- Таным
- 18 Шілде, 2024
Тұрағұлдың тағдыры

Әкесі Абайдың жолын қуған, көзі тірісінде шығармашылықпен үздіксіз айналысқан, онан қалған рухани мұраны қастерлеп, алға апарысқан, ел ағасының орнын басқан тұлға – Турағұл Ибрагимов. Ол қазақ зиялылары ұлттық азаттықты аңсап, егеменді ел боламыз деп құрған «Алаш» партиясының мүшесі, кейінгі өмірі қуғын-сүргінмен өткен ауыр тағдыр иесі.
Абайтануда Турағұлдың туған жылы деректерде екі түрлі көрсетіледі. Қайым Мұхамедханов «Абайдың ақын шәкірттері» деген еңбегінде оның туған жылын 1875 жыл десе, Бейсенбай Байғалиев «Абай» энциклопедиясында – 1876 жыл деп жазған.
Ал өзі «Әкем Абай туралы» деген естелігінде: «Мен әкемнің отыз екі жасында, жастықтың алғашқы арыны басылып, жігіт ағасы болып қалған кезінде тудым» дейді. Олай болса 1877 жылы туған болады. Ал естелігінің екінші бір жерінде: «1899 жылы менің он төрт жасымда...» деп жазады. Қызы Мәкен: «Әкем 59 жасында қайтыс болды» дейді естелігінде. Сонда Турағұлдың туған жылы 1875 жыл болады.
Турағұл Абайдың сүйікті жары Әйгерімнен туған баласы. Абайдың немере інісі Әрхам Ысқақовтың айтуынша «Турағұл жас күнінде ескіше ауыл молдасынан оқып, арабша хат таныған, Мағауияның қасында болып, одан тәрбие алып, орысша тіл үйреніп, орыс кітаптарын оқып, ұғарлық білім алған». Кейіннен өздігінен ізденіп орысша, арабша оқып, білімін жетілдірген. Ол бала жасынан зерек, ұғымтал, зерделі болған.
«Әке балаға сыншы» дейді халық даналығы. Оның үстіне Абайдай сыншы, данышпан әке талантты, қабілетті, ақылды баласының мінезін тамыршыдай танып, оның адамгершілік қасиетіне әкелік көңілмен сүйініп, мақтан еткен. Өз естелігінде былай дейді: «1889 жылы менің он төрт жасымда үлкен шешемнен (Ділдәдан) Райхан деген апамды Найман Серікбай баласы Құдайбергенге ұзатып, үйдің іші бәрі жолаушылап кеткенде, әкем екеуіміз үйде қалдық. Мен сол жарты айдың шамасындай уақытта жазған өлеңдерін жаттап, айтқан сөзін жалықпай тыңдап отырсам керек. Менің соныма қуанып, риза болып, жолаушылар келгенде соларға мені: «Мынау адам болады екен, менің сөзімді ұғып, жалықпай тыңдады – деп мақтанатын».
Абай жалғыз өз өсиетіне қанағат қылмай, талапты жас шәкірттерінің сезім тәрбиесін толтырмақ болып, 1889 жылы музыка үйретпекші болған, сол мақсатпен Көкен еліндегі Мұқа деген скрипкашыны ауылына алдырған. Абайдың осындай тәрбиесінің арқасында бала жасынан өнерге бейім Турағұл домбыра, скрипка сияқты музыка аспаптарын еркін меңгерген, өз шешесі Әйгерімге тартқан әнші де болған.
Жас баласының бойында ақындық қуатын барын сезген әкесі: «Тураш, үш ауыз өлең жазып әкелші», – деп айтқанда келесі шумақтарды жазған екен.
Алладан мен қапа боп тілеген күн,
Жым-жырт болып салбырап кетеді түн.
Жұлдыздар жыпылықтап, ай сұп-сұр боп,
Бәрі де тыңдап қапты шығармай үн.
Мұнымды айтып едім сөзбен сындап,
Дүние жым-жырт болып тұрды тыңдап.
Жел күрсініп сөйлесе сусыл қағып,
Шөптер басын изейді шын-шын тыңдап.
Қалғандар желден сұрар сөзімді ұқпай,
Бұлт қасын түйеді жылай-сықтай.
Тік қарауға мені аяп шыдай алмай
Күн бұлтқа тығылды қайта шықпай.
Бұл әкесі Абай бастаған жаңа жазба әдебиеті үлгісінде жазылған жас ақынның қаламынан туған терең мағыналы өлеңі. Ақын табиғатты жанды бейне түрінде алып, оның түрлі көріністерімен мұңдасып, сырласады.
Жастық, махаббат тақырыбына жазған өлеңдерінен бізге сақталып жеткені екі үш-ақ өлең. Ағасы Әбдірахман Алматыда науқастанып жатқанда, 1895 жылы жазған екі өлеңі бар. Бірінші өлеңі:
Рахаты көңілімнің, Әбіш ағатай,
Аллаға мәлім шығар біздің де жай.
Күнде Алладан тілеймін жанын сұрап,
Бізді душар қылдың деп күнге осындай, –
деп басталатын хат түрінде жазылған тілек өлеңі.
Екіншісі, Әбіштен келген хаттарды оқыған кездегі көңіл күйін, жан тебіренісін суреттейтін өлең. Әбіштің хатын оқыған сәттегі әкесі Абайдың бейнесін Турағұл өлеңі көз алдына әкелгендей болады.
Бастапқы хатты көріп қалдық шошып,
Соңғы хаттан жақсылық тұрдық тосып,
Жүректің шошынғанын, лүп еткенін,
Қайта оңалған қызыққа кеттік қосып.
Өңге үн жоқ, тыңдап қаппын хаттың сөзін,
Хат оқыған ағамда екі көзім.
Хат біткен соң, ағамды абайласам,
Көз жасаурап, сұрланған көрдім жүзін.
Турағұл ойға да, ғылымға да жүйрік, ақылға бай азамат еді. Халқының алдында берері көп дара тұлға болып өсті. Жастайынан Абай соңында қалған мұраға, қасиетті сөзге ерте ие боп, сол сөздің құны түсіп кетпеуін, қасиетінен айырылмауын көп қадағалады. Қадір тұта білді. «Әкеңді білем» деген кісінің алдында өзін әманда кішік сезінді, кең төрінен орын ұсынды. «Әкең былай деп еді» деген сөзді дәптеріне теріп түсіре жүрді.
Жиырма тоғыз жасқа аяқ басқан шағында, ауыр қайғыға душар болады. 1904 жылы мамыр айында аяулы ағасы Мағауия отыз төрт жасында қайтыс болады. Мағауияның қырқынан кейін 23 маусымда Абай дүниеден өтеді. Әкесінің қырқын беру үшін ағасы Ақылбаймен бірге Турағұл Семейге барады. Абайдың қырқын берген күні Ақылбай 43 жасында кенеттен қайтыс болады.
Абай қайтыс болған соң немере інісі Кәкітаймен бірге әкесінің мұрасын жедел жинап, баспаға әзірлеуге кіріседі. Әлиханның ақылымен 1905 жылы Тұрағұл мен Кәкітай жинастырған Абайдың тұңғыш өлеңдер жинағы араға төрт жыл салып барып 1909 жылы Петорбордағы И.Бораганский баспасынан бастырып шығарады.
Турағұл ел басқару жұмысына да атсалысқан. 1904 жылы Кішік-Тобықты еліне болыс болып сайланып, 1905 жылы өз арызы бойынша болыстықтан босатылған. 1916 жылы болыс сайлауында Шыңғыс елінің болысы Біләл Құнанбаевқа кандидат болып сайланған.
Ақынның өскен ортасы бас араздық, күншілдік, бақталастық мінезден арылып болмаған заман еді. Заман туғызған қылық оны да сау қалдырмады. Абай, Мағауия, Ақылбайдың қазасынан кейін Ақшоқыда отырған Ділдәні Турағұл: «Менің шешемнен артық емессіз», – деп Аралтөбеге көшіреді. Әйгерім Ділдәні қозы көштен қарсы алып: «Сізді арқалап апарайын, қалған өмірімде Сізді күтіп өтемін» деген екен. Баласының бұл қылығына налыған Әйгерім оған: «Шыңғыстаудан саған ұлтарақтай да жер бұйырмас», – деген сөзін бізге естелік әңгімелерінде Кәкітайдың немересі Мінәш Әрхамқызы айтушы еді. Қазан төңкерісінен кейін 1917 жылы, желтоқсанда «Алаш партиясы құрылғанда, Турағұл Алаш партиясының Семей облыстық комитетінің басқарма мүшесі болған.
Ұлт тағдыры таразыға түскен осындай қысылтаяң уақытта ол Алаш қайраткерлерін білек сыбана қолдап шығады. Елдің игі жақсыларын майданға солдат беруге үндеп, үгіт-насихат жүргізеді. 1916 жылдың маусым айының соңында Семей уезіне қарасты Шыңғыс, Шаған, Мұқыр, Қызыладыр, Беген, Семейтау, Бұғылы тәрізді 7 болыс елдің ақсақалдары Семей қаласында жиын өткізіп, онда қазақтан соғыс майданына кісі жіберу жайы әңгіме болады. Міне, осы мәжіліске Тұрағұл Ибрагимов төрағалық етіп, хатшылық міндетін Сыдық Дүйсенбин орындайды. Мәжілістегілер тегіс патша жарлығына елдің қарсылығы жоқтығын жария етеді. Ол кезде Шыңғыс болысын Әлихан Бөкейханның досы Кәкітайдың баласы Біләл басқарса, ал оның кандидаты және халық соты болып Тұрағұл Ибрагимов қызмет атқарған еді.
Семей мұрағатында Алаштың атты әскери полкін құруға қатысқан ұйымдастырушылардың тізімі бар. Оның ішінде біз Турағұлдың да есімін кездестіреміз.
1919-1920 жылдары кеңес үкіметі алаштықтарға кешірім жариялаған соң, Міржақып Дулатов іспетті мемлекет қайраткерлері Турағұл Абайұлының ауылынан баспана тапты.
«1920 жылы Торғай қаласынан қашып, көшіп жөнелген Міржақып Дулатов бастаған Алаш азаматтарын паналатып, арнайы үш үй бөліп тіккізіп, сойысын, сауынын беріп бір қыс паналатып асырағанын ағам көп айтатын», – дейтін Мәкен Турағұлқызы. Бұл оқиға туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архивінде, № 78754 істің 4-ші томында М.Дулатовтың қолымен жазылған ұзақ мәлімдемесі бар, онда былай делінген: «Алашордашылар бөлігі (Есболов, Сейдалин, Бірімжанов, Тоқтабаев, Қадырбаев, Шонанов және мен) Торғай мен Атбасар уезінде біраз күн кешкен соң, қаңтар айында Семей уезіне ойыстық, қысты сонда өткіздік».
Торғайдан қашып барып Шыңғыстаудағы Турағұлды паналаған Міржақып Дулатов: «1920-шы жылдың қысы қандай аязды, қиын болса – Алаш азаматтарын паналатып, қамқор бола білген Турағұлдың жақсылығын біздерге өле-өлгенше ұмыту қиын» дейтін.
1922 жылы Семейде Әлихан Бөкейханов пен Міржақып Дулатов тұтқынға алынады. Сол саяси науқанда Турағұл да түрмеге жабылып, төрт айдай қамауда болады. Ақшоқыда жатып, жазумен шұғылданады. Аударма жұмысымен айналысады. Бірақ жала тағушылар Құнанбайдың ұрпағына елсіздікте де тыныштық бермейді. Ең аяғы аудармасының өзіне секем қарайды.Семей қаласындағы мұрағатта Алаш Ордаға қатысты, оның ішінде Турағұл Абайұлы туралы біршама құнды деректер бар. Оның үстінен жазылған арыз-шағымдардың ішінде «Кеңес өкіметіне жағымсып, ел арасындағы беделін көтеру үшін орыс тілінен кітаптар аударып, өкіметті өзіне қаратпақ болды», – деген сияқты азғындық күйде түскен жалаларды да кездестіруге болады.
Турағұл орысша да, қазақша да бірдей сауатты болған. Ол М.Горькийдің «Челкаш» әңгімесін тұңғыш рет қазақ тіліне аударып 1925 жылы «Таң» журналының №3,4 сандарында бастырған. Ол «Челкашты» сөзбе-сөз аударған және тілі ауыр орыс жазушысының ойын дәлме-дәл жеткізе білген.
Сөзбе-сөз аудармаға біржола көңілі ауған Турағұл А.Неверовтың «Я хочу жить» әңгімесін «Мен өмірге жерікпін» деп аударды. Бұл шығарманың ішкі рухы мен сыртқы бітім болмысын бірдей меңгеріп аударып, Неверовтың идеясын дәлме-дәл жеткізе білген. Аудармашы қолына алған әңгіме-повесті тәржімалау барысында бір ғана мақсат ұстанады, ол мақсаты – қазақ оқушысының ойынан, таным білігінен алшақ кетпеу, керісінше жалпыға бірдей ұғынықты көркем, кестелі тілмен сөйлетіп шығу. Оқушы көкейіне қона білген шығарма ғана кәдеге асады деген Абай ұстанған мақсатты пір тұтып, соны темірқазық жұлдызындай меже етіп, алға ұстап аударғаны анық байқалады. Турағұл тынысы А.Неверовтың келесі туындысы «Мария – большевичканы» аударғанда ашылады (Москва, 1927). Алдыңғы аудармаларда сөзбе-сөз кібіртіктеп отырған аудармашы «Ортақшыл Мария» шығармасында қазақы жатық тілге салып, еркін көсіледі. Төңкеріспен бірге келген шолақ белсенді қатынының бейнесін сайқымазақ еткен А.Неверовтың астарлы идеясын тап басқан ол туындының ішкі рухына да бойлай алған.
Турағұл «Балалы әйел не білу керек» (Москва, 1927) деген ғылыми-медициналық кітапшаны аударып, бастырып оқырмандарға ұсынған.
Келесі аудармалары «Антек» (Б.Прустан), Джек Лондонның «Баланың ерлігі» («Сказка об эскимосе Кише») 1927 жылы «Кеңес Одағындағы елдердің кіндік баспасынан» төрт мың данамен жарық көрген. Бұл аудармаларында да ол жолма-жол аударудан бойын аулақ ұстаған.
Джек Лондонның әйгілі «Сказка об эскимосе Кише» жастайынан ауыр тағдырға мойынсұнған, ортасы қандай суық болса – тіршілігі де сондай үскірік аяз, әйтсе де жүрегінің, жанының жылуын сақтай білген балдай тәтті балалық шақ туралы романтикалық әңгіме. Орыс тіліндегі нақышы реалистік суреттемеге келеді. Турағұл аударған шығарма төрт бөлімнен турады: «Киштің долданғаны», «Киштың сыры», «Киштың аңшылығы, «Киштың абұйыры». Аудармаға беташар сөз жазады. Онда ол: «Бұл кітапшаны оқушы алаштың баласы, жалпы қазақ баласына Эскимос деген елдің жайы мәлім емес шығар, қысқаша сезім бергенім артық болмас, деп мына төмендегі сөзді жаздым...Эскимос бұрынғы заманда аңшылықпен барып қалған сары тұқымнан таралған ел; бүгін сол Темірқазықтың астында – әмісе қыс болып, қар басып жатқан жерде. Үйі қардан болады, терезесі мұздан, дәулеті аңдардың еті, қайғысы қарны болып жүрген ел».
Бұл шығарманы бояуы бай тілмен, теңеу, метафораға жүгінген жіліктің майындай дәмді суреттемемен нақышына келтіріп аударған. Әкесі Абайдың аудармашылық үлгісі анық сезіледі. Сөйлем, абзацтың жалпы нобай нұсқасын сақтағанымен өзінше еркін, түп нұсқаға бас имей аударған. Қазақ тұрмысына, салт-тіршілігіне барынша жақын, эскимос баланың басынан кешкен оқиғалары бейне қазақ баласының басына көшіп келіп, соның тынысына, ұғымына, ойына үйлесімді, қазақ баласының оқиғасы сияқты елестейді. Турағұл – Шәкәрім бастаған проза үлгісіндегі аударма жанрын ары қарай дамытқан. Абай шәкірттерінің ішіндегі нағыз аудармашылық биікке көтерілген адам. Оның бұл жылдары жазған ең басты еңбегі «Әкем Абай туралы» естелігі. Абайтану мәселесінде Турағұлдың бұл еңбегінің тарихи маңызы зор. Бала жасынан әкесінің өз қолында тәрбиеленіп өсіп Абайдың бойындағы бар қасиетін, өзіне ғана тән мінезін, әдет-салтын, әр кездегі көңіл-күйін, сезім-сырын айнытпай танып, дұрыс ұға білген, ақын шығармаларының шығу тарихын, себебін, сөз қолдану тәсіліне дейін жақсы білген және әкесі туралы көрген-білгенін асырмай да жасырмай шындықтың шегінен шықпай жазған. Сондықтан бұл еңбегі ешқашан маңызын жоймайтын тарихи еңбек. Турағұлдың Абай туралы естеліктерінің қысқаша нұсқасы 1933, 1940 жылдары Абай шығармалар жинағында жарияланған. Сондай-ақ, 1927 жылы Қазақ АССР білім комиссариатына тапсырған толық қолжазба жинақтың ғылыми құндылығы аса жоғары дерек көздері болып табылады. Оның соңғы аталған еңбегі бүгінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік Орталық музейінде сақтаулы.
1927 жылы Турағұл қайтадан тұтқынға алынып, 1928 жылдың көктеміне дейін түрмеде жатады. Түрмеден шыққан соң меншік малы кәмпескеге жетпесе де, саяси сенімсіз адам, бай, феодалдың баласы есебінде қырғыз жаққа жаяу жер аударылады.
Қырғыздың Тоқмақ деген жеріне барған Турағұл түнгі күзетші болады. Бай баласы екенін біліп қойып, бұл жұмыстан де қуылады. Ақыры ол Шымкентке қоныс аударады.
Мәкен Турағұлқызының айтуынша, әкесі айдауда жүргенде Джек Лондонның «Мартин Иден» деген романын аударған екен. Өкініштісі, ол шығарма бізге жетпеген. Тіпті күнкөрістің қамымен Турағұл өз аудармаларын басқаның атымен де жариялап тұрған. «Мұхтар Әуезов әкем туралы әңгімелеген кезде, Турағұл орыс тілінен көптеген көркем шығармалар аударып, басқа кісілердің атымен шығып тұрды. Қаламақысын өзіне жіберіп тұрдық. Амандық болса бәрін де кейін айтып беремін дейтін. Бірақ тағдыр оны бізге жазбады. Мұқаң кенеттен қайтыс болып кетіп, ол сырдың шындығы ашылмай қалды», – дейтін Мәкен апа.
Турағұлдың үлкен баласы Ақыштың (Ақылия) естелігінде: «Мұқаң мен Тураш ағамның ақырғы кездесуі 1933 жылы болатын. Сол жолы Мұқаңның үйіне түскен. Алматыға келген соң Исаевқа (Ораз Исаев, Совнарком бастығы) арыз жазып: балаларым жоқ, өзіме жұмыс бермейді, рұқсат жоқ дейді. Аудармаларым басылмайды. Қалай күн көрем, не істеуім керек? десе Исаев: Әзір ештеңе дей алмаймын. Кейін көрерміз деп қайтарған» делінеді.
Өмірден өгей күй кешкен, тар заманнан тарыққан Турағұл 1934 жылы Шымкентте қайтыс болады.
Турағұлдың зираты жайында Мәкен Турағұлқызы: «Тураш ағам 1934 жылы 6 наурыз күні, 59 жасында қайтыс болды. Шымкент қаласының орталығындағы мұсылман зиратына жерленді. Кейін сол зираттың үстінен химзавод салыныпты. Завод салынар алдында Тураш ағаның сүйегін алатын жанашыр жақыны болмай, завод астында қалды. Ол кезде біз Шымкенттен ауысып басқа жаққа кеткен болатынбыз»,– дейтін.
Қазақ даласындағы ақыл-ойдың шамшырағы атанған Абайдың артында қалған ұрпақтары да осал емес. Олар әке ісін одан әрі жалғастырды, соның жолын ұстады. Ұлы ақынның ұрпақтарын таныту біздің ғұмырлық парызымыз.
Нұрсұлу САНАҚБЕКҚЫЗЫ, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығының экспозиция және көрме ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі

1278 рет
көрсетілді0
пікір