Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 05 Шілде, 2024

Экономика: бағытымыз қандай, мәселенің өзегі неде?

Мемлекеттің стратегиялық бағдарламасында экономикаға бағытталған мәселелер аз емес. Бірақ, экономика деп айтқанымызбен, өткен отыз жылда соның бәрін саясаттандырып жіберді ғой. Ал саясат жеке дара не істей алады? Осы жағын ойландық па? Шынтуайтына келгенде, саясат дегеннің өзі экономиканың шоғырланған көрінісі ғана. Материалдық, моральдық, рухани тұрғыдан да «жалаң саясат» деген ұғым жоқ. Барлығы ең алдымен экономикаға негізделеді. 

«Сыртқы саясат» дейміз. Сыртқы саясатта да жалаң саясат жоқ. Ол шекарамен немесе ұлтаралық қатынасқа байланысты. «Сыртқы экономикалық саясат», «сыртқы сауда саясаты» деген ұғымдар бар. Қарап тұрсақ, бәрібір де саудаға негізделіп отыр. Инвестициялық сая­сат инвестицияға негізделіп отыр. Инновациялық саясат инновацияға негізделіп отыр. Ал инновация ғылым мен білімге негізделеді. Білім мен ғылым бүгінде қоғамның басты өндіруші күшіне айналды.  

