Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 03 Шілде, 2024

Ерекше кітап, ерекше жоба...

Инстаграмнан «Тармақтар» деген парақшаны көрген сайын көз тоқтатып, ойланып қалам. Себебі, парақша эстетикалық жағынан да, мағынасы жағынан да көрген жанды баурап алады. «Ұланнан» парақшаны жүргізушілердің бірі Рысгүл ханымның да әңгімесін ілгеріде оқып қалып едім. Жақында поэзия жанашыры болып жүрген, халық арасында кеңінен танылған «Tarmaqtar: Қазақ әдебиетінің эстетикасы» атты кітаптың авторы Еламан Төлеутайды сөзге тартып көрдік.

– Аты да, заты да ерекше бұл кітапты шығару идеясы қалай пайда болды? 

– «Tarmaqtar: Қазақ әдебиетінің эстетикасы» – қазақ поэзиясының жаңа форматтағы антологиясы. Кітап оқымайтын жастарды кітапқа қызықтырғымыз келді. Қазақ поэзиясының үздік тармақтарын бір кітапқа топтасырғымыз келді. Осылайша бір жыл ішінде екі бірдей кітабымыз жарық көріп, таралымы 20 мың данаға жетті. Кітаптың әр бетінде бір тармақ, сол тармаққа сәйкес арнайы иллюстрация және кюар код ішінде аудипоэзия бар. Бұл елімізде анологы жоқ кітап. Сондықтан да болар, оқырман жылы қабылдады.

– Жүректерді жаулаған «Тармақтар» жобасының мақсаты не, барар бағыты қандай? 

– Мақсаты қазақ поэзиясын жаңа форматта, эстетикалық тұрғыда насихаттау. Оқырманын, аудиториясын көбейту. Қазақ поэзиясымен жақынырақ танысқысы келетін жастарға жақсы ақындардың жақсы өлеңдерін ұсыну.

– Алдағы уақытта оқырманды немен қуантпақсыздар? 

– «Тармақтар» баспасын аштық. Баспа арқылы қазақ әдебиетіндегі креатив индустрияға қосар өз үлесіміз бар. Бұл бағыттағы алғашқы жұмыстарымызды бастап та кеттік. Жобамыздың кітаптарынан бөлек, басқа ақындардың жеке жыр жинақтарын да жаңа форматта басып шығаратын боламыз. Сонымен қатар, күзге жақын «Тармақтар» кітабының жалғасы жарық көреді.

– Бұл жобаның жастар арасында қазақ поэзиясын насихаттауда рөлі қандай? 

– Осы уақытқа дейін шыққан екі кітаптың да оқырманы алуан түрлі. Бұл кітапты тек әдебиеттен, өлеңнен хабары барлар ғана оқиды деу қате пікір. Бұрын өлең оқып көрмегендер де осы кітапты оқып, поэзияға қызықты. Танымал классик ақындардан бөлек жаңа есімдермен танысты. 200-ге жуық автордың ішінен өзі ұнатқан ақындардың шығармашылығын әрі қарай зерттеп, өлеңімен жақынырақ таныса түсті. Бұл – қазақ поэзиясының оқырманын көбейткен, қазақ өлеңінің таралу аясын кеңейткен жоба. Кітаптан бөлек күнделікті әлеуметтік желіге тармақтар салған кезде ақындардың аты-жөнін ғана емес, олардың парақшаларын да белгілеп қоямыз. Қызыққан оқырман әрі қарай ақынның парақшасына кіріп, тіркеліп, тұрақты оқырманы болады. Қазіргі жас ақындардың өлеңдері біздің парақша арқылы жүз мыңдап, миллиондап көрілім жинап, өлеңдері жатталып, әртүрлі парақшаларда таралып жүр. Тіпті кітаптағы әр ақынды іздеп барып, кітап беттерін авторлардың қолтаңбасына толтырып жүрген оқырмандар да бар. Бұл да ақын үшін үлкен бақыт, поэзия үшін үлкен жетістік.

– Сіздер «Тармақтар» жобасы арқылы қазақ поэзиясына жаңа леп алып келгендеріңіз ақиқат. Мұны сыншы қауым қалай қабылдады?

– Кітаптың бірнеше мәрте қайта басылғаны оқырманға ұнағанын көрсетер. Қарапайым оқырманнан бөлек әдебиетшілерден, ақын-жазушы, сыншылардан да жылы пікір көп естідік. Әдебиетті жаңаша бағытта дамыту, әдебиеттегі креатив индустрия жөнінде сөз қозғалған жиындарда біздің жобаның аты жақсы жағынан аталып жүреді. Өткенде ғана Қарағанды қаласында дәл осы тақырыпта республикалық поэзия фестивалі өтті. Жобамыз туралы, қазақ поэзиясының жарнамасына қажет деп санайтын тың идеяларымыз туралы сөз қозғадық. Осындай үлкен форумдарға елеп-ескеріп, айтар ойы бар деп шақырып жатқаны жобамыздың сәтті шыққанының, қазіргі қазақ поэзиясына керек екеніміздің көрінісі болар.

– Қазақ әдебиетінің дамуы үшін тағы қандай жобалар қолға алынуы керек деп санайсыз?

– Әдеби агенттік. Біздің әдебиетке жетпей тұрған дүние осы қазір. Автор мен баспа, аудармашылар арасында дәнекер болатын агенттер керек. Қазақ оқырманына жаңа есімдер мен жаңа шығармаларды креативпен ұсына алатын, олардың кітаптарын мыңдаған данамен шет тілдерге аудара алатын әдеби агенттер бізде жоқтың қасы. Шет елде бұрыннан бар тәжірибелерді біздің әдебиетке де қолданып көретін кез келді. Бұл бағытта да үлкен жоспарымыз бар. Нәтижесін уақыт көрсетер.

– Қоғамда поэзия оқитындарға басқаша көзқараспен қарайтындар көп. Ал сіздің ойыңызша қалай?

– Поэзияны жүрегі таза, кеудесінде махаббаттың нұры, жанарында өмірге деген іңкәрліктің нәзік шұғыласы барлар ғана оқиды. Жүрегінде кірі барлар өлеңді түсініп, одан ләззат ала алмайды. Поэзия оқитындарға емес, оқымайтындарға басқаша, «біртүрлі» көзқараспен қарау керек.

– Болашақта поэзиясүйер қауымның басын құрап әдеби кештер ұйымдастыру ойда бар ма?

– Осы уақытқа дейін Түркістан, Шымкент, Қызылорда, Тараз, Қарағанды, Астана қалаларында поэзия кештерін ұйымдастырдық. Ерекше форматта өткен бұл кештер оқырман арасында үлкен қызығушылық тудырды. Кештердің бәрі ақылы өтті. Әдемі мейрамханаларда, романтикалық атмосферада ұйымдастырылды. Ақсүйек өнерге осындай көзбен қарау керек шығар. Күзден бастап еліміздің басқа қалаларында да кештер береміз.

– Жүректі тербейтін тармақтарды іздеу де, оны әсем иллюстрациялармен халыққа ұсыну қажырлы еңбекті, бірлігі мықты ұжымды қажет етеді. Осы орайда ұжымдастарыңыз туралы айта кетсеңіз...

– Жоба мен баспа жұмыстарын жүзеге асыратын жұбайым Рысгүл Досжанова екеуіміз. Кітаптың мазмұнын құрайтын да, тармақтарын таңдайтын да, редакторы да, барлық келіссөз жүргізетін де сол екеуіміз ғана. Екеуіміз де ақын болғандықтан барлық тармақты өзіміз таңдағанды жөн көреміз. Одан бөлек қазір әзірлеп жатқан тармақтардың үшінші және төртінші бөліміне үлкен жұмыс істейтін суретші мен композиторымыз бар. Бұл кітаптар сонысымен де ерекше болмақ.

– Бұл жобаның тағы бір ерекшелігі жас ақындарға қолдау көрсетеді. Өлеңінің тармақтары кітапқа жариялануы үшін ақындарға қандай талаптар қойылады?

– Басты талап – жақсы өлең болуы шарт. Өлеңнің көркемдігі мен айтар ойына назар аударамыз. Басқа талабымыз жоқ. Иә, жас ақындарды жиі шығарып тұрамыз. Парақшаға, кітапқа шыққысы келетін жастар өте көп. Ішінен іріктеп шығарып отырамыз. Біз ақындарды жасына, туған жеріне қарай бөлмейміз. Мүмкіндігінше жақсы ақындардың барлығын шығарғымыз келеді.

– Кейде қағаз бен қалам алып бірлі-жарым ойларды жазғың келгенде, бірін де, жарымын да таппай қиналатын кездер болады. Ал кітапты шығару кезінде осындай ой тоқырауы болды ма?

– Иә, оның өзінің мехнаты мен рахаты бар. Бір ақыннан бір тармақ таппай қиналатын кезіміз де болады. Өзіміздің ойлаған идеямызға, кітаптың мазмұнына сәйкес келетін бір тармақ үшін әр ақынның өлеңдерін көз майымызды тауысып парақтап шығамыз. Ең қиын тұсы да осы. Кейде бір-біріне ұқсас өлеңдер, тармақтар көп кездеседі. Сол кезде біреуін құрбандыққа шалуға тура келеді. Мысалы, қазір әзірлеп жатқан тармақтардың үшінші бөлімі бізге қиынға соғып жатыр. Бұрын елімізде, тіпті әлемдік әдебиетте болмаған форматта қызық кітап дайындап жатырмыз. Оңай болған жұмыстан гөрі қиынға соққан жұмыстың нәтижесі жақсы болады.

– Сұқбатыңызға рақмет! Шығармашылық табыс тілеймін!

Әсия ОҢДАСЫНҚЫЗЫ, 

Еңбекту мектебінің оқушысы

Ақтөбе облысы 

Әйтеке би ауданы

Бетті дайындаған Жазира БЕКБОЛАТОВА

«Ұлан» газеті, №27
02 шілде 2024 жыл

 

7011 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз