- Фотогалерея
- 18 Шілде, 2024
Орман өртімен десантышлар қалай күреседі?

Жаздың аптап ыстық күндерінде еліміздегі орман қорын өрттен сақтау аса маңызды. Осы орайда «Қазақ газеттері» редакциясының тілшісі орман өртімен күресте көпшілік біле бермейтін өрт сөндіруші авиа десантшыларының жұмысымен танысып қайтты.
Тікұшақпен десанттық даярлық және оқу-жаттығу жұмыстары Алматы облысындағы Сорбұлақ көлінің маңында өтті. «Қазавиорманқорғау» мекемесі ұшу өндірісі бөлімінің басшысы Якубжан Ибрагимов мекемедегі десантшылар тобының өрт жағдайында аса күрделі жұмыстарды орындайтындығын баяндады. Өйткені, биік таулы, тік беткейлі және құмды далалы ормандарда өрт оқиғасы тіркелсе, ол жерге бірінші жететін осы десантшылар екен. Сондықтан, тікұшақпен әр түрлі биіктен түсетін оқу-жаттығуының тәжірибелі маңызы ерекше екенін жеткізді.
Оқу-жаттығу аясында «Қазавиаорманқорғау» РМҚК Алматы, Жетісу және Жамбыл облыстарының авиациялық бөлімшесі базасындағы өрт сөндіруші-десантшыларын түсіру жүргізілді. Бұл бір жағынан «Қазавиақұтқару» қызметінің авиаторларымен бірлескен ұшу жұмыстары.
«Қазавиаорманқорғау» РМҚК Алматы авиа бөлімінің басшысы Бекзат Байшалов: «Жаз шыға сала өлкеде орман өрті өршиді. Ендеше «Қазавиорманқорғау» мекемесінің жұмысы да қызады деген сөз. Бүгінгі оқу-жаттығуына барлығы 15 өрт сөндіруші десантшы берілген тапсырмаларды жүйелі орындады. Сондай-ақ, Ми-8 АМТ әуе кемесіндегі ТЖМ авиаторлары су төгетін құрылғының көмегімен дала аймағында шартты өртті сөндіруді пысықтады. Авиаторлар Сорбұлақтан су жинап, жанып жатқан жерге дәлдікпен су төгу жұмыстарын нәтижелі орындады. Бұл екі мекеме арасындағы орман өртін сөндіру бойынша жүйелі жұмыстарды жалғасы».
Авиа өрт-сөндіру командасының нұсқаушысы Айбек Байбосынов: «Өрт сөндіруші әуе десантышларына әскери өмірден өткен, денсаулығы жақсы, Отансүйгіш, табиғатқа қамқор азаматтарды қабылдаймыз. Біз тікелей авиация көмегімен орман өртін сөндіру жұмыстарын орындайтын болғандықтан, ең қиын жерлердегі оқиғаларға тікұшақтан, құрылғыларымызбен түсеміз. Ары қарай бізге қажетті суларды авиа техникалар жеткізіп отырады. Ең қиын, таудағы орман өртімен күресті Жоңғар Алатауындағы Қабанбай тауында өткіздік. Мұнда бес күн бойы тік беткейлі алапат орман өртімен күрестік. Өйткені бұл тікелей тікұшақ және десантшы өрт-сөндірушілермен жасалатын жұмыс болатын», - деп өзінің жұмыс жағдайы туралы айтып өтті.
Жаттығу нәтижелері «Қазавиаорманқорғау» РМҚК өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін, сондай-ақ ТЖМ құтқару авиациясының «Қазавиақұтқару» ұшу және инженерлік-авиациялық құрамының оқу-жаттығу өткізуге тартылған өрт сөндіруші-десантшылармен бірлесіп тамаша дайындығын айғақтайды.
Оқу-жаттығу ұшуларын «Қазавиаорманқорғау» мекемесі директорының орынбасары Игорь Абуев бақылап, құтқарушылардың дайындығына жоғары баға берді.
Сондай-ақ, сала мамандары өрт қаусіпіздігін ескертеді.
Өрт қауіпті маусымда орманда тыйым салынады: Орман күзеті көрсетілмеген және арнайы жабдықталмаған жерлерде от жағуға; Бөтелкелерді, шыны сынықтарды және басқа қоқыстарды қалдыру; Темекіні, жанып жанып жатқан сіріңкені тастауға; Техникамен ұшқын өшіргішсіз орманға бару.
Досжан Балабекұлы,
«Қазақ газеттері» тілшісі
Суреттерді түсірген автор

18876 рет
көрсетілді0
пікір