылады. Бұлардың дене мүшелері түгел әрі сау болуы шарт.
Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ
Суреттерді түсірген автор
7365 рет
көрсетілді0
пікір