- Таным
- 09 Шілде, 2024
Тұңғыштарды танығың келсе
Әдетте біз ғылыми зерттеулер, мақалалар, дипломдық жұмыстарды жазу үшін кітапханаларға барамыз. Сөз жоқ, кітапхана қорларымыз бай. Алайда еліміздегі архив қорларында басқа еш жерде кездесе бермейтін құнды құжаттар бар. Алматы қаласының мемлекеттік архиві сондай құжаттарды ықтияттап, әрбірін көздің қарашығындай сақтап отыр. Балалар, жазғы демалыста әсем шаһарға жолдарың түссе, архивке кіріп-шыққандарың жөн. Бүгінше архив қорымен азырақ танысып алайық.
Рәміз авторларының басын қосқан
Рәміздер күні – біздің ұлық мерекеміздің бірі. Ол күні саябақтар мен концерт алаңдары мерекелеп дуылдап жатпаса да, жүрегімізді тебірентіп қоятын күн. Себебі, рәміздер – еліміздің ең басты нышандары. Басқасын айтпағанда, біз әлемді туына қарап түстейміз. Ендеше, рәміздер туралы, олардың жасалу тарихы мен авторлары жөнінде біле жүргеніміз жөн. Егер сендер осы архивке барсаңдар, онда мұнымен толығырақ танысып алар едіңдер. Мысалы, еліміздің көк байрағының авторы – Шәкен Ниязбеков. Архивте Шәкен атамыздың өмірбаянына, шығармашылығына қатысты құнды құжаттар бар екен. Ол кісі Алматы қаласының Елтаңбасының да авторы саналады. Архивте осы Елтаңбаның түпнұсқасы сақталыпты. Сонымен бірге жеке қорынан түрлі фотосуреттер, авторға қатысты газет бетінде жарық көрген мақалалардың қиындылары, құттықтау хаттары секілді құжаттарды көруге болады.
Мемлекеттік Әнұранымыздың екінші рет өзгергенін бәріміз білеміз. Алайда алғашқы әнұранымыз тарих бетінен жоғалмақ емес. Өйткені ол ұранды да қолын кеудесіне қойып айтқан қазақ көп. Сол алғашқы Әнұран авторларының бірі – Жадыра Дәрібаева. Ол кісі Әнұранның мәтінін жазушылардың бірі болған. Ал архивте ақынның қолжазбалары, фотосуреттері, түрлі хаттары сақталған. Ең қызығы, 6-сынып оқушысы Айнұр Бекееваның ақын апасына жазған хаты да сақталыпты. Ақын Қадыр Мырза Әлі де – алғашқы Әнұран авторларының бірі. Яғни Әнұран мәтінін жазуға атсалысқан. Архивте Қадыр ақынның бірнеше құжаты сақталған. Оның ішінде жыр жинақтары, қолжазбалар, хаттар бар. Сонымен бірге өмірбаяны, марапат қағаздары, партия және әскери билеттері, құттықтау хаттары да архив қоржынында. Әртүрлі елдің қаламгерлерімен алмасқан хаттарды да архивтен көріп, танысуға болады. Жеке қорынан алынған бірнеше кітап та осында. Әнұранға еңбегі сіңген қабырғалы қаламгер – Мұзафар Әлімбаев. Архив қорындағы бай мұралардың бірі де Мұзафар атамызға тиесілі. Мұнда ақынның 15 кітабы (қолтаңбасымен), қолжазбалар, фотосуреттер, әртүрлі құжаттар бар. Мұхтар Әуезовтің 60 жасқа толуына орай бірнеше елден келген құттықтаулар да Мұзағаңның қорында сақталыпты. Бұлар да қазір архив құзырында. Ал ақынға келген хаттар ішінде Қасым Қайсенов, Әлкей Марғұлан, Бауыржан Момышұлы, Әзілхан Нұршайықов, Мұхтар Мағауин секілді тұлғалардың хаттары бар. Міне, осының бәрін архивтен көруге болады. Мұзағаңның қоры 6 бөлімге бөлініпті. Бүкіл ғұмырын балалар әлеміне – балалар әдебиетіне арнаған ақынның бай мұрасымен танысқың келсе, архивті бетке алғайсың.
Ал ашқы қарлығаштар «ұясы»
Архив қызметкерлері айтар әңгімеге құлақ салғанда елең еткізетіні – тұңғыштар жайы. Мәселен, мұнда тұңғыш жетігеншінің, тұңғыш музейтанушының, тұңғыш әйел кинорежиссердің, тұңғыш цирк құрушысының, тағы сол сияқты тұңғыштардың есімі кездеседі. Солардың кейбірі хақында әңгімелей кетейік. Сәбира Майқанова – қазақ театр өнерінің іргетасын қалаушылардың бірі. Әке-шешеден ерте айырылған ол сіңлісі екеуі Қызылордадағы балалар үйінде өседі. Кейін Алматыдағы кооперативтік техникумға оқуға түсіп, сондағы көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысады. Осы үйірмеде жүріп өнерімен көзге түседі. Сөйтіп, оның сахнадағы өмірі басталады да, кейін драма театрына орналасады. Театр оны «Халық әртісі» дәрежесіне дейін жеткізеді. Міне, Сәбира Майқанованың осындай өмірбаянынан басталатын түрлі құжаттар, хаттар, сарғайған фотосуреттер мұрағатқа тапсырылыпты.
Гүлжиһан Ғалиева есімі өздеріңе жақсы таныс болмауы мүмкін. Бірақ оның есім-сойы мен еңбек жолымен танысып алғандарың жөн. Ал жақсырақ танысу үшін архивке баруға болады. Гүлжиһан Ғалиқызы еліміздегі алғашқы эстрада студиясының негізін қалады. Қазір ол студия Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжі деп аталады. Бүгінде ел алдында жүрген өнер иелерінің көбі осы колледжді тәмамдаған. Ендеше, әртіс біткеннің бәрі Гүлжиһан Ғалиеваға қарыздар десе болатындай. Тағы бір айрықша еңбегі – 1969 жылы «Гүлдер» эстрадалық ансамблін құрды. Гүлжиһан Ғалиеваның түрлі фотосуреттері, құжаттары, марапаттары мен хаттары архивтің №367 қорында сақтаулы тұр.
Дариға Тіналина – қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш кинорежиссер. Балалық шағы қуғын-сүргін кезеңінде өткен Дариғаның көрмеген қиындығы жоқ. Соған қарамастан білім іздеп Мәскеуге дейін барады. Ол жақтан кино маманы болып оралып, «Қиялшылдар», «Ақ раушан», «Абай әні» секілді бірқатар фильмге түседі. Кейін өзі де фильм түсіруге атсалысады. Архив қорында режиссердің баспасөздегі сұқбаттарынан қиындылар, құнды фотосуреттер, құжаттар бар. Бұлармен танысу арқылы өткен дәуірдің өнерімен, тіршілігімен танысуға болады.
Бәшен Баймұратова – қазақ балабақшасының негізін салушылардың бірі. Бала тәрбиесіне қатысты бірнеше оқулық жазған. Көпшілікке қазақ балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың жұбайы екендігі белгілі. Архивте Бәшен апайдың бірнеше құжаты, оқулықтары бар. Ал қазақтың тұңғыш кәсіби бишісі кім екенін білесіңдер ме? Әйел адам деп ойлаған шығарсыңдар. Бірақ олай емес екен. Ұлттық хореография өнерінің алғашқы қарлығашы – Дәурен Әбіров. Бұл кісімен толығырақ танысқыларың келсе, архивті бетке алғандарың жөн. Себебі, онда Дәурен Әбіровтың жеке қорынан біраз құнды дүниелер бар. Мысалы, кандидаттық диссертациясы, қойылымдардың машинкалық нұсқасы, мақалалар мен бірнеше кітап бар. Оның адресіне келген хаттардан да тамаша ақпараттар алуға болады.
Әбілмәжін Жұмабаев есімі сендерге таныс па? Бәлкім, ұшыраспаған болар. Себебі, оның есімі кітаптың бірінші бетінде емес, көбіне соңғы беттерде жүреді. Өйткені ол – аудармашы. Қазақ әдебиетінің тұңғыш кәсіпқой аудармашысы саналады. Әлем әдебиетінің жауһарларын қазақша сөйлетті. Александр Дюманың «Үш ноян», «Граф Монте-Кристо» романдарын, П.Мерименің «Қиямет түні», «Лукреция ханымның көшесі», А.Кристидің «Испан сандығы», С.Моэмнің «Көндікпеген-көндіккен» секілді бірнеше кітапты тәржімалады. Архивте қаламгердің бірнеше кітабы, хаттары мен фотосуреттері сақталған. Ал Жақсылық Үшкемпіров есімі өздеріңе жақсы таныс. Күрес спортына қызыққан талай қазақ баласына үлгі болды. Ол – грекрим күресінен олимпиада чемпионы. Архивте балуанның бірнеше құжаты, фотосуреттері сақталған.
Қордағы жәдігерлер
Архив ғимаратына кіргендерді еліктіріп әкететін орын – жәдігерлер залы. Осы залға кіргенде өзіңді музей табалдырығын аттағандай сезінесің. Себебі, мұнда елге белгілі тұлғалардың көзіндей болған жәдігерлер тұр. Айрықша көзге түсетіні – әнші Мәдина Ералиеваның тұтынған заттары. Рояль, қонақ күтетін үстел, шкаф, үлкен айна, фотосуреттер – залдың бір бөлмесіне толық сыйып тұр. Құдды әншінің үйіне қонаққа келгендейсің. Одан әрі қарай – тұлғаларға арналған жеке бұрыштар. Асанәлі Әшімовтің, Шөмішбай Сариевтің, Рафаэль Ниязбековтің, Дүкенбай Досжанның бұрыштарында өзі тұтынған заттар тұр. Одан әрі тұрған бұйымдардың әрбірінің тарихы бар. Мәселен, мынау машинка – «Құран Кәрімді» қазақшаға аударған Халифа Алтайдыкі. Мынау шахмат – әйгілі ақын Қадыр Мырза Әлидікі. Мына қару – Қазақстандағы альпинизмнің негізін қалаушы Е.Колокольниковтің бұйымы. Ол осы қарумен талай шыңды бағындырған. Ал бұл телефон – мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтан Жиенбаевтікі. Қазақстанға келген алғашқы ұялы телефондардың бірі. Мына патефондар да назар аудармай қоймайды. Бірнеше түрі тұр. Тіпті кейбірі әлі де жұмыс істейді. Қоссаң-ақ өткен дәуірдің ән маржандары сайрағалы тұр. Міне, мұндағы әр жәдігердің осындай тарихы бар.
Асылан ТІЛЕГЕН
«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2024
743 рет
көрсетілді0
пікір