Бірақ, білім мен ғылымнан тез нәтиже күтуге болмайды. Білім мен ғылымның қайтарымы бірден көрінбесе де, келешекте ақталады және қомақты үлес болып қосылады. Сондықтан да білімге жұмсалған қаражат өз-өзін ақтайды. Мәселе – сол қаражаттың мақсатты жұмсалуында. Мақсатты жұмсау дегеніміз қаражатты игеру ғана емес, ол қаражат қандай мақсатқа берілді, тиімді қолданылды ма, осы жағына мән беруіміз керек. 
Тәуелсіз тарихымыздың өткен отыз жылына баға бергенімізде, әр кездің өзінің ерекшелігі, жетістігі, кемшілігі бар деп қарағанымыз жөн. Оған үлкен талдау керек. Талдауға салыстыру арқылы қол жеткіземіз. Экономикалық жүйенің күрделілігі адамның ағзасы сияқты дүние ғой. Адам бойында қан айналымы дұрыс болса, денсаулығы да қалыпты деген сөз. Ал егер қан айналымының бір жерінде өзгеріс болса, адамның дене қызуы, қан қысымы көтеріледі. Ағзаның қалыпты жұмысы бұзылады, яғни, ағза қандай біртұтас болса, экономика да сондай біртұтас. Қан айналымының өзгерісіне байланысты қарасақ, қаржы жүйесін айтуымызға болады. Қаржы жүйесі бұл да адамның қан айналымы сияқты қалыпты айналыста болуы керек. Қазір біз табиғат заңдарын ескермей жатырмыз. Қоғамның, адамзат дамуының өз заңы бар. Мемлекеттің қабылдайтын заңдарының өзі белгілі бір мүдделерге қызмет етіп жатқан сияқты көрінеді. Ал дұрысында ол заңдар экономикаға, өндіріске, тұтынушыға, халықтың қамына қызмет етуі керек. Күні кеше елімізде алапат су тасқындары болды. Су бассейндерінің бірқатары жекеменшікке өтіп кеткені белгілі болды. Айналып келгенде, мұның барлығы экономикалық жүйеден болып отыр. Кеңес одағы тұсында саяси жүйенің негізін халық депутаттары қалайды деп айттық. Ал бүгінгі депутаттар саяси жүйенің негізін қалай ала ма, ол жағын айта алмаймын. Бірақ, бұл да ойланатын мәселе. Экономикалық жүйенің негізін меншік қатынасы құрайды дейміз. «Мемлекеттік меншік» деген ұғым болды кезінде. Үстемдік мемлекеттік меншікте болды. Бүгінде жекеменшік деген ұғым алға шықты. Бірақ, ресурс кімдікі? Мемлекеттікі. Қаражат та мемлекеттікі. Жер де мемлекеттің меншігінде. Су да мемлекеттің меншігінде. Табиғат ресурстары да солай. Бірақ, осының бәрі жекешеленіп кеткені жасырын емес. «Массовая приватизация прихватизацияға» айналып кетті. Міне, саясаттандыру дегеніміз сол. Егер де саясаттандырылмағанда, жекешелендірудің өзін рет-ретімен жүргізуге болар еді. Қай сала жекешелендіруге жатады, қай сала жекешелендіруге жатпайды деген мәселе ескерілмеді. Жалпы, экономиканы басқаруға, ұйымдастыруға үлкен мән беруіміз керек. Бұрын әрбір министрліктің ғылыми-зерттеу, жобалау институттары болатын. Осылардың барлығын неге қалпына келтірмеске? Еліміздегі су тасқыныан кейін су мәселесімен шұғылданатын мамандардың жетіспеушілігі байқалды. Мемлекет басшысы Тараз қаласындағы кезінде жабылып қалған Гидромелиоративті институтты қайта құру жөнінде тапсырма берді. Бұл Қазақстандағы жалғыз оқу орны еді. Қайта ашылатыны оң шешім болды. Ендігі жұмыстар жүйелі түрде атқарылса екен деймін. Экономиканың тағы бір өзекті саласы – ауыл шаруашылығы. Ауыл шаруашылығының дұрыс дамымай отырғаны жерден болып отыр. Қазір игерілмей, бос жатқан жерлер мемлекетке қайтарылып жатыр. Дегенмен, бір көлдің өзі әлдекімнің меншігінде дегенде жағамызды ұстадық. Менің ойымша, біз ресурстарды дұрыс бөлу жағын мықтап қолға алуымыз қажет. Оның ішінде материалдық ресурс, қаржы ресурстары, адам ресурстары бар. Әйгілі экономист ғалым Адам Смит осыдан төрт жүз жылдай уақыт бұрын Британия еліне қанша адвокат, қанша дәрігер керек екенін анықтап берді. Ал біздің Денсаулық сақтау министрлігі біздің елімізге қанша дәрігер керек, қанша дәрігер биыл зейнет демалысына кетеді, қанша студентті келесі оқу жылына қабылдауымыз керек, қай салаға қандай дәрігерлер керек деген сұраққа жауап бере алар ма екен. Бір жылдары балалар дәрігері мамандығын жауып тастады ғой. Міне, бұл саясаттан туындаған нәрсе. Саясаттың экономикаға бар келтіргені – осы. 

Мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігі дейтін мәселесі де мені көп ойландырады. Қазір азық-түлік өнімдерін шығарумен айналысатын қожалықтар жекеменшіктің қолында. Мәселен, жүз жылқысы бар Серік, мың қойы бар Берік халықты етпен, қымызбен қамтамасыз етейін деп, мемлекеттің мүддесін көздеп отыр деп айта аламыз ба. Олар ең алдымен мемлекеттің емес, өз шаруа қожалықтарының жайын ойлайтыны түсінікті. Сондықтан азық-түлік қауіпсіздігі бұл мемлекеттің ең басты стратегиялық мәселесі. Мұны мемлекет өз қолына алмаса, түрлі олқылықтар шыға береді. Шашыраңқы, жүз мыңдаған шаруа қожалықтары азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмайды. Техниканы сатып ала алмайды. Тыңайтқышты сатып ала алмайды. Жанармайды да уақытында сатып ала алмайды. Кепілдікке қоятын нысандары да жоқ. Сонда олар қалай дамиды? Шаруа қожалықтары қалай бірігіп жұмыс істейді? Мұны заң негізінде реттеп, оларды ірілендіру керек. Мал тұқымын асылдандыру жайы да кенже қалып келеді. Қазақтың ақ бас сиырлары қайда, қазақтың асыл тұқымды жылқылары қайда? Еділбай қойы деген болатын. Оның саулығының өзі 80-90 кило болатын, қошқарларының өзі 120-130 кило тартатын. Қазір бар ма, жоқ па, белгісіз. Мұның барлығы тұқымды сақтап, дамытпағандықтан болып отыр. Осы мәселенің де жай-күйін талдап, белгілі бір шешімдер шығарғанымыз жөн. 
«Ұлттық әл-ауқат қоры» деген қор бар. Саяси тұрғыдан қарағанда, мақсаты дұрыс сияқты. Ал нақты экономикаға бұл қор қандай үлес қосып жатыр? Мемлекет басшысы «Бұл қор өз-өзін ақтай алмайтын болса, неге керек?» деген сұрақ қойды. Әйтпесе, қаражатты Қаржы министрлігі де бөле алады ғой. Материалдық ресурспен Экономика министрлігі айналыса алмай ма? Оның функциясына не кіреді, сонда? Бір басылымда жазыпты, жалпы ішкі өнім екі жарым пайыз өсті деп. Ол цифрды қайдан алды екен. Екі жарым пайыз болса, осы күні дамудың белгілі бір дәрежесіне дейін жетіп қалар едік. Сондықтан цифрды да сөйлете білу керек, цифрды да талдай білу керек. Екі жарым ол қандай цифр, оның базалық көрсеткіші не, ол қандай жолмен өсті, оған да сауатты талдау қажет. Соны салыстыра білмейміз, сондықтан қорытынды шығара алмайды. Қорытынды шығара алмаған соң ұсыныс та бере алмайды. Ол үшін экономикалық талдау керек. Материалдық, адами, ғылыми, қаржылық, практикалық тұрғыдан үлкен талдау керек. Мемлекет тарапынан қаражат өте жақсы бөлініп жатыр, бірақ жымқыру, ұрлау фактілері де азаймай тұр. Сондықтан экономикалық, құрылымдық тұрғыдан әлі де үлкен өзгерістер қажет. Барлығы да басқаруға, ұйымдастыруға келіп тіреледі. Әрбір салада өз мамандары отыруы керек. Сонда ғана жұмыс нәтижелі болады. Мысалы, жер мекемелерін жердің жайын жақсы білетін мамандар басқаруы керек. Павлодар мен Оңтүстіктің жерін салыстыруға болмайды ғой. Демек, сол жердің ерекшелігін, халқының ерекшелігін, тұрмыстық ерекшелігін білетін адам басқаруы керек. Маңғыстаудың мұнай саласын білетін адамды түрлі-түсті металлургия саласын басқаруға қойсақ, ол адам бұл туралы не біледі, не айта алады? Ал біз бір саладан екінші салаға ауыстырып қоя береміз. «Кадры решают все» деген ұғым болды. Бұл қазіргі адам факторы. Анықтаушы фактор. Ең басты шешуші күш, бұл – адам күші. Жоғары оқу орындарына дербестік беріп, білім беру саласында мемлекеттік стандарт дегенді алып тастапты. Бұл да шетелге еліктеуден туған дүние ме деймін. Мемлекеттік стандарт – елдің стратегиялық саясаты ғой. 
Мұнайды долларға байлап қойғанымыз қате болды. Доллардың халықаралық есеп айырысудың құралы болуының өзі үлкен қателік. Теңгенің төлем қабілетін арттыру үшін экономика тұрақты, тиімді қызмет істеуі керек. Шығынды экономика емес, тиімді экономика, қайтарымды экономика болуы керек. Өндіру ғана жеткіліксіз, өңдеу де керек және оны өнімге де айналдыра білуіміз керек. 

Жазып алған 
Дәуіржан ЖҰМАЖАН

 

 

819 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз