Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 25 Маусым, 2024

Солтүстік Аралдың су көлемі ұлғайды

2024 жылдың басынан Солтүстік Арал теңізіне 1,1 млрд текше метр су келді. Осылайша, бүгінде Солтүстік Аралдағы су көлемі 21,4 млрд текше метрге жетті. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлады. 

Құрамына Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан кіретін Мемлекетаралық су шаруашылығы комиссиясының 86-шы отырысында тараптар суару маусымында Солтүстік Аралға ағын секундына кемінде 30 текше метр болады және 997 млн текше метр су жіберіледі деп келісті. Қазір теңізге секундына 50 текше метр су келеді. Бір жыл бұрын ағын секундына 6 текше метр болатын.

Осыған дейін Солтүстік Аралды оңтүстіктен бөліп тұрған Көкарал бөгетінің құрылысы аяқталған болатын. Бөгет Солтүстік Аралда су деңгейін көтеруге мүмкіндік берді.

«Бөгет пайдалануға берілгеннен бүгінгі күнге дейін Сырдария өзенінен Солтүстік Арал теңізіне 46,6 млрд текше метр су келді. Ал соңғы 7 жылда теңізге 13,3 млрд текше метр су түсті. Соңғы жылдары Солтүстік Аралдың су көлемі азайды, алайда 2024 жылдың басынан бастап деңгейі қайта көтеріле бастады және бүгінде 21,4 млрд текше метрге жетті», – деді Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева.

Айта кету керек, Сырдария өзені ағынының 75%–ы Қырғызстанда, 20%–ы Өзбекстанда және 5%-ы Қазақстанда қалыптасады.

Фото: ашық дереккөз

436 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз