- Біздің сұхбат
- 30 Маусым, 2024
Фильм атауы шұбалаңқы емес, құлаққа жағымды болуына назар аудардық
Қазір кинотеатрларда «Ойжұмбақ 2» мультфильмі жүріп жатыр. Фильм алғашқы күннен-ақ табысқа кенеліпті. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның айтуынша, «Ойжұмбақ 2» елімізде алғашқы күні 10 миллион теңге касса жинаған. Газетіміздің өткен нөмірінің бірінде мультфильмнің дубляж режиссерімен сұқбат жарық көрді. Бұл жолы аудармашының әңгімесін тыңдасақ дейміз. Жаңа туындының аудармашысы – Әсел Мамырова. Әсел бұған дейін Диснейдің бірнеше фильмін аударған. «Коконың құпиясы», «Монстрлар демалысы 3», «Суперотбасы 2», «Ральф интернетке қарсы», «Дамбо», «Аладдин», «Ойыншықтар хикаясы 4» және «Арыстан патша» фильмдері Әселдің аударуымен көрерменге ұсынылды. «Ойжұмбақты» «Ұлан» газетінің ұжымы кріп шыққан соң, аудармашымен аз-кем әңгімелестік.
– Кинотеатрлардан сүйсініп көрген бірнеше анимациялық фильмді аударып үлгерген екенсіз. Бір жобамен қанша уақыт жұмыс істейсіз, қалай дайындаласыз? Аудармашының жұмысымен қысқаша таныстыра аласыз ба?
– Мәселен, «Диснейдің» жобасы болса, бір фильмді аударуға шамамен бір айдай уақыт кетеді. Дайындыққа келер болсақ, ірі студиялар жобаны бастамас бұрын кейіпкерлердің жасы, мінез-құлқы, сөйлеу мәнері туралы мәлімет жібереді. Аудармаға қатысты талаптарын жазады. Ең алдымен сол талапшарттармен танысамын. Мысалы, бірнеше бөлімнен тұратын фильм болса, бұрынғы бөлімдерін де көріп шығамын. Содан кейін видеосын толық көріп алып барып аудармаға кірісемін.
– Кітап аудару мен фильм аударудың айырмашылығы неде? Фильмдер мен мультфильмдерді аударудағы ортақ қиындық қандай?
– Кітап аударып көрмеппін. 15 жылдан бері осы дубляж саласында еңбек етіп келемін. Меніңше, бұл жердегі басты ерекшелік – фильмдерде тек мәтінді аударып қана қоймайсың, кейіпкерлердің ауыз қимылына сай сөздерді ұтымды таба білу де маңызды. Көрермен кейіпкерлер қазақ тілінде сөйлеп тұрғандай қабылдауға тиіс. Фильм, мультфильмдерді аударудың қиын тұсы да осы шығар.
– Көркем шығармалардың аудармасына салыстырулар жасайсыз ба? Яғни, аудармашы өзін қалай дамытады?
– Аудармашы әрдайым біліктілігін шыңдап отырады, тілдік қолданыстан бөлек ой-өрісінің кең болуы, жан-жақты, көп саладан хабардар болуы да шарт. «Көре-көре көсем боласың, сөйлей-сөйлей шешен боласың» демекші, тәжірибе де маңызды рөл атқарады.
– «Ойжұмбаққа» қатысты әлеуметтік желідегі пікірлерді көзіңіз шалған болар. Сын да айтылып жатыр. Байқауымша, атауына қатысты сын көп. Неге «Ойжұмбақ» деп алдыңыз? Бұл сынға қалай жауап берер едіңіз?
– Біткен іске сыншы көп қой, қашан да. Бір жағынан сын айтылып тұрғаны да жақсы, сырт көз сыншы келеді. Ал атауына байланысты айтарым, түпнұсқада «Inside out», яғни «бірдеңенің өңін айналдыру» деген мағынаға саяды. Бірақ фильм атауы шұбалаңқы емес, құлаққа жағымды, тілге жеңіл болғаны абзал деп, «Ойжұмбақ» деп атауды жөн көрдік.
– Кейінгі кезде диалект, жаргон сөздер аудармаға көп еніп жүр. Мысалы, «Ойжұмбақтағы» Сәкөш. Онысы көрерменге ұнайтынын да байқадық. Демек, аудармашыға тапқырлық та керек сияқты...
– Аударма стилі түпнұсқаға сай болады. «Ойжұмбақ» балаларға арналған мультфильм болғандықтан тілі қарапайым, сондықтан қазақшаға көркемдеп, әдеби стильді үстінен таңа алмаймыз. Түпнұсқада негізгі бағыты қалай, сол негізден ауытқымай қарапайым, балаларға түсінікті болатындай, барынша жатық аудардық. «Сәкөш» деген кейіпкерге келсек, ағылшыншасында Pouchy, яғни pouch – сөмке деген сөзден шыққан лақап ат, сол үшін «Сәкөш» деп келтірдік.
– Балаларға айтар жақсы жаңалығыңыз бар ма? Жуырда қандай фильмдерді қазақ тілінде тамашалауымыз мүмкін?
– Биыл «Диснейдің» тағы екі бірдей туындысы қазақшаланады. Қарашада «Моана 2», ал желтоқсанда «Муфаса: Арыстан патша» шығады деген жоспар бар.
«Ойжұмбақ» сеансында шынында адам көп. Әлбетте, дені – балалар. Бірақ фильм тақырыбы кішкентай балалар үшін ауырлау секілді. Себебі кейіпкер Райли – 13 жаста. Фильмде өрбитін оқиғалар Райлидің жасына, ой-өрісіне тікелей қатысты. Сондықтан оған жасөспірімдердің көбірек барғаны маңызды. Фильмді көрген балаларды да әңгімеге тартып көрдік.
Санжар ҚАНАТ, Талдықорған қаласындағы Білім-инновация лицейінің 8-сынып оқушысы:
– «Ойжұмбақ 2» мултьфильмі маған керемет әсер қалдырды. Алғашында, бұл мултьфильмге балалық шағымды еске алып, бір демалып қайтайын деп бардым. Бірақ анимацияны көргенде көпшілік байқай бермейтін, керемет дүниені түсіндім. Ол – тек қана бір эмоция, сезімге берік болсақ, онда өзіміздің тұлғалық қалыптасуымызда қателесуіміз мүмкін. Ал керек кезде қуанып, мұңаятын кезде мұңайып, бәрін өз уақытымен қолдансақ, тұлға ретінде жақсы адам болып қалыптасамыз. Оған дәлел – мультфильмдегі Райли. Ол дайындыққа барғалы Үрей эмоциясына ерік беріп, соңында артық қыламын деп тыртық қылды.
«Уайым түбі теңіз, батасың да кетесің» демекші, уайымға көп салынбау керек. Меніңше, мультфильмнің берері, айтқысы келген ойы осы. Мультфильмді қазақша көру құлаққа өте жағымды әрі түсінікті болды. Орыс тілін қатты білмегендіктен, көбіне шетелдік фильмдерді көргенде кейбір сөздерді түсінбей қиналатынмын. Осы жолы сапалы дыбыстама мен қызық мультфильм шыққанын көріп қуанып қайттым.
Айбаршын, 17 жаста:
– Бұл – бізге, өзін енді танып жатқан жасөспірімдерге пайдалы фильм деп ойлаймын. Өйткені кейде ата-анамызбен, достарымызбен қарым-қатынас барысында қиындықтар да туып қалып жатады. Кейде өзімізге көңіліміз толмайды. Осы фильмді көріп, оның барлығы да адам бойында болуға тиіс, қалыпты жағдай екенін түсіндім. Бірақ орысшасында «Тревожность» деп аталатын сезімнің аты қазақша Үрей болғаны қате деп есептеймін. Меніңше, оның аты – Алаң. Үрейдің өз қызметі бар.
Еркежан, 12 жаста:
– Маған фильм қатты ұнады. Әр адамның эмоциялары бар, оларды жасырып әуре болудың қажеті жоқ екен. Оны көрсетуге ұялмау керек, өзіңді кінәлі сезіну де артық екен.
Дархан, 9 жаста:
– Маған да фильм қатты ұнады. Эмоциялардың арасындағы ең қатты ұнағаны – Қуаныш. Ол өзі де басты рөлде болды. Мен де тек қайғырып, мұңайып, ұялып жүре бермей, жиі қуануға тырысу керек екенін, кейде нашар эмоцияларға берілмеу керек екенін түсіндім. Біз жаңадан ашылған «Апорт» сауда үйіндегі үлкен кинозалға барғанбыз. Ол жақта қазақша фильмге көп адам барады екен. «Dostyk Plaza», «Есентай молл», «Форум» сияқты ойын-сауық орталықтарында қазақша фильмдерге көп адам бармайтынын байқадым.
Иә, балалар байқампаздық танытыпты. Аудармашы айтқандай, біткен іске сыншы көп. Мұндай пікірлер басқа фильмдерді аударғанда, дыбыстағанда ескерілсе екен дейміз. Әзірше керемет көңіл-күй сыйлаған «Ойжұмбаққа» алғыс білдіреміз!
Асылан ТІЛЕГЕН
Суреттер ашық дереккөзден алынды
«Ұлан» газеті, №26
25 маусым 2024 жыл
5707 рет
көрсетілді0
пікір