Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 18 Маусым, 2024

Ілияс пен Сәкен өткен дуалдар

Тақырыптан тақырып туады. №19 (7 мамыр 2024 жыл) санда «Достық даңғылындағы 15-үйде тұрған қыз...» деген мақаламда батыр қыз Әлия Молдағұлова туралы сөз қозғап едік. Мақала жазарда оның қазіргі С.Бегалин атындағы орталық қалалық балалар кітапханасының ғимаратында тұрғанын білмедім. Кітапхана қызметкерлеріне де бұл факт таңсық болған. Жолай кіріп, ғимараттың ескі суреттерін сұрай келе менің тың деректеріме таңырқап қарады. «Мүмкін емес. Бәлкім кітапхана артындағы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің маңындағы ескі дуалдың жанында орналасқан болар», – деді маған егде жастағы кітапхана қызметкері. Осы кезде Әлияның тұрған жеріне қатысты менде күмән туды. Бірақ өзіміз сұқбаттасқан, әрі анасының естеліктеріне сүйене айтқан Кеңес Одағы батырының нағашы сіңлісі Бағила Әбубәкірқызы деректі растады. Осылайша Достық даңғылындағы 15-үйде қазақтың батыр қызы Әлия тұрған деп сеніммен жаздық. Енді сөз басындағы ескі дуал кімге тиесілі? Бұл бір үйдің кіреберісі ме, әлде қасындағы ҚазҰПУ-дың бір бөлігі ме? Осы сұрақтар біраз уақытқа дейін жауабын таппай жүрген еді...

Жақында Ташкенттен оралғаннан кейін бұл сұрақтардың жауабы табылды. Оған дейін оны зерттеудің сәті түспеп еді. Алайда Үммі Гүлсім туралы ізденген кезде қызық тарихи суреттерді кезіктірдім. Оны алдыңғы сандағы (№23, 4 маусым 2024 жыл) «Белгісіз тас сырында» атап өткен қазақтың алғашқы дәрігер қызының жеке суреттері мен дипломын жариялаған Бақыт Алтынбековтің Фейсбук парақшасынан тауып алдым. «История одной фотографии» деген жазбасы Алаш ардақтысы, әдебиетіміздің үш бәйтерегінің бірі, биыл туғанына 130 жыл толған ақын Ілиясқа арналған екен. Ондағы сурет көптен бергі сұрақтарыма жауап берді. Бұл ескі дуал кезіндегі Алматы қаласындағы Қазақ ағарту институтына тиесілі болған екен. Қазір бұл ғимарат Абай атындағы ҚазҰПУ ғимаратының оң жақ тұсындағы ескі дуал. Ілияс Жансүгіровтің жеке архивіндегі бұл суретте сол жылдардағы институттың білім алушылары мен ұстаздарын көресіз. Қанша адамның ішінде Ілиястың қазақы малақаймен тұрған сұлбасы көзге бірден түсті. Өз көзімен көрген дуалдың маңында болып, оны суретпен салыстырып көрдім. Бұл жер, расында, қазақ зиялыларының еңбек етіп, білім алған оқу орнының кіреберісі еді. Ойлаңызшы, өткен ғасырда Ілияспен қоса Ораз Жандосов, Санжар Асфендияров, Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин, Халел Досмұхамедов, Темірбек Жүргенов сынды ағартушылардың аяғы тиген жер. Бақыт Алтынбековтің жазуы бойынша І.Жансүгіров Қазақ ағарту институтында 1924- 1925 жылдары басшы ретінде қызмет еткен. Архив суретте оның сол жағында отырған ақынның екінші жары Аманша Берентаева. Ілияс төрт рет үйленген. Бақыт Алтынбековтің жазуынша, Ілиястың өміріндегі жарқын кезеңнің бірі оның Мәскеудегі мемлекеттік журналистика институтында (1925–1928) оқыған кездері екен. Бұл уақыт оның шығармашылық өмірі мен кәсіби қызметіндегі үлкен өзгерістермен сәйкес келеді. Ол қатты жақсы көрген және бағалайтын нәзік әйел Аманшамен байланысты болды. Алайда сүйген жары өзінің денсаулығының нашарлығына байланысты алыс Мәскеуге жете алмай, өмірмен қош айтысады.

Қолда бар мұрағат құжаттары бойынша 1927 жылғы 3 мамырда Талдықорғаннан Ілияс Жансүгіровтің (Мәскеу қ., Мясницкая к-сі, 13 үй, Институт, жергілікті сағат 21:10) атына мынадай мазмұндағы жеделхат келіп түседі: «Аманча очень больной по получении сообщи Джансугурову адрес Аташанов». Осы хабарламаны алғаннан кейін Ілияс институт басқармасына өтініш жазып, жұбайының денсаулығының нашарлауына байланысты тұрғылықты жеріне баруға рұқсат сұрайды. Алматы қаласына келгеннен кейін Керімқұл Есболатов Ілиясты вокзалдан қолында чемодандары мен сүйікті жұбайы және жақын адамдарына арналған Мәскеу сыйлықтарымен күтіп алады. Кейін Аманшаның мерзімінен бұрын қайтыс болғаны туралы хабарлайды. І.Жансүгіров өмірінің бұл эпизоды Керімқұл Есболатовтың жұбайының естеліктерінде сипатталған екен. Ақын осы қайғылы сәттерінде өзінің сүйікті Аманшасына мына бір өлең жолдарын арнады:

Жан жолдас, жатырмысың жер қойнында, 

Жер үйшік, топырақ төсек өз бойыңда. 

Аямай-ақ денеңді жерге тыққан 

Туғаның, туысқанның өз мойнында. 

Томпайып топырағың үйіліпті, 

Күреңсе күн қуартқан күйігіпті, 

Күрекпен нар өркеш те таптау тауып, 

Күн қағып, жауын жауып, жел үріпті... 

Осы мақаланы жазарда Астанаға жолға шыққан едім. Маған тағы да Ақмоланың ескі дуалы сырын ашты. Бұл жолғы дерек қазақ әдебиетінің үш бәйтерегінің бірі Сәкен Сейфуллинге арналмақ. Тақырыпқа арнау болған екі дуал да қазақ әдебиетінің бәйтеректері Ілияс пен Сәкенге қатысты болуы мені таңғалдырды. Биыл қазақ-совет әдебиетінің негізін қалаушылардың туғанына 130 жыл. Бұл дата мақаланың шығуына орайласқан болуы керек. Астанадағы Сәкен мұражайына келдік. Өмірі мен шығармашылығын таныстырған музей қызметкері кезінде Жасыл мешіт деп аталған ғимарат туралы айтты. Қазір кешеннің тек дуалы сақталған екен. Әрі Сәкеннің өзі дәріс оқыған мұсылман мектебі бар. Осы деректі естіген құлақ бізді елорданың тарихи жерлеріне саяхаттауымызға алып келді. Музейден кейін сол жаққа жолға шықтық. Алдымен мұсылман мектебіне соқтық. Онда Сейфуллин 1912–1916 жылдары жұмыс істеген. Маңайында жоғарыда аталған Жасыл мешіт бар екен. Дуалы сақталып, Астананың XIX ғасырдың соңындағы сәулет ескерткіші ретінде жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени жерлердің қатарына кірген. Бұл дуал кезіндегі «татар» кейде «жасыл» деп аталған мешіттің кіреберісінде орналасқан. Мешіт 1895 жылы қажы Мүрсәлім мен Сәкен Сейфуллиннің арғы атасы болыс Жәнібек Байбековтің бастамасымен Ақмоланың ең бай саудагері, ұлты татар Нұрмұхамед Забировтің жеке қаражатына салынды. 1929 жылы мешіт жабылып, қайта құрылғаннан кейін ұзақ уақыт бойы Пионерлер үйі болды. Кейіннен пионерлер үйі көшіріліп, ағаш мешіттің қалдықтары қиратылды. 1950 жылдары мешіт орнында облыстың партиялық номенклатурасы үшін үш қабатты тұрғын үй салынды. Осындай деректермен таныс болған біз тарихқа бойлай бердік. Келесі кезекте қандай сыр ашылар екен...

Олжас ПАВЛИК 

Алматы–Астана –Алматы 

Суреттер Ділназ Шаймұратова мен автордың жеке қорынан

«Ұлан» газеті, №25
18 маусым 2024 жыл

 

4191 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз