- Шартарап
- 24 Маусым, 2024
Қажылықта қайтыс болғандар саны 1300-ден асты

Қайтыс болғандардың 83 пайызы – Меккеге рұқсатсыз барып, аптап ыстықта ұзақ уақыт жаяу жүргендер, – деп хабарлайды kazgazeta.kz inbusiness сайтына сілтеме жасап.
Сауд Арабиясындағы биылғы қажылық кезінде қайтыс болғандардың саны 1300-ден асып кетті. Олар шөл патшалығындағы исламдық қасиетті орындарда өте жоғары температураның құрбанына айналып отыр.
Сауд Арабиясының Денсаулық сақтау министрі Фахд бен Абдуррахман әл-Джаладелдің айтуынша, қаза тапқан 1301 адамның 83 пайызы қасиетті Мекке қаласы мен оның маңайында қажылық рәсімдерін орындауға рұқсатсыз барып, аптап ыстықта ұзақ қашықтыққа жаяу жүрген.
Мемлекеттік Al Ekhbariya телеарнасына сұхбат берген министр 95 қажы ауруханаларда емделіп жатқанын, олардың кейбіреулері ел астанасы Эр-Риядқа ұшақпен жеткізілгенін айтты. Және де министр қайтыс болған қажылардың көпшілігінің жеке басын куәландыратын құжаттары болмағандықтан, олардың кім екенін анықтау жұмыстары кешіктіріліп жатқанын мәлімдеді.
Әл-Джаладелдің сөзінше, марқұмдар Меккеде жерленді.
Жан тәсілім еткендердің арасында 660-тан астам мысырлық бар. Каирдегі екі шенеуніктің айтуынша, олардың 31-нен басқасы рұқсат етілмеген қажылар болған. Мысыр билігі рұқсатсыз қажыларға Сауд Арабиясына баруға көмектескен 16 туристік фирманың лицензиясын қайтарып алды.
Аты-жөнін атамауды өтінген шенеуніктердің айтуынша, қаза тапқандардың көпшілігі Меккенің әл-Муайсем ауданындағы Төтенше жағдайлар кешенінде тіркелген. Жалпы алғанда, Мысыр биыл Сауд Арабиясына 50 мыңнан астам рұқсат етілген қажыны жіберіпті.
Сауд Арабиясы билігі қажылыққа рұқсатсыз барушылардың жолын кесіп, ондаған мың адамды елден шығарды. Бірақ көпшілігі, негізінен мысырлықтар, Меккедегі және оның айналасындағы қасиетті жерлерге, бәрібір жаяу жеткен. Рұқсат етілген қажылардан айырмашылығы сол, бұл адамдарда аптап ыстықтан жан сақтайтын қонақүйлері болмады.
Мемлекеттік "Әл-Ахрам" газетінің хабарлауынша, кейбір туристік агенттіктер мен қажылық сапар операторлары қажылыққа баратындарға эксклюзивті виза талап ететін Сауд Арабиясының ережелерін бұзып, туристік визаларды сатқан. Және де сол агенттіктер қажыларды Меккеде және қасиетті жерлерді аптап ыстықта далада қалдырды деген мәлімет бар.
Associated Press агенттігінің мәліметінше, бес парыздың бірін өтеуге барып өлгендердің арасында Индонезиядан 165, Үндістаннан 98 және Иорданиядан, Тунистен, Мароккодан, Алжирден, Малайзиядан ондаған қажы бар. Сонымен қатар, АҚШ екі азаматының қайтыс болғанын хабарлады.
Климаттың өзгеруі қауіпті одан әрі күшейтуі мүмкін. Массачусетс технологиялық институтының сарапшылары 2019 жылы жүргізген зерттеу көрсеткендей, әлем климаттық өзгерістердің ең жағымсыз салдарын жеңілдеткен күннің өзінде, қажылық 2047 - 2052 жылдары және 2079 -2086 жылдары "өте қауіпті шектен асатын температурада" өтуі мүмкін.
Фото: AP

677 рет
көрсетілді0
пікір