Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 18 Шілде, 2024

Ұрпақтан ұрпаққа берілетін «мұра» ма?

Ата-бабамыздың, ата-әжеміздің өмірдің әртүрлі кезеңдерінде алған психологиялық жарақаты бізге де әсер ететіні туралы білесің бе? Көпшілік бұл факттен бейхабар болса керек. Өйткені, бұл туралы бізге тарих сабағында, биология сабағында айтылмайды. Тіпті жоғары оқу орнында да қозғала бермейтін тақырып. Өзің ізденбесең мұндай ақпаратқа ұшырасуың екіталай. Бүгінгі кейіпкеріміз бізге осы тақырыпты түсіндіріп берді.

Гүлназ Төленова – жиырма бес жаста. Астанадағы мектепте тарих пәнінен сабақ береді. Өзі Тараз қаласының тумасы. Тараздағы НЗМ-ды бітірген соң, Назарбаев университетінде тарих және халықаралық қатынастар мамандығы бойынша білім алған. Қазір зерттеуші. Трансгенерациялық жарақат, ұжымдық жарақат сияқты ұлтқа қатысы бар маңызды тақырыпты зерттеп жүр. Әлеуметтік желідегі Terek story жобасының авторы. Terek story – әңгімелер жинағы. Жай ғана емес, ата-әжесінің әңгімесі, атадан балаға жеткен ауызша тарих. Айтпақшы, сен де үлкендер, ата-әжең айтып берген оқиғаны баяндап беріп, отбасыңның тарихын сақтап қала аласың. 
Гүлназ жоғары оқу орнын бітірген соң дипломатия саласында жұмыс істеймін деген ойда болыпты. Ендеше, тарихтан сыр шертетін Terek story қалай пайда болды? Өзі былай әңгімелеп берді: «Үнемі тарих қосалқы мамандығым болады деп ойлайтынмын. Бакалавриат дәрежесін бітірген жылы қоғамдық денсаулық сақтау мамандығы бойынша магистратураға түстім. Инклюзия, аутизм, аутист балалары бар ата-аналар туралы зерттедім. 2023 жылы дипломдық жобаны қорғап жүргенде Terek story жобасын бастадық. Басы-қасында бірнеше адам болды. Әңгімелер жинап, сұқбат алып, подкаст түсірдік. Сол кезде тарихшы, антрополог мамандармен таныстым. Осы салаға кіре бастадым, жаныммен кіре бастадым, рахаттандым. Бірақ, миымда денсаулық сақтау саласында істеуім керек деген қарсылық болды. Сөйтіп ауруханаға жұмысқа кірдім. Шешім қабылдағанда, жаның бір тынышталмаса, дұрыс емес екенін сезесің ғой. Одан кейінгі процесс ауыр өтеді. Ұзақ тұрақтамай екі айдан кейін кетіп қалдым. Сосын мектепке шақырту алдым. «Терек стори» жобасы, тарихқа деген өз көзқарасым туралы айттым. Мектеп қуана-қуана кандидатурамды қабылдады».

– Отбасы тарихын айтып беруге әркім келісе бермейді. Кейіпкерлердің арасында жоба туралы естіп, өзі келгендер болды ма?

– Жобаның басында құрбым екеуміз негізгі жауапты адамдар болдық. Қазір құрбым жобада емес. Алайда жоба кеңесшісі ретінде онымен байланыстамын. Алғашында алпыстан тоқсан жасқа дейінгі кісілерден сұқбат аламыз деп шештік. Сұқбаттастық. Бірақ, ол кісілермен сұқбаттасу оңай бола бермейтін. Бірде интернеттің мәселесі. Енді бірде өз әңгімесіне сенімсіздікпен қарап,  айтудан бас тартады. Мен мұны бір ағамнан естігем деп, өзге бір кісіге жөн сілтейді. Ол ағасы басқа өңірде тұратын, сексен-тоқсанды алқымдаған қарт болып шығады. Одан кейін жоба критерийін өзгертіп, ата-әже әңгімесін білетін кез келген он сегіз жастан асқан азаматтардан сұқбат алатын болдық. Жобаның лозунгы: «Ата-әжемнің әңгімесі – менің тарихым». Анамның өзі қуана-қуана екі әңгіме жазып берді. Анама нағашы атасы анасынан естігенін айтып берген. Дегенмен, әлі де диктофонды қосқан сәтте қорқынышқа бой алдыратындар көп. «Ой, біз не айтады дейсің» деп бастайтындар болады. Өзінің айтар әңгімесін, тарихын маңызды санамайтындар көп. Кейбір отбасында диалог жоқ екенін байқадым. Мысалы, ата-анаңыз қалай танысты деп сұрасам, білмейді. Қанша жыл бірге тұрып, бір дастарқанда тамақ ішкенмен бір-бірімен әңгімелеспейді.

– Ашаршылық, репрессия-ны өткерген халықтың ұрпағының бойындағы трансгенера-циялық жарақат қандай болады? Мұндай жарақат адам бойында қалай көрінеді?

– Былтыр желтоқсанда ата-әжеден берілетін психологиялық жарақат деген тақырыпқа кіре бастадым. Батыстық, еврей, афроамерикалық ғалымдардың кітаптарын оқыдым. Геноцидті бастан кешкен, психологиялық жарақатқа ұшыраған халықтар ғой. Меніңше, біздің тарих та осы аталған халықтардың тарихынан кем емес. Өзім бірден ағылшын тіліндегі зерттеулерді оқып кеттім де, трансгенерациялық травма дегенді қопара бастадым. Парақшама да біраз ақпарат жаздым. Бұл – ұрпақтан-ұрпаққа берілетін травма. Ата-әжеден балаға немесе немере-шөбереге.

Бұл тек тарих емес, психология да зерттейтін тақырып. Мысалы, біздің ата-бабамыз осындай жарақат алса, ол біздің ДНҚ-дағы нәруыздардың қалыптасуына әсер етеді. Осылай бір буыннан екінші буынға өтеді. Мысалы, адамның белгілі бір өмір салтын ұстануы, мінезі, қатып қалған қағидалары, т.б. Тектанушы Әлия Сағымбаеваның айтуынша, ата-бабасынан жарақат өткен ұрпақтың кейбірі сондай үнем-шіл болады. Енді біреуі тамақ таусылып қалатындай әсерде жүреді. Тапқан табысы кетіп қалатындай болып тұрады. Ақшамен байланысына қатты әсер етеді. Кейбіреулер болса істей алатынын, қолынан не келетінін көрсете алмайды, табиға-тынан басылып қалған. Мен де осы пікірге келісемін. Қосарым, мұндай жарақат алған адамдар-дың ұрпақтары күйгелек, маза-сыз, ашулануға бейім болып тұрады. Тағы бір эмоциялық комплекс ұжымдық травма, яғни қоғам жарақаты. Мысалы, Covid-19 – ұжымдық травма. Бұл бір немесе бірнеше адам емес, бірнеше мемлекет басынан өткерген оқиға. Көп жағдайда ұжымдық травма трансгенерациялық травмаға айналып кетеді. Трансгенерациялық травмаға айналмауы өте сирек. Тек ерік-жігері мықты, тұрақты адам ғана психологиясына түскен ауыртпашылықпен күресіп жеңе алады. Сонда бұл ұрпағына өтпейді. 

Ешкім де эмоциялық комплексім ұрпағыма өтсін демейді. Психология – тым нәзік. Қалай тамақта-насың, қалай өмір сүресің, кіммен өмір сүріп жатырсың, кіммен сөйлесесің? Бәрі әсер етеді. «Терек сторида» отбасы тарихына, ата-әже әңгімесін шығаруға көп көңіл бөліп жүрмін. Соның өзінде трансге-нерациялық жарақат тақырыбы бірнеше рет қозғалды. Сұқбат барысында көпшілігінде репрессия, ашаршылық салда-рынан болған жарақат бар екенін байқаймын. «Терек сторида» бір атаның әңгімесі жарық көрді. Көкшетаудың тумасы. Кезінде Горбачевқа хат жазған. Невада-Семей қозғалысына үн қосып пікірін ашық білдірген. Атаның белсенділігін теледидардан көрсетіп, ол туралы газет беттеріне жазған. Ата ол кезде Алматыда, ата-анасы ауылда қалған. Сөйтсе ауылдағы анасы таң атпай жетіп келіпті. «Балам-ау, сен не істеп жүрсің? Бұл не әдет? Сен өзіңді ойла! Әйеліңді, бала-шағаңды, бізді ойла! Ертең сені алып кетеді, біз қаламыз» депті. Сол кезде ата «жарайды, мама» десе болар еді. Бірақ ол кісінің жауабы өзгеше болды. «Түсінемін, сіз репрессияны көрдіңіз, аштықты көрдіңіз. Одан кейін де заман тыныш болмады. Соғысты көрдіңіз. Мұның бәрі жарақат қалдырды. Бірақ мен өз кезегімде ішімдегіні айтпасам, тынышталмаймын» депті. Мұндай оқиғалар көп. Мысалы, отбасындағы зорлық-зомбылық тақырыбы. Мен сұқбаттасқан бір кісінің әжесі атасынан тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген. Кейіпкерім көзіне жас алып, айтып берді. Әңгімені жарыққа шығару бірнеше сатыдан тұрады ғой. Әңгімені қағазға түсірген соң, баяндаушыға бір көрсетіп аламыз. Міне, сол сатыда кейіп-керім зорлық-зомбылық туралы тұсын алып тастауды сұрады. Мүмкін, бұл да бір жарақаттың салдары болар. Травма болмаса, әңгімесін қалай бар солай шығарар еді.

Қарапайым халықтан жиналған, ауыздан-ауызға таралған оқиғалардың тарих үшін маңызы зор. Әсіресе, зерттеуде негізгі ақпарат болуы мүмкін. Гүлназ мұны да назардан тыс қалдырмапты. 26 әңгімеден тұратын жинақ шығарған. Жинақ шыққаннан кейін тағы 13 әңгіме жазылыпты. Айтуынша, жыл соңына дейін жиырмаға жуықтап қалады. Оларды да жинақ ретінде шығаратын ойы бар.

– Мұндай травмалардан қалай арылу керек? Ұрпақтан-ұрпаққа өту процесін тоқтатуға бола ма?

– Қандай кітап, зерттеу, ақпарат оқысам да соңғы шешім – ұжымдық терапиядан өту. Терапия – психологқа бару, қаралу. Өкінішке қарай, оған көпшіліктің ресурсы, қаражаты жете бермейді. Терапия апта-сына бір сағат, ары кетсе үш сағат болар. Терапиядан соң күнделікті қалыпқа өмірге ораласың. Бұл жерде қоршаған орта, айнала, қоғамның адекватты болуы маңызды. Ол үшін жаппай қоғамдық терапия қажет. Барлығына бір-бір психолог беріп қою мүмкін емес, әрине. Қоғамдық терапия өнер, мәдениет, кино, ән арқылы жүзеге асуы керек. Мысалы, кейінгі уақытта шығып жүрген деректі фильмдер. Мәселенің себебі мен салдары қандай, шешімі қандай болуы керек? Туындыдан, өнерден осындай сұрақтарға жауап алсақ жарақатты жазуға болады. Тағы бір емшісі – мейірім, мейірімді болу. Қазір психолог, коучтар алдымен өзіңді ойла дейді. Десе де, қоғамда өмір сүріп жатқаннан кейін қоғамды да ойлау керек. Мәселен, концлагерьде болған психолог Виктор Франкл. Ол өзінің жазбасында бір үзім нанды біреумен бөлісіп жегендердің, біреуге көмекке дайын тұрған-дардың аман қалғанын жазған. Ал «өзім, менде болсын, мен болайын» дегендер бірінші ажал құшқан екен. Мейірім – бар игіліктің кілті. 

– Бір сұқбатыңызда шежіре әке призмасынан ғана жазылатынына келіспей-тініңізді айтыпсыз. Бұл тың көзқарасты қос қолдап қолдайтындар қатары да бар. 

– Білетінім бір тоғыз болса, білмейтінім тоқсан тоғыз. Шежіреші емеспін. Бірақ, өз позициям бар, әкем жақ та, анам жақ та айтылуы керек. Тек әке жақтан жазылатын шежіре емес, генологиялық карта болу керек деп ойлаймын. Менің өмірге келуіме әкеммен қатар анам да қатысты ғой. Қаласақ та, қаламасақ та анадан келетін ген бар. Меніңше, шежіреге әйелдерді қоспау, оларды болмағандай ету дұрыс емес. Бұл ой алғаш маған осыдан он жыл бұрын келген. Әкем – үйінің кенжесі. Әкесі тоғыз жасында, анасы он екі жасында өмірден өткен. Аға-әпкелері бар. Олар өздері отбасын құрып, әкеме шежіре айтуға уақыты болмаған. Содан, осыдан шамамен он жыл бұрын Жамбыл облысының қыпшақтары бірігіп үлкен ас берді. Шежіре жаңартты. Сол кезде әкемнің шежіресін анамнан артық білетін адам болмаған шығар. Анамның еңбегі бір бөлек, тым бөлек болды. Бірақ... Шежірені қарасам, анам жоқ. Менің екі інім бар, мен жоқпын. «Неге? Әкемнің әйелі деп анамды жазып, оның кімнің қызы екенін жазуға болар еді. Біз бір нәрсені дұрыс істемедік пе? Артық істемесек, кем істеп жүрген жоқпыз!». Бұл – тарихшы, зерттеуші Гүлназдың емес, бала Гүлназдың ойы. 

Кейін ақпараттық порталда сұқбатым шыққан соң гештальт жабылды (күліп). Назарбаев университетінде осы шежіре туралы зерттеп жүрген, менікіндей болмаса да пікірі пікіріме жақын профессор бар. Сол кісінің айтуынша, қыздарды шежіреге қосқан бір-екі ру бар екен. Бірақ, тек ұл бала қалмаған, ұл дүниеге келмеген жағдайда. Шежіреге әйелді қосу – әділдік болар еді, бәлкім. Адам өзінің қайдан шыққанын білгісі келсе, тек әкесін зерттеу жеткіліксіз болады. Әке мен ана – қос қанат. Отбасы тарихын білу үшін отбасының қалай құрылғанын білу керек. Жер бетінде тек еркектер өмір сүріп жатқан жоқ қой!?

– Әңгімеңізге көп рақмет!

P.S Гүлназдың бізге айтып берген әңгімесі, ақпараты, тың көзқарасы мұнымен біткен жоқ. Әңгіменің басында айтып өткендей ол қазір мектепте мұғалім. 5–7-сынып оқушыларына тарихты қызық әрі ұғынықты түсіндірудің бірнеше тәсілін айтып берді. Газетіміздің алдағы санынан күтіңдер! 

Жазира БЕКБОЛАТОВА

«Ұлан» газеті, №28
09 шілде 2024 жыл

5729 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз