Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 04 Шілде, 2024

Қазақстандық ноу-хау: органикалық қоспа әлемдік нарыққа шықты

Қазір әлем халқы дұрыс тамақтану мәдениетін меңгеруге көңіл бөле бастады. Біздің елімізде де таза биологиялық асқа жүгінетіндер саны артып келе жатыр. Яғни зиянды қоспалар қосылмаған табиғи тағамға сұраныс артты. Бұл ретте адамдардың тамақтану рационында алдыңғы орындардың бірінде ет, сүт, жеміс-жидек өнімдері тұратыны белгілі. Қазір дүкен сөрелерінде ұзақ сақталатын консервант қосылған азық-түлікпен қатар ауыл шаруашылық фермаларынан жеткізілген табиғи ет, сүт өнімдері, бақша дақылдары, жеміс-жидектер де көбейді. Денсаулық мықты болуы үшін, әлбетте, органикалық таза өнім тұтынуымыз керек. Ол үшін етін, сүтін пайдаланатын түлігіміз сау болуы керек емес пе? Ал малдың дені сау болуы үшін бағымы күшті, жемшөбі зиянсыз, құнарлы болуы шарт. Жем-шөп дұрыс болуы үшін жердің нәрі, топырақтың бабы келісіп тұруы керек екені айтпаса да түсінікті. Бұлардың бірінен ақау шықса, тұтас жүйе бұзылады. Яғни зардабы адамға да, жануарға да, табиғатқа да тиеді. Тонның ішкі бауындай сабақтасқан дүние...

Елімізде 2017 жылдан бастап ғалымдармен тізе қосып еңбектеніп, төрт түлік малға және өсімдікке пайдасы орасан органикалық қоспа әзірлеп, нарыққа енгізген ғалым Әсем Кенжебек биотехнологияға бет бұрғандағы өзінің басты мақсатын да табиғаттағы тепе-теңдікті сақтауға үлес қосумен байланыстырады. Мал шаруашылығына арналып әзірленген биоқоспа түлігімізді түрлі аурулардан айықтырса, өсімдіктерге арналғаны егіннен мол өнім алуға септігін тигізіпті.

Әсем КЕНЖЕБЕК:

– Біздің отандық ғалымдар көз майын тауысып, жерге де, малға да ауадай қажет гумин қышқылдарының биологиялық қасиеттерін сараптай келе, әлемді таңғалдырған биоқоспа формуласын ойлап тапты. Гумин қышқылдарын өндіріп, нарыққа шығарып отырған шетелдік биотехнология саласының мамандарын таңғалдырған және ә дегеннен сұранысқа ие болған біздің өнімнің артықшылығы не болды дейсіз бе?! Ол – биоқоспаларымыздағы фульво қышқылы мөлшерінің 65 пайыз болуы. Қазір басқа елдерде өндірілетін биоқоспаларда фульво қышқылы 20-30 пайыз. Оның мөлшерін 65 пайызға жеткізуге әлем ғалымдары әлі қол жеткізген жоқ. Бізге назар аударып, өнімімізге кілт сұраныс артқаны да осы сапалы өнім өндіруімізден туындап отыр.

Ауыл шаруашылық саласына серпіліс әкелген отандық өнімнің негізін қалаушы Әсем Кенжебек кәсіпті қолға алған күннен бастап көптеген шаруа қожалықтарына барып, биоқоспаның тиімділігін түсіндірумен айналысыпты. 5-10 литр органикалық қоспасын ала барып, шаруашылық иесіне қалай қолданатынын көрсете жүріп, тынбай еңбектенген.

– Шаруашылықтардың басым көпшілігінде мал дәрігері жоқ. Байқағаным, малдың өлім-жітімі де аз емес екен. Бір фермада жүргенімде мал қорасынан бірнеше құты антибиотик көріп қалдым. Дереу «мұны не істемексіздер?» деп сұрағанымда, шаруашылық иесі: «Мал басын сақтау үшін амалсыз осылай дәрімен емдеуге тура келеді. Басқа не істей аламыз?», – деді шарасыз халде. «Біз қалада «Фермер өнімі» деген сауда қатарларынан сіздердің ет-сүттеріңізді аламыз, ал бұлай малдарға антибиотик ексеңіздер, өнім құрамы да бұзылмай ма?» деп шыр-пыр болдым. Расында, мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлеріміз шарасыз. Мен қолымнан келгенінше көмектескім келді. Биоқоспаларды қолданып, малды аурудан сақтауға болатынын, таза өнімге қол жеткізуге септігін тигізетінін айтып, көрсетіп, жандарында жүрдім. Командамызбен осы тақілеттес қаншама шаруашылыққа бардық, – дейді Әсем.

Ауру малды емдейміз деп антибиотик ексе, оның еті мен сүтін пайдаланатын тұтынушыға да зияны тиері сөзсіз. «Сиырдың сүті – тілінде». Ә.Кенжебектің айтуынша, кейде ірі қара сапасыз жем-шөптен уланып, нәтижесінде токсиндері тағы да сүтіне барады. Мұны біліп жатқан тұтынушы жоқ. Дүкен сөресінде қаптаған консерванттық сүт өнімдерінен қашып, «қолдың сүтін», яғни табиғи сүт алады. Алайда көгерген жем-шөптен немесе басқа да зиянды азықтан уланған сиырдан сауылған сүт адам ағзасын білдірмей бүлдіреді. Бұл сүтті мысалға ала отырып көз жеткізгеніміз ғана. Ет өнімдері туралы да айтарымыз осыған ұқсас. Шаруалар малды семіртеміз деп құрамы белгісіз химиялық заттар немесе гормондар қолдануы мүмкін. Кейде бір ауру салдарынан мал жаппай қырылып қалмас үшін ауырған малды антибиотикпен емдейді. Оның салдары азық-түлік сапасына әсер етіп, адам ағзасына залал келтіреді.

Әсем КЕНЖЕБЕК: «Елімізде ет, сүт өнімінің құрамындағы антибиотикті тексеретін бірде-бір зертхана жоқ. Егер ет-сүт өнімдерінің құрамын тексеретін зертханалар көптеп ашылса, сапа дұрысталар еді. Ет-сүт өнімін өндіретіндер арасында бәсекелестік артып, кәсіпкерлер тұтынушы талабына сәйкес қызмет көрсетер еді. Өкінішке қарай қазір еттің сапасын ешкім тексеріп жатқан жоқ». Ғалым ұсынып отырған жануарларға арналған гумин қышқылы биоқоспасы малдың ағзасындағы химиялық заттарды, токсиндерді шығарып тастап, ішкі құрылысын емдейді. Бұл қоспа берілген малдың еті мен сүтінің адам ағзасына зияны жоқ.

– Біз көрмелерге қатысып, өнімдерімізді таныстырып жатқанда адамдар «бұл гормон, химия емес пе?» деп сұрайды. Ондайда малға арналған органикалық қоспаны өзім ішіп көрсетемін. Содан кейін барып шаруашылық иелері қоспаны алуға ықылас білдіріп жатады. Қаншама фермер малына осы биоқоспаны беріп, ауруынан емдеп, семіртіп, кейбірі тіпті малдың қотыр секілді аурудан жазылғанын айтып алғыс білдірді. Бұл органикалық қоспа азыққа қосатын қосымша өнім ғана емес, емдік қасиетке ие. Біздің биоқоспа нарыққа шыққанша, шаруаларымыз мұндай қоспаны Ресейден, Беларусьтен, Германиядан алып келген. Қазір елімізде өндіріп жатқан отандық өнімнің сапасы да, бағасы да фермерлерімізге, жалпы мал ұстайтын ағайынға өте тиімді болып тұр. – Әсемнің бір ойы осындай.

Әлем ғалымдары гумин қышқылдарын бір ғасырға жуық зерттеп келеді. Ең алғаш гумин қышқылдарының пайдалы қасиеттеріне биогеохимия ғылымының атасы саналатын академик Владимир Вернадский назар аударған еді. Ол – гумин қышқылдарын биосферадағы органикалық молекулалардың ең табиғи және тұрақты түрі екенін айтқан тұңғыш ғалым. Бұрын баяу зерттеліп келген гумин қышқылдарының биологиялық қасиеттері ХХІ ғасырдың басында жоғары технологиялық зертханалық жабдықтар пайда болған соң ғана терең зерттеле бастады. Бұл қышқылдар өсімдік пен жануарлар қалдықтарынан түзіледі. Табиғатта топырақтың, шымтезектің, тотыққан көмірдің қабаттарында, әсіресе жер бетіне шығарылып тасталған, жел, күн қаққан тас көмір деп аталатын кен құрамында кездеседі. Біздің еліміз – осы иен байлыққа ие санаулы мемлекеттердің бірі.

– Біз қолданып отырған шикізат Алматы маңындағы таулардан алынады, – дейді Ә.Кенжебек. – Ол шикізат – леонардит деп аталатын көмірге ұқсайтын, бірақ жанбайтын минералды зат. Табиғаттағы пайдалы заттың барлығы осы леонардиттің ішінде жиналған. Біздің биоқоспамыздың негізі болып отырған гуминдік заттардың жеткілікті мөлшері осы леонардитте бар. Гуминдік заттар гумин және фульво қышқылдарынан тұрады. Бұл гуминдік заттарды Австралия, Канада, Америка және Еуропа фермерлері кейінгі 60 жылда мал шаруашылығына белсенді түрде пайдаланып келе жатыр. Әлем ғалымдары бұл өнімнің жануарлар мен адамдар ағзасына емдік әсері бар екенін әлдеқашан дәлелдеді. Гуминдік заттар иммунитетті нығайту, зақымдалған тіндерді қалпына келтіру және әртүрлі аурулардың алдын алу үшін қолданылады. Гумин қышқылдары сондайақ малдың ағзасынан барлық токсиндерді, ауыр металдардың тұздарын, радионуклидтерді және антибиотик қалдықтарын оңай шығарады. Бұл екі қышқыл да өте пайдалы. Шетелдік биоқоспа өнімдерінің құрамындағы фульво қышқылдарының ең көп мөлшері 25% болса, жаңа айтып өткенімдей, біз фульво қышқылдарының 65%-ына қол жеткіздік. Бұл – отандық өніміміздің басты артықшылығы. Қысқаша айтқанда, бұл біз мақтана алатын ғылымдағы серпіліс және біздің қазақстандық ноу-хау. Осы тұста бір айтып өтетін ерекшелік, өніміміздің сапалы шығуының бір себебі – құнарлы шикізат. Қазақстан аумағындағы миллиондаған жылдар бойы жинақталған гумин заттары өте сапалы. Мал мен егінге таптырмас органика.

Ә.Кенжебек – ұзақ жылдар банк саласында еңбек еткен инвестициялық банкир. Қаржы саласынан ауыл шаруашылығына бет бұрған Әсем жеті жылдан бері бұл саланы жіті зерттеп келе жатыр. Осы ретте ол елімізде ауыл шаруашылығының, биоэкономика мен биотехнологияның маңызы жеткілікті деңгейде насихатталмай келе жатқанына қынжылады. Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласы мамандары жетіспейді. Жастар биотехнология, биоинженерия, аграрлық салаға бет бұрса, бұл олқылықтың орны толып, еліміз қарыштай дамуға бет алар еді. Табиғатқа, жанжануарларға, адамзатқа қамқор бола отырып, мол табысқа жететін сала осы биотехнология мен агроөндіріс екеніне Әсем өте сенімді. Нарық бос. Жұмыс көп. Табысы шаш-етектен. Қойнауы кенге толы еліміздің жер асты қазынасы мен жер үсті байлығын іс жүзінде пайдаланып, биотехнология саласын дамытуға мүмкіндік туып-ақ тұр. Бүкіл әлем органикалық өнімдерді біздің елден сатып алатын деңгейге жетуге болады. Жастарға бұл үлкен мүмкіндік.

Қазақстандық биоқоспаға қазір сұраныс өте жоғары. Сұранысты қанағаттандыру үшін үлкен зауыт қажет екені айтпаса да түсінікті. Осы тұста Әсемге Алматы индустриялық аймағының аумағынан жер беріліп, органикалық ауыл шаруашылығын дамытуға арналған инновациялық биокормалық қоспалар мен тыңайтқыштар шығаратын зауыт іргетасы қаланды. Биыл күзде зауыт іске қосылады. Әзірге Ә.Кенжебек басқаратын Al Karal компаниясы биоқоспамен ел аумағы мен көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресейдегі Башқұртстан, Татарстан, Дағыстан сияқты елдерді қамтып отыр. Ғалымның айтуынша, Қытаймен арада үш жақты меморандум жасалған. Зауыт ашылған кезде Бразилия мен Аргентинадан, Нидерландыдан кәсіби мамандар Қазақстанға келмек. Еліміз әлемдік биотехнология нарығына енді.

Міне, отандық ғалымдар мен кәсіпкер бірігіп, төрт түлік пен құстарға жем қоспа, өсімдіктерге тыңайтқыш және адам ағзасына пайдалы биологиялық белсенді қоспа әзірлеп, брендке айналдырып үлгерді. Жеріміз құнарлы, топырағымыз таза, өсімдігіміз бен төрт түлігіміз сау болса, тұтынар азық-түлігіміз де табиғи һәм сапалы болары анық. Сөз басында айтқан сабақтасқан дүние дегеніміз де осы еді.

Айнұр МҰРАТОВА

«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2024

 

656 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз