- АҚПАРАТ АҒЫНЫ
- 18 Маусым, 2024
Әдебиет пен өнердегі адал адам концепті турасында дөңгелек үстел өтті

Бүгін М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Көркем әдебиет пен өнердегі адал, еңбекқор адам концепті» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.
Мемлекет басшысы Ұлттық Құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, заманауи үлгідегі кітапханалар салу, көркем әдебиет пен өнердің адам бойына ізгі қасиеттерді жинақтаудағы рөлі туралы айтқан еді. Бүгінгі өткен алқалы жиын көркем шығарма мен өнердегі адал, әрі еңбекқор адам концептін талқылауға бағытталды.
Дөңгелек үстелге елімізге белгілі әдебиеттанушы, өнертанушы ғалымдар, ЖОО мен ҒЗИ-ның докторанттары мен магистранттары қатысты.
Шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Бас директоры, филология ғылымдарының докторы Кенжехан Матыжанов әдебиеттегі адал адам концептісіне тоқталды.
«Адал адам, адал еңбек, таза табыс деген мәселе адамзат қоғамын үнемі алға сүйреп келе жатқан тақырып. Егер қоғамда үлкен мәселелер орын алатын болса, осы адалдық, әділеттілік қағидатының бұзылғанынан басталатынын білесіздер. Басқаны айтпаған күннің өзінде көзімізге көрініп тұрған қоғамдағы ең үлкен дерт ол - жемқорлық. Ал жемқорлық неден басталады? Ол адалдықтың, әділеттіліктің бұзылуынан. Адалдық мәселесін көркем әдебиетте ақын-жазушыларымыз ең басты тақырып ретінде алдыға тартып келеді. Абайдан бастап бүгінгі ақын-жазушыларымыздың барлығының шығармашылығында адалдық, әділеттілік мәселесі назардан тыс қалған емес. Сондықтан да біз бүгінгі дөңгелек үстелдің тақырыбын көркем әдебиет пен өмірдегі адал еңбекқор адам концепті деген төңіректе қойып отырмыз. Осы тақырыпты сіздер жан-жақты аша отырып, келелі әңгіме қозғайды деген ойдамыз», - деді.
Жиында келесі болып «Көркем прозадағы тарихи тұлғалар ғибраты» тақырыбында баяндама жасаған филология ғылымдарының докторы, профессор Қанипаш Мәдібаева үш тарихи роман кейіпкерінің бойындағы адалдық, өзі ғұмыр кешкен кезеңдегі қоғам бейнесі мен шындық мәселесі төңірегінде сөз қозғады.
«Жалпы қазақ тарихи романы, ондағы тұлға ғибраты деген мәселені үш романның төңірегінде қысқаша айтқым келіп тұр. Бұл Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол тайғақ кешуі», ол мемуарлық роман деп аталды, ал сәкентанушы Күләш Ахмет оған «роман эссе» деп ат қойды. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы және Қажығали Мұханбетқалиұлының «Тар кезеңі». Бұлардың еңбек адамына қандай қатысы бар деп ойлау қисынды болмайды. Ұлтқа, елге, өзінің өмір сүрген дәуіріне қызмет етуде көркем шығармадағы образ деңгейінде танылған тұлғалар болғандықтан, Сәкен, Құнанбай және Сырым Датұлы төңірегінде айтқым келеді», - деген ғалым көркем шығарма ретінде өзінің тарихи бейнесін жасаған Сәкен Сейфуллиннің жанкешті тағдыры, биыл 220 жылдығы өтіп жатқан Құнанбай Көкенбайұлының Бахытжан Майтанов айтатын «тұйық психологизмнің» әдісінде жасалған, шығармада аз ғана көрнгенмен, өзгермейтін монументальді тұлғасы және өзінің жеке өмірі болмаған, халық үшін өмір сүріп, 15 жылға жуық созылған ұлт-азаттық күрестің орталық тұлғасы ретінде ашылған Сырым Датұлының әдебиеттегі образдары, олардың болашақ ұрпаққа ғибраты жайлы толғады.
Қазақ әдебиетінде кеңінен қолданылатын психологиялық проза бағытында да адал еңбек, еңбек адамы тақырыбында жазылған шығармалар аз емес. Филология ғылымдарының докторы, профессор Гүлзия Жайлауқызы осы бағыттағы шығармалар легіне тоқталды.
«Қазіргі қазақ прозасындағы, оның ішінде психологиялық прозадағы еңбек адамы, ол - ой еңбегі арқылы көрінетін, өзімен-өзі күрес жүргізу арқылы өзгерген кейіпкерлер деп есептеуге болады. Өйткені, психологиялық интеллектуалды көркем прозада кейіпкердің ой тасқыны арқылы көбінде өзінің жан дүниесімен, санасындағы өзгерістермен күресетін еңбекқор адамдар суреттеледі. Мысалы, қазақ әдебиетіндегі психологиялық прозаның көш басында тұрған Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақ білек» романын алатын болсақ, жас қыздың тас-талқан болған тағдырының романның соңында қаншалықты өзгеріске ұшырағаны, сол жолда Ақбілектің өзімен жұмыс істеуі, санасындағы өзгерістер керемет көрініс тапқан», - дей келе баяндамашы қазіргі жас қаламгерлердің де шығармалары жайлы айтып өтті. Кезінде «Сорос-Қазақстан» бәйгесінде жеңімпаз атанған Дидар Амантай, Айгүл Кемелбаева, Таласбек Әсемқұловтардың кейіпкерлерінің жетістікке жету жолындағы өзгерістері, еңбекқорлығы, адалдығының шығармаларда көрініс табуы, көркемдік ерекшелігі жайлы айтып өтті.
Ал, ұлттық әдебиеттегі еңбекшілердің адал еңбегі жайлы баяндаған филология ғылымдарының докторы Гүлжаһан Жұмабердіқызы бүгінгі әдебиетте өндірістік романдардың жоқтығы мәселесін сөз етті.
«Қазір кеңестік дәуір әдебиеті қажет пе деген бір жақты көзқарас қалыптасып отыр. Ол әрине, қажет, себебі кеңестік дәуір әдебиетінің негізгі көтерген тақырыбы еңбек адамы болды. Осы тақырып сөз болған кезде маған бірінші көз алдыма елестеген Сәбит Дөнентаевтың Көркемтайы мен Қошке Кемеңгерұлының Сағынтайы болды», - дей келе баяндамашы Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып келмейді» шығармаларындағы еңбек адамдарының адалығына, қилы тағдырлар жайлы сөз қозғайды.
Жастар әдебиетіндегі адалдық концепті жайында баяндаған филология ғылымдарының кандидаты Альмира Қайыртайқызы 90-жылдардың басындағы және бүгінгі әдебиеттің айырмашылығы, шығармалардағы еңбек адамының бейнесі жайлы пікірімен бөлісті.
«Қазіргі жас қаламгерлердің көбінде бірінші планға еңбек мәселесін алып шығу кезікпейді. Олар өзінің айналасына көз тастап, ішкі сезімін суреттегісі келеді. Қоғам туралы, қазіргі ірі оқиғалар туралы да шығармалар бар. Мысалы, Арман Әлмембеттің «Мимырт» романындағы басты кейіпкерлердің бірі желтоқсан оқиғасының қайраткері болатын. Оқиғаның алдында жүрген ұлтжанды жастардың қазіргі кейпі қандай дегенде, үйсіз күйсіз қалған жалдамалы жұмысшы, қоғамның табалдырығында қалып қойған кейіпкердің сипаты анық көрінеді. Және оның қаңғыған бір оқтан қаза табуының өзі де үлкен сюралистік жағдай. Қазір кеңінен талқыланып жатқан Қанат Әбілқайырдың «Ағыраптағы аты жоқ адам» деген шығармасы Шаңырақ оқғасының кейіпкері турасында, бұл сөз жоқ дер кезіне жазылған кітап. Еңбек адамы, адалдық дегенде шығармадан бас кейіпкердің басынан өткендері, қоғамда қаншалықты адал ұрпақты тәрбиелеп жатырмыз деген ойлар келеді. Жазушының әділеттік пен адалдықты іздеу, ішкі рефлекциясы көрінеді», - дей келе Альмира Қайыртайқызы басқа да әлеуметтік мәселелер кеңінен суреттелген өзекті шығармаларға тоқталды.
Дөңгелек үстелде сонымен қатар, филология ғылымдарының докторы С.Ананьева, өнертану кандидаты Д.Шарипова, өнертану кандидаты А.Мұқан, филология ғылымдарының кандидаты Ж.Рақыш, өнертану кандидаты А.Қазтуғанова, филология ғылымдарының кандидаты Т.Қыдыр, докторант Д.Мүлік секілді ғалымдар баяндама жасап, көркем әдебиет пен өнердегі адал адам концепті, еңбек адамының дәуірлер бойы көркем туындыларда бейнеленуі туралы өз ойларымен бөлісті. "Әдебиет - ардың ісі" деп академик-жазушы Зейнолла Қабдолов айтпақшы, адалдық пен көркемдікті, шынайылықты ту еткен шоқтығы биік шығармалар қай дәуірде де оқырманын ізгілікке үндеуден танбайтынын бүгінгі басқосудағы талқылау анық көрсетіп берді.
Гауһар ТҮСТІКБАЕВА,
"Қазақ газеттері"
Суреттерді түсірген: Азамат Құсайынов

579 рет
көрсетілді0
пікір