- Құмсағат
- 15 Шілде, 2024
Еуро-2024: 16 жастағы оқушы Пеленің рекордын бұзды
Әлем көз тіккен Еуро-2024 чемпионатында таланттар танылып жатыр. Солардың бірі Испания құрамасының шабуылшысы – Ламин Ямал. 16 жастағы оқушы әрі футболшы Еуропа чемпионатының тарихында гол салған ең жас ойыншы. Әйгілі Пеленің рекордын бұзды.
Алаңға киіп шыққан бутсыда Марокко мен Экваторлық Гвинеяның туы тұрды. Өйткені, әкесі Мароккодан, анасы Экваторлық Гвинеядан. Ата-анасының туған елдерін құрметтейді. Испанияның «Барселона» клубында ойнайтын Ямал алғашқы табысына әжесіне, содан кейін ата-анасына үй алып берген. 16 жасында-ақ отбасына қамқор болды. Ол әлі мектеп оқушысы. Чемпионат оның емтиханымен қатар келіп, турнирге оқу құралдарын ала келіпті. Қонақүйде сабақ оқып, емтиханын сәтті тапсырыпты. Елінің мақтанышы деп осы жігітті айт! Осы жаңалықты 10 жастағы балама оқып берсем, «Міне, жұрттың баласы! Қазақтың балалары қайда?» деп күліп әрі қызығып қалдық...
Ямал жеңісі туралы:
«Финалда ойнайтынымызға қуаныштымын. Бірақ ең маңыздысы әлі алда. Бүгін бізде қиын сәттер болды. Голды тез жіберіп аламыз деп ешкім күткен жоқ. Дәл жоғары бұрышқа ұмтылдым. Доп сол жерге ұшқанда қуаныштың толқынын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес еді. Не болып жатқаны туралы көп ойланбауға тырысамын. Тек өз ойынымнан ләззат алып, командаға көмектескім келеді. Мұнда барлық матчтарда жеңіске жету үшін келдім. Арман шындыққа айналады. Соңғы ысқырықтан кейін қандай бақыт екенін түсіндім. Финалда әрқашан үздіктерге қарсы ойнайсың».
КУМИРІ – МЕССИ
2007 жылы «Барселона» футболшылары Dario Sport қайырымдылық жобасына арналған фотосессияға қатысады. Футболшылар сәбилермен суретке түседі. Месси 5 айлық сәбиді қолына алады. Оның есімі Ламин Ямал Насрауи Эбана болатын. Ямалдың «Кумирім – Месси. Өмірімде басқа нәрсе ауысса да, кумирге құрметім төмендемейді» деуі бекер емес. Ямалдың футболда жұлдызы жануына осы сәт себеп болғандай. 4 жасында «Ла Торрета» футбол клубында оқи бастады. 7 жасында «Барселона» футбол академиясы «Ла Масияға» қабылданды. Онда жас футболшы тез өсті. Испандық ақпарат құралдары 12 жастағы Ямалды «жаңа Лионель Месси» деп атай бастады.
2022 жылы Ямал U-19 Барселона командасына қосылды. Бірақ ол кезде 14 жаста еді. Көп ұзамай клубтың бас жаттықтырушысы бас командамен жаттығуға қосты. Испания чемпионатында 2023 жылы 29 сәуірде Бетиске қарсы матчта дебют жасап, 83-минутта ауыстырды. Бұл ойында алғашқы рекордын орнатты. Каталония клубының тарихындағы Ла Лигада ойнаған ең жас футболшы болды. Тамызда алғаш рет Ла Лиганың Кадиске қарсы матчында топтың бастапқы құрамына кірді. Вильярреалға қарсы ойында гол соғып ерекшеленді. ХХІ ғасырдағы Ла Лигадағы ең жас көмекші автор атанды. (Ямал 16 жас, 45 күнде болған). Желтоқсан айында The Youngest сыйлығын ең жас ойыншы ретінде жеңіп алды. Мектепте сабақ болғасын рәсімге келмепті. Былтыр қыркүйек айында Еуропа чемпионатына іріктеу шеңберінде Грузияға қарсы матчта Испанияның негізгі құрамасында дебют жасады. Алаңда ерекше көзге түсіп, жанкүйерлердің көзайымына айналды. Ямал ойын, жаттығумен қатар, сабағынан да қалмайды. «Өзіммен бірге үй тапсырмасын алдым. Менде онлайн сабақтар болады», – деп жиі жазады. Мектеп пәндерінен қиынсынатыны – математика мен тарих.
ИСПАНИЯ ПАТШАСЫ РИЗА БОЛДЫ
Еуро-2024-те Испания итальяндықтарды 1:0 есебімен жеңді. Матчтан кейін Испания патшасы Филипп IV команданың киім ауыстыратын бөлмесіне кіреді. Ойыншыларды құттықтап, қол алысу кезінде Ямалдан қанша жаста екенін сұрайды. Жасын естіп, патша таңданып, басын шайқапты. Әлеуметтік желіден Ямалдың жасына байланысты мәселе болуы мүмкін екенін оқыдық. Егер жас футболшы кешкі сағат 23:00-ден кейін ойнаса, Испания айыппұл төлеуі мүмкін. Өйткені, Германияда заң бойынша 18 жасқа дейінгі адамдарға 20:00- ден кейін жұмыс істеуге рұқсат етілмейді. Санаулы спортшыларға рұқсат берілген. Ямал Францияға қарсы матчта 16 жас 362 күн толғанда гол соқты. Бұрын бұл рекорд Еуро-2004 матчында 18 жас 141 күнде гол соққан швейцариялық Йохан Фонлантенге тиесілі болатын. Сонымен қатар, Ямал әлем чемпионаттары мен Еуро тарихындағы ең жас гол авторларының тізіміндегі Пеленің рекордын басып озды. Пеле 1958 жылы 17 жас 239 күнде қарсылас қақпаға доп соққан екен.
Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА
«Ұлан» газеті, №29
16 шілде 2024 жыл
786 рет
көрсетілді0
пікір