- Таным
- 08 Шілде, 2024
Ғылым өрісін кеңейткіміз келсе

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заңға қол қойған еді. Осыған орай, Ғылым және жоғары білім министрлігі жаңа заңның жаңашылдықтарын атап өткен болатын.
Заңдағы жаңашылдық қандай?
Сонымен, осы заң арқылы ғылыми зерттеулерді іске асыруға ұсынылатын негізділік пен технологиялық дайындықты (TRL) бағалаудың жаңа тетігі енгізілді; Ғылым қорының технологияларды коммерцияландыратын ұлттық агенттік ретіндегі мәртебесі кеңейді; инновациялар мен жаңа технологиялар нарығын мониторингілеу мақсатында ғылыми-техникалық ақпаратты жинау, өңдеу және талдау бойынша жаңа механизм енгізілді; ғалымдарды ынталандыру мақсатында жас ғалымдарға арнап тұрғын үй сатып алу құқығы енгізіледі; Салық кодексінде ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілеріне ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға арналған шығыстар бойынша салықтық жеңілдіктер мен салық шегерімін беру бойынша мемлекеттік ынталандыру шаралары ұсынылады; 50% мөлшерінде салық шегерімі көзделеді; жергілікті атқарушы органдарға ғылым саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, гранттық қаржыландыру нысанында ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізу жөніндегі жұмысты үйлестіру бойынша құзырет беру ұсынылады.
Жаңа қабылданған заңға сәйкес, Президент жанындағы Ғылым академиясына Жоғары ғылыми ұйым мәртебесі берілді. Енді академия ғылымның маңызды бағыттары бойынша іргелі және қолданбалы зерттеулердің сабақтастығын қамтамасыз ету қызметін атқарады. Ал бұрынғы ҰҒА қоғамдық ұйым болып қала береді.
Ғылымды қолдайтын тағы бір заң
Сонымен бірге Президент қол қойған «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңға сәйкес ғылыми ұйымдардың сатып алу тәртібі жеңілдетіледі. Мәселен, ғылыми зерттеулер мен ғылыми жұмыстарды орындау үшін ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының сатып алу рәсімдері енді Ғылым және жоғары білім министрлігі бекітетін қағида бойынша жүзеге асады. Бұл заңға қатысты Мәжіліс депутаты, осы заңға бірнеше авторлық түзетулер енгізген Асхат Аймағамбетов те пікір білдірген еді. «Ең маңыздысы, енді ғылыми зерттеулер жасау үшін қажетті тауарларды, мысалы, реактивтер мен жұмсалатын материалдарды сатып алу процесі айтарлықтай жеңілдетіледі. Бұл сатып алу рәсімдері енді жалпы бюрократиялық процедуралардан тыс шығарылады. Қазір бұл процесс өте бюрократияланған. Зерттеулерге қажет материалдарды алу үшін өтініш кафедра меңгерушісінен бастап декан, проректор және мемлекеттік сатып алушыға дейінгі инстанциялардан өтуі керек, одан кейін тендер жарияланады. Ол айларға, тіпті жылдарға созылады. Ал ғылым үшін әрбір күн маңызды болғандықтан, мұндай қиындықтар зерттеуді толықтай мағынасыз етеді. Енді жаңа түзетулер ғалымдарды бюрократиялық кедергілерден босатады. Сатып алулар енді Мемлекеттік сатып алу заңымен емес, уәкілетті министрліктің бекіткен арнайы ережесімен реттеледі. Бірақ біз бұл мәселені шешкенде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің де алдын алу мәселесін қарауымыз керек. Сондықтан ашықтық пен цифрландыру арқылы бұл талап орындалады. Мұндай өзгерістер цифрлық платформалар арқылы тәуекелдерді басқару мен бақылауды қамтамасыз етеді. Ол ғалымдарға зерттеулерді жүргізу үшін жаңа мүмкіндіктер ашады, яғни ғалымдар енді ресурстарды күтуге көп уақыт жоғалтпайды. Әкімшілік кедергілер азайған кезде, ғалымдарымыз инновациялар мен ғылыми ізденістерге ғана назар аудара алады», – дейді ол.
Ғалымдар не дейді?
Экономика ғылымының кандидаты Нұргүл Маулина ғылымның қазіргі мәселесі көп екенін айтып, мұндай заңдар ғылым әлеуетін көтеріп қана қоймай, ғалым жұмысының ілгерілеуіне де септігін тигізетінін баяндайды. «Қазіргі ғылым мен ғалым кезігіп отырған мәселе көп. Олардың әлеуметтік-экономикалық жағдайының өзі – бөлек тақырып. Президент мамыр айында қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң біраз мәселені реттеп беретіндей. Ол заңға енгізілген түзетулердің бірінші блогы педагогтер мен ғылыми қызметкерлердің материалдық жағдайын жақсартуға бағытталған еді ғой. Яғни белгілі бір ғылыми дәрежесі мен атағы бар педагогтерге ай сайын төленетін қосымша ақы мөлшері ұлғайтылатынын естіп, ғалымның көпшілігі қуанды. Бұл, әрине, сүйінші жаңалық. Себебі қазір ғалымдардың дені ЖОО-ларда сабақ береді. Олар әлеуметтік жағдайын жақсартамын деп сағат жүктемесін көбірек алып, жеке ғылыми зерттеу жобасына, ғылыми еңбек жазуға мүмкіндігін азайтып алатыны жасырын емес. Ғылыммен айналысу үшін де жағдай керек қой себебі. Әлеуметтік-экономикалық жағдайдың түзелуі қазақ ғылымының керегесін кеңітетіні анық. Қазақ ғылымы әлемдік ғылым көшінен қалып қойған емес. Ол кез келген саладағы зерттеулерде өзінің лайықты орнын алған. Оның үстіне, жаһандық тенденцияға сәйкес, қазіргі ғылыми жұмыстар тақырыбының ауқымы тарылып келеді, яғни нақты тақырыптарға бағытталған зерттеулер жүргізіліп жатыр. Бұл елдегі ғылымның тағы бір үлкен жетістігі дер едім. Соңғы жылдары мемлекеттік саясат ғылыми жобаларды, зерттеулерді, жалпы, ғалымды қолдауға бағытталғаны қуантады. Президент күні кеше қол қойған «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заң да қазақстандық ғылымның, ғылыми зерттеулердің жолға қойылуына мүмкіндік береді деп есептеймін», – дейді.
Әзірлеген
Қ.СЕРІКҚЫЗЫ

711 рет
көрсетілді0
пікір